ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕРГЕ ҚОЛ ЖҰМСАУ – ҚЫЛМЫС
Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қыз-келіншектердің құқығын қорғау, оларды кез келген зорлық-зомбылықтан арашалау, қажетті қолдау көрсету жұмыстары жүйелі түрде қолға алынған. Бұл бағытта құқық қорғау органдарына, оның ішінде тәртіп сақшыларына зор жауапкершілік жүктелген. Шу аудандық полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы мүдделі ұйымдармен бірге өткен жылы бірқатар жұмыстар атқарды.
Талдауға сәйкес, былтыр желтоқсан айының қорытындысымен Шу ауданы аумағында әйелдерге қатысты 500-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген. Олардың ішінде,тұрмыстық сипатта 5 дерек бар.
Сонымен қатар, отбасы тұрмыстық қарым-қатынастағы қылмыстардың саласында ықпал ететін себептер мен шарттарды анықтау мақсатында,біздің тараптан көптеген қызметтік тексерістер жүргізілді.
Өткен жылдың 12 айында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 107, 73-1-бабымен 103, 73-2-бабымен 5 құқық бұзушылық орын алған. Барлығына қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, істері сотқа жолданды.
Сонымен қатар, жыл бойы құқықбұзушыларға қатысты 167 қорғау нұсқамасы қойылса, 71 құқық бұзушыға сот шешімімен ерекше талаптар беріліп отыр. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын-алу жұмыстарын жандандыру мақсатында, қаңтар-қараша айларында облыс аумағында «Тұрмыс», «Құқықтық тәртіп», «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шаралар және «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Мен және менің полицейім», «Абайлаңдар балалар», «Таза қала», «Отбасындағы балалардың құқығы», «Отбасы күні», «Участок», «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акциялар ұйымдастырылды.
Жедел алдын алу іс-шараларының негізгі мақсаты – нәзік жан иелеріне қарсы жасалатын зорлық-зомбылық деректерін болдырмау екендігін атап өткен жөн. Бірлескен шараларға білім беру, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау органдарының, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялардың, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылып, мақсатты аудитория қамтылған.
Мәселен, Отбасы күні қарсаңында отбасы құндылығын нығайту мақсатында Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының кеңес беру кабинетінде «Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау» атты дөңгелек үстел өткізілді.
Сол секілді Қонаев орта мектебінің әкімшілігі ювеналды полиция тобымен бірлесіп, ауылдағы жайсыз отбасылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Шу АПБ ЖПҚб бастығы Дәурен Бекбаулов, Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы кеңес беру кабинетінің әлеуметтік психологтары Индира Тлеубаева мен Гүлбану Мұратбектің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Аталған психолог мамандар аудандағы №10 Шу колледжі студенттеріне аудандық орталық ауруханасының «Болашақ» жастар орталығының меңгерушісі Е.Оспановамен бірлесіп, «Ерте жүктіліктің алдын алу», «Қыздардың гигиенасы», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында әңгімелесу өткізді.
Халық алдында бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізудің көздеген мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылық туындаған жағдайда жәбірленушінің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған еліміздің заңнамаларымен қабылданған профилактикалық нысандар туралы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңның 20-бабында жаңадан енгізілген норма – «Қорғау нұсқамасы», тұрмыстық қылмыстың алдын алу, сондай-ақ жұртшылықтың полициямен сенімді қарым-қатынасын орнатуы туралы БАҚ-та, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізу болып табылады.
Атқарылған жұмыстармен тұрғындарды құлағдар ету және заңды түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатып келеміз. Атап айтқанда, халық көп шоғырланатын инстаграм әлеуметтік желісіне 65 жарияланым шықса, фейсбукке 2 пост жарияланды. Сондай-ақ, аудандық басылым беттерінде 3 материал жарық көрді.
Елімізде соңғы жылдары өмірдің қиын жағдайларына тап болған яғни, жұбайларынан жәбір көрген қыз-келіншектерге көмек көрсетуге арналған мекемелер артып келеді. Соның бірі болып біздің ауданда 2019 жылы Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Жамбыл облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығының кеңес беру кабинеті» ашылды. Бұл кабинет өмірлік қиын және дағдарыс жағдайларына түскендерге психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетеді. Биыл бұл мекеменің көмегіне 122 әйел жүгінген. Ал, 2021 жылы 142 әйел шағыммен келген.
Ауданымызда ағымдағы жылы қиын жағдайға тап болған екі азаматша арнайы дағдарыс орталығына жіберіліп, қажетті көмек көрсетілді.
Жыл басынан бері әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің сенім телефонына әр түрлі мәселелерімен өтініштер келіп түсуде. Көп жағдайда олардың оқиғалары ұқсас болып келеді. Олар негізінен заңды және азаматтық некедегі жұбайларынан, бұрынғы жұбайларынан немесе жақын адамдарынан, алаяқтардан зардап шеккен әйелдер.
Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінде тәулік бойы сенім телефоны жұмыс істейді. Кез келген зәбір көрген азаматша 2-21-02 телефон нөміріне хабарласып, өтініш қалдыруына құқығы бар. Құқық қорғау органдарына шағым түскен жағдайда «басқыншыларға» әкімшілік не болмаса қылмыстық жаза шаралары қолданылады.
Жансая Садық,
Шу аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ-нің
Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының
аға инспекторы,
полиция аға лейтенанты.