Тұрғындар өз таңдауын жасады
Өткен аптаның соңында Шу қаласы мен Жаңақоғам ауылдық округінің әкімдерінің сайлауы өткізілді. Жексенбі күні таңғы 8.00-ден бастап ашылған сайлау учаскелері кешкі 20.00-ге дейін дауыс берушілерді күтті. Ел тағдырына бей-жай қарамайтын қалалықтар мен көктөбеліктер қолдары қалт еткенде таңдауларын жасап жатты.
Аталмыш сайлауда Шу қаласындағы науқан ауқымды болғаны рас. Себебі шаһардағы 14 сайлау учаскесі таң атқаннан күн еңкейгенге дейін қызмет көрсетті. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша сайлау күні Шу қаласында тіркелген 26920 сайлаушының 5463-і өз таңдауын жасаған. Солардың ішінде 3500-ден аса азамат қала әкімі болуға Елдос Нұралиевты лайық көрген.
Сандар сөйлегендей қалалықтардың сайлаудағы белсенділігі бәсең болып отыр. Десе де бұл күнге жауапкершілікпен келгендер де болды. Солардың бірі – Мұратбековтар жанұясы. Әбдібай ата мен Шәмшәгүл апай немерелерімен бірге №457 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген. Жетпістің желкенін керген қария сауда саласынан зейнетке шықса, отанасы білім ошағында қызмет істеп, құрметті демалысқа қол жеткізген. Сонымен қатар, апамыз 10 баланы дүниеге әкелген батыр ана.
-Барлығымыз қала тұрғыны ретінде ел тағдырына немқұрайдылық танытпауымыз керек. Бүгін біз осында ата-әже, немере болып дауыс беруге келдік. Болашақ жастардікі болғандықтан да ұрпағымызға жайлы өмір қалыптастыруымыз қажет. Соның бірі қала әкімінің сайлауы дер едім. Себебі шаһардың дамуы ең алдымен келешек жастарға керек,-деді Ш.Мұратбекова.
Осы күнгі көктөбелік ағайынның белсенділігіне бәрекелді деуге болады. Себебі осы ауылдағы №443 сайлау учаскесінің табалдырығын 800-ден аса тұрғын аттап, бюллетеньге белгі қалдырған. Бұл – округте тіркелген 1703 сайлаушының тең жартысы. Жерлестерінің таңдауымен Марат Майшекеев басым дауыспен жеңіске жетіп, қарсыластарынан едәуір алшақтықпен алға шыққан.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының айтуынша, сайлау барысы заңнамаға сәйкес өткізілді. Құқық бұзу деректері тіркелмеген. Сондай-ақ үй-жайдан тыс дауыс беруге мүмкіндігі жоқ азаматтарға жәшіктер жеткізілген. Жарамсыз және бәріне қарсымын белгісі қойылған бюллетеньдер де болған.
Атқа мінген әкімдер антына адал, берген уәделеріне берік болсын деген тілекті басылым атынан білдіргіміз келеді. Әлеумет таңдаған әкімдер алғыс арқалай берсін!
Б.Емберді