ҚЫС ҚЫЗЫҚТАРЫ
Сырлы сурет
Күн де жаңа, жыл жаңа,
Көңілім күпті бір ғана.
Күміс көрпе бүркеніп,
Мүлгіп жатыр қыр, дала.
Маңайды ызғар жайлаған,
Ақ мамық тегіс айналам.
Қалды ма қарға тұншығып,
Жаздағы гүлдер жайнаған.
Жабырқап қалған жайымның,
Панасы көкте биік күн.
Тәкәппар басын қайыңның,
Салмағы қардың иіп тұр.
Аз емес қыстың әлегі,
Ақ жабу жапқан тасқа анау.
Қымтанған таудың етегін,
Желіккен жел ашқан-ау.
Дегенмен қысың ызбарлы,
Жентектеп қалың мұз-қарды,
Қырауға орап құздарды,
Саршұнақ аяз күшеніп,
Төгеді жерге ызғарды.
Т.Молдақұлов,
ақын
Төле би ауылы.
***
Қыс
Ақ көрпеге оранып дала жатыр.
Балалар сырғанақта салады асыр.
Уақытша берілетін қыс қызығын,
Көктем келіп сейілтер қара да тұр.
Қызықтап қал ғажабын осы сәттің.
Сықырлаған аяз да маған тәтті үн.
Дыбысты елемейді үлкен-кіші,
Шаттығына бөленген сырлы шақтың.
* * *
Табиғаттың талабына бағынып.
Жасыл шырша ақ көрпені жамылып.
Су боп сырғып, қатқан мұзы талдардың,
Тұрғандай көп күміс сырға тағынып.
Қар ашады саябақтың ажарын.
Осы өлкеге орнатқандай базарын.
Сұлулықты елемейін десем де,
Көзім тайып, түсе берді назарым.
Динара Батырхаирова.