ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫ ЗАҢ АЯСЫНДА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ
Жуырда Парламент Сенаты «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңды мақұлдағаны баршаға мәлім. Нақты айтқанда, 2022 жылдың 30 желтоқсанында аталмыш заңға ҚР Президентімен қол қойылды. Бұл жөнінде осы уақыт аралығында аудан тұрығындары да теледидар, өзге де ақпарат құралдары арқылы хабардар болды деп білеміз. Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни, қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттық жөнінде өтініш бере алады. Осы тұста тұрғындар арасында өтініш қай жерге, кімнің атына беріледі деген сұрақ туындайды.
Осыған орай, өткен аптада жаңа заңның талаптары мен өтініш беру тәртібі туралы жергілікті қауымға тыңғылықты түсіндіру мақсатында өңіріміздегі мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Серікбаев Алтайбек Есіркепұлы БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өтікізіп, журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді. Біз де аталмыш маңызды ақпаратты аудан жұртшылығы назарына ұсынып отырмыз.
-Алтайбек Есіркепұлы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңның негізгі мақсаты қандай және қандай негізгі бағыттар қарастырылған?
-Бұл заң азаматтардың борыштық жүктемесін азайтуды, әлеуметтік шиеленісті жеңілдетуді, қаржылық сауаттылықты арттырып, қарыз өтеуді ынталандыруды көздейді. Заңда рәсімдердің 3 түрі қарастылған. Олар: соттан тыс банкроттығы, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Барлық үш рәсімді тек борышкер ғана бастайды яғни, несие беруші немесе өзге кредитор (банктер, қаржы ұйымдары, т.с.с.) борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.
-Аталған рәсімдердің әрқайсысына жекелей тоқталып, түсіндіріп өтсеңіз.
-Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық. Бұл рәсім банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Бұл тұста өтініш беруші мына жәйттерді ескеруі қажет:
Біріншіден, банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдындағы берешек 5,5 млн теңгеден немесе 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болуы керек. Екіншіден, өтініш берген күнге дейін өтініш берушінің міндеттемелері соңғы он екі ай қатарынан өтелмеген болуы тиіс. Үшіншіден, өтініш берушінің атында мүлік,оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ болуы тиіс. Банкпен, микро қаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжаттың болуы. Банкроттық жеті жыл бойы қолданылмау қажет.
Сонымен қатар, Заң жобасымен 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар үшін және 5 жылдан астам уақыт қарызы өтелмеген азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған.
Рәсімнің екінші түрі – сот банкроттығы. Бұл рәсім сотпен қарастырылады. Өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
Бұл тұста азаматтар 1600 айлық есептік көрсеткіштен немесе 5,5 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша және басқа да берешек түрлері бойынша өтініш бере алады. Сот банкроттығының мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер, кепілдікке тұрғын үй қойылған болса, кредитор оны өз меншігіне алуға құқылы. Ал, баспана кепілдікке қойылмаған болса, кредитор мүлікті есептеуді талап ете алмайды. Сондай-ақ, кепілдікке қойылған баспананың құны берешек сомадан кем болса, қалған өтелмеген сома борышкер арқылы төленуге жатпайды.
Сот банкроттығы рәсімін қаржы басқарушылары, оның ішінде Заңды тұлғалар банкроттығы рәсіміндегі әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері, аудиторлар жүзеге асырады. Заңда, мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топқа жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.
Банкроттықты жүргізу мерзімі – 6 ай, ұзарту мүмкіндігі 6 ай.
Рәсімді қолдану барысындағы шектеулерге келер болсақ, мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасауға, рәсімді жүргізу кезеңінде шетелге шығуға тыйым салынады.
Үшінші рәсім – ол төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Бұл рәсім де сотпен қарастырылады. Өтініш борышкердің тұрғылықты жері бойынша сотқа беріледі.
Яғни, бұл рәсімде тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігі қарастырылған. Сауықтыру жоспары қаржы басқарушымен бірлесіп әзірленіп, сотпен бекітіледі. Бұл процедураның артықшылығы, өтініш берген азамат банкроттық мәртебесін алмайды. Теріс салдары жоқ. Атап айтқанда, қаржылық мониторинг жүргізілмейді, несие алуға, шетелге шығуға шектеу жоқ. Қарыздың бір бөлігін есептен шығару мүмкіндігі бар. Рәсімдегі сауықтыру шаралары – бұл мүліктің бір бөлігін сату, мүлікті жалға беру. Құны төмен тұрғын үйді сатып алу үшін тұрғын үйді сату, айырбастау және т.б.
-Банкроттық деп тану бойынша жасалған қадамдардың өтініш беруші үшін келешекте көлденең келетін қандай да бір салдары боладыма?
-Осы жәйтті азаматтар ерекше ескеруі қажет. Өйткені, банкроттық бойынша өтініш беріп, осы процедураға қатысқан азамат бес жылға дейін несие алу құқығынан айырылады және жеті жылдан кейін ғана банкроттыққа қайта жүгіну құқығына ие. Үш жыл қаржылық жағдайына бақылау жүргізілетін болады. Сондай-ақ, алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер есептен шығарылмайды.
-Сөз соңында аудан тұрғындарына жаңа бастама жөнінде айтар қандай ұсыныс немесе ескертулеріңіз бар?
– Жоғарыда аталған үш рәсімнің шарттарына сай келгенде ғана өтініш бере алатынын әр азамат ескеруі қажет.
Сол себептен, берешегі бар азаматтар әуелі заң талаптарымен мұқият танысып, өзінің көрсетілген шарттарға сәйкес келгенде ғана төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық деп тану жөнінде өтініш бере алатынын біле жүргені абзал.
Аудан тұрғындары арасында осы Заң аясында туындаған сұрақтар болған жағдайда, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасынан толық ақпарат алуға болатынын қосымша хабарлаймын.
-Маңызды әрі мазмұнды кеңес бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Д.БАТЫРХАИРОВА.