Ақтөбенің алғашқы тракторшысы
Қазіргі Балуан Шолақ ауылы 1989 жылға дейін Ақтөбе ауылы болып аталғанын аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Сол Ақтөбе ауылында туып-өскен, қатардағы колхозшы Мәменов Рахымқұл Әбікейұлының туғанына 100 жыл толып отыр. Ата жолын ардақтаған, ауылына қадірі асқан азамат хақында ой-толғағанды жөн көрдім.
Өйткені, оның балғын балалық шағы тарихымызда ақтаңдақ атанған отызыншы жылдардың бас кезінде адам айтса нанғысыз ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол ойын баласы болса да, алаңсыз ғұмыр кеше алмады.
Халық басына түскен тыныс-тіршіліктің қайғы-қасіретін бала жүрегі үлкендердің қас-қабағынан-ақ сезе білді. Әл-ауқаты жоғары, ат төбеліндей бай-манаптар болмаса, елдің көбі ішсе тамаққа, кисе киімге жарымады. Әсіресе, бір үзім нан қат болды. Көздері жәудіреген, жүректері талықсыған бала-шаға қауымы күннен-күнге жүдеп, аштықтың, аурудың қармағына ілініп жатты. Мұндай күнделікті күйзелісті бала Рахымқұл да бастан өткере жүріп, балалық шақтың бал дәмін сезіне қойған жоқ. Ел іші қиындыққа тап болса да, тұйықтан шығатын жол іздеп бақты. Ұзын құлақтан естулеріне қарағанда, жүруге жарайтын жандар жан сақтаудың қамымен бұрын-соңды табандары тимеген жат елдерге жан сауғалап жол тартып жатты. Сол нәубет жылдары туған жерін, туған елін қаншалықты қимаса да, қоштасуға мәжбүр болған Әбікейдің отбасы да сырттан сауға іздеп, көрші қырғыз еліне қоныс аударды.
Атап айтар жай, қырғыз елінде жағдай жаман емес көрінді. Халық ашаршылықтан аман-сау. Жұрттың көбі жерін жыртып, азды-көпті көкөніс, бақшаларын күтімдеуге бет бұрған екен.
Әбікейдің отбасы да сол топтың арасында жүріп, бөлінген жерден-ақ нәсіптерін еңбекпен таба білді. Үй іргесіндегі жерге картоп, жүгері, тағы басқа керек-жарақтарын өсіріп, үй қояндарын асырап, аштықтан аман қалды. Сол кездің өзінде-ақ Рахымқұл қабырғам қатаймады, бұғанам бекімеді деген емес. Әкесінің сенімді көмекшісі болып, ер жетті. Сол қоныстанған Қырғызстанның Кагонович ауданы, Жаныпахта ауылындағы бастауыш мектепке барып, әр ұлт өкілдері балаларымен бірге орысша 4 сыныпты бітіреді. Әбікейдің отбасы тұрмыстары біршама түзелгеннен кейін, 30-жылдардың аяғына таман Шудағы елге, Ақтөбе ауылына қайтып оралады. Бұл кезде Шу бойындағы ел-жұрттың да етек-жеңі бұрынғыға қарағанда кеңейіп, көңіл-күйлері жайлана бастағандай еді. Ат жалын тартып мінетін жасқа жеткен Рахымқұл аудан орталығында жаңадан құрылған Новотроицкое машина-трактор стансасында (МТС) тракторшылар даярлайтын курстың ашылғандығын естіп, содан білім алуды ұйғарып, оқуға қабылданды.
Жасыратыны жоқ, бұл кезде ауылдағылар трактордың не екендігін, тракторшының кім болатындығын жете түсіне білмеген. Бұған дейін ауылда ұжымшардың жері ат соқамен жыртылып, ат тырмамен тырмаланып, шабылған шөп те, орылған егін де қол күшімен жиналып, бастырылатын. Енді, осы шаруаның бәрін күш-қуаты мол, адамға ауыртпалық түсірмейтін техника түрі атқарады дегенге біреулер сенгенімен, біреулер күмәнмен қарады. Шындығын айтқанда, колхозшылар қауымы қол еңбектері жеңілдейді дегенді ойлап көрмесе керек.
1941 жылдың наурыз айының бас кезі болатын. Шағын Ақтөбе ауылына жеткен жаңалық тез тарады. Үлкендердің айтуына қарағанда ауыл азаматтары Рахымқұл Мәменов, Тілепберген Шатанов, Атамқұл Зәуірбеков, Өсербай Зәкіровтер КТЗ-маркалы тракторларды ауылға айдап келгенде көпшілік жер ананың жүрегін солқылдатқан, мұржасынан көк түтін будақтатқан бұл қандай керемет деп таңдай қағып, таңданған көрінеді. Бұл ретте Ақтөбе ауылының алғашқы тракторшыларына деген құрмет айрықша болса керек. Үлкен де, кіші де бұлардың күнделікті іс-әрекеттерін ерен ерлікке теңегендей көпке дейін ауыздарынан тастамай айтып жүреді. Айтса айтқандай-ақ, колхозшылардың қол еңбегі көп жеңілдеп, көп ауыртпалықты тракторшылар көтеріп кетеді. Нәтижесінде ұжымшардың еңбек өнімділігі артып, жергілікті жұрттың әл-ауқаты жақсара бастайды.
