Бірлік пен келісім – табыс кепілі
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессия жұмысына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясынан кейін елімізде түбегейлі өзгерістер орын алғанын, әсіресе саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланып, мемлекетттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасқанын атап өтті. Ауқымды өзгерістер барысында ҚХА-на баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөлге ие екендігін, реформалардың жұртшылық тарапынан кең қолдау табуына, мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне барлық этносты жұмылдыруға ықпал еткендігін де атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда жаңа жалпыұлттық бірегейлік қалыптасқандығын жеткізді. Оның пікірінше, біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы. Біздің паспортымыз этникалық шығу тегіне, діни ұстанымына, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, адамды Қазақстан Республикасының азаматына тиесілі құқықтармен және міндеттермен толық қамтамасыз етеді.
-Қазақстан паспорты – біздің бірлігіміз бен татулығымызға негіз болған прогрессивті құндылықтардың көрінісі. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуелсіздігіміз бен көпғасырлық мемлекеттілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорт жарыстарында және басқа да сондай шараларда жоғары көтерілген сайын біздің бойымызды елімізге деген мақтаныш сезімі кернейді. Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс,-деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі екендігін жеткізді. Оның сөзінше, азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев этносаяси мәселелерге терең зер салу қажеттігіне орай ұлттық бірегейлікті сақтау ісіне баса мән берді.
– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни, этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажет. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс.
Бұған немқұрайды қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және еліміздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық міндетінің орындалуы мүмкін емес екенін естен шығармаған жөн,-деді Мемлекет басшысы.
Сессия барысында Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының қызмет бағыттарын айқындады. Әсіресе, ол Мемлекет заң аясында этносаралық қарым-қатынас, тіл және әлеуметтік мәселелерге қатысты барлық арандатушылық әрекеттің жолын кесіп, мұндай жағдайда ұлтаралық қақтығыстардың күшею себебін анықтау мақсатында тиісті шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Бұдан бөлек, саяси мәдени ортаны қалыптастырып, барлық азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеруін дамыту үшін жүйелі қадамдар қажеттігін де назардан тыс қалдырмады.
Бинали ТАГИРОВ,
«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы.
Қазақстан халқы Ассамблеясы парламент өкілдерінің жаңа құрылымын иеленді. Бұл толықтай алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз екінші сессиясының ашылуында Мемлекет басшысы мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде бұл институттың мемлекетіміздің саяси жүйесінің аса маңызды бөлігі екенін атады. Халық бірлігі турасында сөз қозғағанда: «Біздің қоғам – ортақ идеалдар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы. Бұл – жалпыұлттық бірегейлігіміздің тағы бір жарқын көрінісі. Сондықтан бүгінде азаматтарымыздың барлығы өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ отбасының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді. Біз бәріміз – бір отбасымыз. Бұл – артық айтқандық емес. Бұл – біздің шынайы болмысымыз»-деген болатын.
Президент әр қазақстандық халық бірлігін нығайтуға күш салу керектігін айтты. Осы ұстаным арқылы азаматтарда сенім қалыптасады. Осы құндылықтарды мойындап, сыйлағанның нәтижесінде Қазақстан халқы бейбітшілікте күн кешіп келеді.
-Әр қазақстандық өз болашағын Қазақстанмен тікелей байланыстыруы қажет. Солай жасау арқылы ғана мемлекеттің тұтастығын сақтауға мүмкіндік аламыз. Ешбір азамат өзінің ұлтына, тіліне, дініне қарай шеттетілмеу керек. Қоғамда мұндай жәйттерге жол берілмейді. Біз үшін Қазақстан – ортақ үйіміз,-деді.
Президент елімізде түрлі мәдениет дәстүрлері, жалпыұлттық бірегейліктің берік іргетасы болып қаланатын өзімізге тән айрықша өмір сүру салты қалыптасқанын да назардан тыс қалдырмады.
Сол себептен, бүгінгі айтылған жаңашылдықтар заман талабы деп түсінген жөн. Әсіресе, жастар қауымы үшін мұндай заманауи жаңа қадамдардың пайдасы зор деп білемін.