Ақпараттық портал

ЕСІЛ ӨМІР ҚАЛМАСЫН ЕСКЕРУСІЗ

Бауырым Абай жайлы не білесің?
Өмір – күрес, түсінсең сөз жүйесін.
Желтоқсан мен қаңтарды есіме алсам,
«Сорлы жүрек» ләж жоқ күрсінерсің.

Дүние қоңыз, мансапқа талтаңдаған.
Білімнің тереңдігі байқалмаған.
Әділ баға бере алмай шешімпаздық,
Қауһары жоқ қуыршақ сайтандаған.

Тірлігі болса қоғамның қашап көрген,
Дөкейлер құйтырқылық жасап келген.
Ақылдының айтқаны желге ұшар,
Ақымақ болса мәселені шешіп берген.

Шолтаңдап, шолақ билер түспей тақтан,
Шетелдің шекпеніне елін сатқан.
Қиналған халық мұңын елеместен,
Жат жұртқа қойнын ашып, малын шашқан.

Тәуелсіздік десе де бағым дағы,
Қосарланып қалмайды қайғым тағы.
«Әттеген-ай» демеске амалым жоқ,
Көзден жас, тілден сөздің ағылғаны.

Жоғарыға, дөкейге сүйенеді олар,
Жең ұшынан жалғасқан жүйе болар.
Қара бастың қамын ойлап жүретіндер,
Жақсы бір лауазымға ие болар.

Қулық, сұмдық, арамдық не жасырған,
Әділетсіз қоғамға ел ашынған.
Ағашқа өрмелеген маймылдың да,
Күндердің бір күнінде арты ашылған.

Жарамсыз қылықпенен қор етпегін,
Тірлігіңді жөн болар гүлдеткенің.
Есіл өмір қалмасын ескерусіз,
Бұл жалғанға кім келіп, кім кетпедің.

Зейін-зерде, ой-сана еңбек ету.
Арманың мұратыңа болса жету.
Хайуаннан артықшылық осы емес пе?
Мақсатыңды орындап, өрістету.

Заманыңыз оң болсын алдыңдағы,
Білім, ғылым, қуатын шағыңдағы.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалап,
Мәңгі болсын қазақтың жанған бағы.

Абайдан ой қозғадым, тірегім шын,
Қара сөзін еске алып жүремісің?
Адамзатқа нұсқаған адал жолы,
Ақыл-дария, бағдарың, сүйенішің.
Базарбай Асқартегі,
ақын.

Leave A Reply

Your email address will not be published.