Арада көп уақыт өтпей кешегі Кеңес үкіметінің Батыс бөлігінде бұрынғы одаққа қарсы неміс-фашист басқыншылары тұтқиылдан шабуыл жасады. Осылайша, жаздың жайма-шуақ кезінде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Соғыс деген сұрапыл бейбіт еліміздің берекесін қашырды. 1942 жылдың басында алғашқы тракторшы Рахымқұл Мәменов те әскерге шақырылып, майданға жол тартты. Дерек көздеріне сенсек, қатардағы жауынгер Рахымқұл Әбікейұлы арнайы әскери жаттығулардан кейін Сталинград шайқасына тап болады.
Тарихтан білетініміздей, неміс басқыншыларының соғысты жазда бастап, қоңыр күзге дейін Мәскеу қаласын басып аламыз деген жоспары күлге ұшқан еді. Сол себептен, бұл уақыт Сталинградты басып аламыз деген мақсат жолындағы жан беріп, жан алысқан қиын-қыстау кезең болды. Осы шақта №29-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында 82 мм. минометчик болып жауынгерлік қызметін адал атқарған Рахымқұл да аянып қалған жоқ. 1943 жылы кезекті ұрыстың бірінде ауыр жарақат алып, әскери госпитальге түседі. Арада екі айдан аса емделеді. Қарулас жауынгерлердің біразы жарақаттарынан айығып, майдан даласына бет алады. Осындай мүмкіндікті күтіп жатқан Рахымқұл бір күні әскери дәрігеріне:
-Мені госпитальден қашан шағарасыз?-деп сұрайды.
-Қатардағы жауынгер, сіз асықпаңыз, сауыққаннан кейін өзіміз де ұстап тұрмаймыз…
-Әрине, сіздің айтқаныңыз дұрыс қой. Бірақ мен қашанғы жата беремін?
-Қатардағы жауынгер өтінішіңіз дұрыс. Бірақ бұл мәселені мен жалғыз шешпеймін. Госпитальден шығатыныңызды арнайы әскери медициналық комиссия ақылдаса келіп, шешетін болады…
Уақыт өте берді. Рахымқұлдың жарақаттан емделгеніне үш ай толды. Бір күні оны әскери медициналық комиссияның отырысына шақырды. Төрде отырған комиссия төрағасы тиісті құжаттарды алдын ала жіті қарап шыққан болуы керек, сараптама қорытындысын айтудан бұрын емделуші жауынгерге қадалып қарап қалғандай әсер берді. Содан соң:
-Жолдас Маменов, сіздің мамандығыңыз бар ма еді?
-Иә, мен тракторшымын. Бірақ оны неге сұрап отырсыз?
-Өте дұрыс сұрақ. Мен жауап берейін. Сіз үшін соғыс бүгіннен аяқталды. Ауылыңызға қайтып, тракторшы қызметіңізді атқара беріңіз. Әскерилерді азық-түлікпен қаматамасыз ету де үлкен міндет.
-Құрметті төраға, мен ойыңызды толық түсінбедім. Не де болса, ашып айтыңызшы…
-Бүгінгі әскери медициналық комиссия сіздің денсаулығыңызды жан-жақты тексеріп, бұдан былай әскерилер қатарында бола алмайтыныңыз туралы ұйғарым жасады.
Сұрапыл соғыстан аман-есен оралған Рахымқұл Әбікейұлы 1943 жылдан бастап туған ауылында тракторшылық жұмысын жалғастырды. Арада үш жыл өткеннен кейін көрші Ботаборым ауылындағы бойжеткен, 18 жасқа толған Қамар Кебісбайқызына үйленеді. Ерлі-зайыпты ауыл адамдары колхоз жұмысынан қол үзбей жүріп, өз ұрпақтарын дүниеге әкелді. Бүгінде туғанына 95 жыл толып отырған Қамар апамыз бес ұл мен бір қызды тәрбиелеп, өсірді. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Рахымқұл да әкесіне тартып қарапайымдылығымен, қайырымдылығымен және қамқоршылдығымен жұрт алғысына бөленді. Ол тракторшылдығын тындырымды атқарумен қатар, қолынан көп нәрсе келетін ұсталығы бар еді. Темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын да. Соның арқасында ауылдастарға үй-тұрмысына қажетті мүліктерді жасап беретін. Күн ұзақ колхоз жұмысында жүріп үйіне кеш қайтса да, көмек сұрап келгендердің көңілін қалдырған емес. Кейбіреулердей кісімсініп, кіжініп кеуде кергенді жаны сүймейтін. Қолдан келгенше кімге де болса көмегін көрсетіп, ашық-жарқын жүре білді.
