Туған ауылын түлеткен
Қазақ халқы қашанда қайырымдылықты құптап, қолы ашық жандарды құрметтеген. Сондықтан болар «Адамның жақсысы – жомарт» деген даналық сөз қалдырған. «Сұңқар жемін шашып жейді» деген теңеу де жомарт жандарға берілген дәл баға. Өздерін жақсы адамға теңегенмен, жақсылығы өз басынан артылмайтын адамдар көп. Алайда, барын бөлісіп, ауылына ауық-ауық қарайласып тұратын мәрт азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі – Нартай Базарбаев.
Нартай Тоқтарханұлы 1980 жылы Шу ауданы, Сауытбек ауылында дүниеге келген. Осы алақандай ауылдың ауасын жұтып, шаңына аунап өскен ол қазіргі таңда кәсіпкер. Ауылдастарының айтуынша, Алматы қаласында кәсібін дөңгелетіп отырған жан қайырымдылықтан қалыс қалған емес. Тіпті, кез келген шаруаға білек сыбанып, бірінші болып кірісетін әдеті бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Нартай Базарбаев ауылда салынған Алла үйіне аямай көмек берген. Аз қамтылған отбасыларға да, ауылдағы мектепке де қол ұшын созып отырады.
Жырақта жүрсе де, ұшқан ұясын, туған ауылын, түлеген мектебін ұмытпаған түлегіміз биыл ізінен ерген 10 шақты ауылдасына оқу құралдарын тарту етті. Онымен қоса, оқушылардың шара өткізулері үшін шатыр құрылысына қыруар қаржы жұмсады. Тіпті, мұсылмандық парызын өтеп, мүйізді ірі қараны зекет ретінде берді.
Үндемей жүріп, үлкен іс атқарып жүрген мектептің жомарт түлегінің бұл ісі өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сол себептен қолға қалам алып, басылым арқылы алғысымызды білдіргіміз келеді.
Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбайұлы өзінің бір қанатты сөзінде «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деген екен. Бұл сөздер біз мақтан тұтатын Нартай Базарбаевқа да тән.
Халқымызда «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген сөз бар. Қайырымдылық жасауда қапы қалмайтын түлегіміздің жолы ашық, ісі берекелі болсын!
Мадияр Қасымханұлы, Алға орта мектебінің
тәрбие ісі жөніндегі
орынбасары.