Мамандығын мақтаныш етті. Атап айтқанда, Қуаныш Сыдықов, Сайлау Кішкенешалов, Қазнабек Ахметов, тағы басқа замандас інілерін механизаторлыққа тәрбиелегендігі өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ, соғыстан кейінгі жылдары Ақтөбе ұжымшары да ауданның іргелі шаруашылықтарының бірі ретінде өсіп-өркендеуге бет түзеді. Бұл тұста білгір басшылар да, майталман мамандар да іскерлік танытып, Ақтөбе ұжымшарын «миллионер» шаруашылыққа теңестіре білді. Ақтөбеліктердің ел дәулетіне қаншама тонналап астық, ет-сүт өнімдерін қосқандығы халық жадында, ел есінде десек, артық айтқандық емес. Осындай игіліктің басы-қасында «Ленин» орденімен марапатталған Оразымбет Құсайынов есімді басшының болғандығын кейінгі жастардың да үлгі тұтқаны ләзім.
Бүгінгі бас кейіпкеріміз Мәменов Рахымқұл Әбікейұлының денсаулығы соғыстан тапқан жарақаты мен тракторшылықтан көрген ауыртпалығынан сыр беріп, 1957 жылы яғни 34 жасында дүниеден озды. Жай кезде адам өмірі қамшының сабындай деп өкініш білдіретініміз бар. Орда бұзар шағында опат болған Рахымқұл атаның өмір жолы неліктен өте қысқа болды деген ой әлі күнге дейін кімді де болса мазалайды…
Құдайға шүкір, атамыздың ұрпақтары елмен бірге өсіп-өнді. Сол кісінің үлкен ұлы Юсупқұл Рахымқұлұлы туралы ауылдастары жақсы лебіз білдіруде. Әкесінің кәсібін жалғастырған Юсупқұл да ауылдағы орта мектепті бітіргеннен кейін табаны күректей қырық жыл бойы әртүрлі маркадағы тракторларды тізгіндеп, шаруашылықтың отымен кіріп, күлімен шықты. Ерен еңбегі ескеріліп, 1970 жылы В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толу құрметіне «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Мұның өзі Юсупқұлдың халыққа жасаған адал қызметінің жарқын көрінісі іспетті. Майталман механизатордың туылғанына биылғы жылы 75 жыл толатынын көпшілік елеп, ескерсе деген ниеттеміз.
Сонымен қатар, қара шаңырақтың Нүсіпбек, Сейсенбек есімді ұлдары да әкеге ұқсап темір тұлпарларды тізгіндеді. Олар да жылдың төрт мезгілінде тыным таппай шаруашылық жұмыстарының бел ортасында жүрді. Бір өкініштісі, үстіміздегі жылы 70 жасқа толатын Нүсіпбек Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтеп жүріп, тепсе темір үзетін 19 жасында қайғылы қазаға ұшырады. Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 16 қыркүйектегі Жарлығына сәйкес, марқұм Нүсіпбектің анасына сол кездегі 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір жолғы өтемақы төленді. Бұл да болса қатардағы жауынгердің адал қызметінің жарқын көрінісіндей.
Ал шаңырақтың кенжесі Сейсенбек техника тілін жетік білгендіктен, ауылдағы машина-трактор шеберханасының, автогараждың меңгерушісі бола жүріп, басшылардың алғысын ала білді. Осы әулеттің ортаншы ұлдары Ермекбай мен Жексенбай құрылысшы мамандығын игерді. Екеуі де мамандықтарына адалдық танытып, тер төкті. Қазақ политехникалық институтының түлегі Ермекбай мемлекеттік қызметке ауысып, Төле би ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін жиырма жылдай абыройлы атқарды. Сол мемлекеттік мекемеден зейнеткерлік құрметті демалысқа шықты. Елге сіңірген еңбегі үшін Ермекбай Рахымқұлұлына «Жамбыл облысының құрметті ардагері» атағы берілгеніне де үш жыл толды.
Арпа ішінде бір бидай саналған Орынкүл Рахымқұлқызы ұл-қыздары мен немерелерін тәрбиелеп отырған ардақты ана әрі асыл әже. Бүгінгі күні Тараз қаласында тұрып жатыр.
Шығыстың бір ойшылы: «Адам басына қонған бақтың тұрақты болуы жақсы мінезге байланысты. Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады» деген екен. Сол ғұлама айтқандай, қысқа әрі нұсқа ғұмыр кешкен Рахымқұл Әбікейұлының өн бойынан сабырлылықты, сезімталдықты, момындықты және мейірімділікті анық аңғардық. Ол кісінің осындай асыл қасиеттері ұрпақтарына жұғысты болғандығына көз жеткіздік. Сондықтан, тағы бір жолы ұрпақтар сабақтастығын ұлықтай отырып, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей, қадау-қадау оқиғаларды ел есіне түсірудің сәті түскендей…
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері.