ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРҒА ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТЫҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Ағымдағы аптада облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Zhambyl Economic and Investment Forum – 2023» халықаралық инвестициялық форумы басталған болатын. Ауқымды шара өңірдің қолайлы инвестициялық имиджін одан әрі ілгерілету, инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен инвестициялық ынтымақтастықты тереңдете түсу, облыс экономикасы үшін өте маңызды инвестициялар тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, экономикалық өсуді ынталандыруға мүмкіндік беру мақсаттарына негізделгенін айта кеткен жөн. Екі күнге жалғасқан халықаралық форум барысында облысымыздың инвестициялық мүмкіндіктерін инвесторларға кеңінен таныстыра отырып, ауыл шаруашылығы бағыты, жаңартылған энергия көздері, туризм, жер қойнауын тиімді пайдалану салалары бойынша инвесторлар тарту үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді.
900-ге жуық қонақ шақырылған шара өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, туризм және цифрландыру секілді төрт бағытты қамтыды. Сондай-ақ, форум аясында бірқатар кәсіпорындар іске қосылып, пленарлық отырыс пен «Қазақстанның үздік тауарлары» көрмесі және өзге де бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Жамбыл облысы әкімдігі мен ірі шетелдік компаниялары арасында маңызды келісімге қол қойылып, отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасында бірқатар стратегиялық келісімдер мен меморандумдар жасалды.
Аталған «ZHEIF-2023» халықаралық экономикалық және инвестициялық форумы ең алдымен Шу ауданынан бастау алды. Форум қонақтары аудандағы «Тараз Химиялық Паркі» арнайы экономикалық аймағында бас қосып, мұндағы инвестициялық жобаларды дамыту бойынша кеңес өткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтың төрағалығымен өткен жиында экономикалық аймаққа тіркелген жобалардың аяқ алысы туралы айтылып, аймаққа қызығушылық білдірген шетелдік инвесторларға мұндағы инфрақұрылым барысы таныстырылды.
– Бүгін біз «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағына, химиялық паркін одан әрі дамыту, жаңа қатысушыларды тартуды талқылау үшін жиналып отырмыз. Кеңеске «Тараз Химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының басшылығы, аймақ қатысушылары, басқа облыстардан келген инвестициялық форум қонақтары, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. Экономикалық аймақ заманауи жоғары өнімді, бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, қызмет көрсетудің сапалы жаңа деңгейін қалыптастыру, инвестициялар тарту, экономика салалары мен өңірлерге жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында құрылған.
Қазіргі кезде бұл аймақ дайын инфрақұрылымы бар өнеркәсіптік алаң болып табылады. Онда қатысушыларға салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған. Біздің АЭА-ға деген қызығушылық оның қолайлы географиялық орналасуына, қоңыржай климатына және көлік-логистикалық әлеуетіне байланысты екенін айта кету керек. Қазір мұнда жалпы құны 249,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыратын 5 қатысушы тіркелді. Онда 2000 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Жобалардың ішінде геосинтетикалық мембраналар, натрий цианиді және ферросилиций өндіру жобасын атап өткен жөн. Біз АЭА аумағында өз жобасын іске асыруды жоспарлап отырған кез келген инвесторларға жәрдемдесуге дайынбыз.
Қазіргі уақытта АЭА аумағында қуаттылығы 600 МВт ЖЭС салу және АЭА-ның басқа қатысушыларына төмендетілген құны бойынша энергия беру міндеттемесін алған «Тас Маркет» ЖШС жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл АЭА-ның инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді деп санаймын.
Бүгін біз жылдам қарқынмен дамып келе жатқан заманауи шындықтар мен геосаяси дауыл контекстінде арнайы экономикалық аймақтарды дамыту перспективаларын талқылауды жоспарлап отырмыз, – деді Нұржан Сәбитұлы.
Сонымен бірге, «Тараз Химиялық паркі» АЭА басқарма төрағасы Қайрат Мұқамбетқалиев алдағы уақытта жүзеге асатын бірқатар жобаларды атап, оларға экономикалық аймақ тарапынан көрсетілетін жеңілдіктерге тоқталды. Келесі кезекте «QazIndastry» АҚ бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Арстанбек Сағиев баяндама жасап, кәсіп ашуға ниетті инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің жай-жапсарын түсіндірді. Бұдан кейін форум қонақтары мен Венгрия және Пәкістан елдерінен келген инвесторлар экономикалық аймақты аралап, ондағы инфрақұрылыммен танысты. Сондай-ақ, бұрнағы жылдары өз жұмысын бастаған «ХИМ-плюс» ЖШС-нің өндірістік аймағында болып, серіктестік шығаратын гербицид және глифосат өнімдерін көзбен көрді. ТМД елдерінің ауылшаруашылығы саласында үлкен сұранысқа ие бұл өнімдер нарыққа шыға бастағанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Екі өнім де егіншілікке жарамды жерлерді арамшөптен арылтудағы тиімділігі мен экологиялық залалсыздығына байланысты ірі агроқұрылымдардың тарапынан үлкен қолдауға ие болған. Әзірге гербицид пен глифосат «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында шығарылатын бренд болып отыр. Айта кету керек, дәл осындай өнім Павлодар облысы мен Степногорск қаласында ғана шығарылады екен. Серіктестік арамшөптерді жоюға арналған «Фараон голд» гербицидін сұйық түрінде, ал «Фухуа Глифосат 757» гербицидін түйіршік түрінде шығарады. Түйіршік түріндегі дайын өнім әсіресе Қытай елінде үлкен сұранысқа ие екенін де айта кету керек.
Ең бастысы, еліміз жаңа химия кәсіпорнының өнімі арқасында импортқа деген тәуелділіктен құтылып, химиялық өнімдерді алуға жұмсалатын қыруар қаржыны үнемдеуге және отандық өнімді экспортқа шығару арқылы қыруар табыс табу мүмкіндігіне ие болуда. Серіктестік басшылары өнімнің сапасына көп мән беріліп жатқандығын тілге тиек етті. Демек, ауданымыздан шығатын химиялық өнім көп ұзамай-ақ өзінің тұрақты тұтынушыларын табатыны даусыз. Сондай-ақ, дайын өнімді тасымалдау жұмыстары да қиындық туғыза қоймайды. Өйткені, «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағының Шу өңірінде орналасуының өзі алдын ала ойластырылып, жан-жақты зерттелген мәселе. 505 гектар аумақты алып жатқан экономикалық аймақ «Тараз-Шу» бағытындағы темір жол мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік дәлізіне шығатын «Меркі-Бурылбайтал» автодаңғылынан 5,8 шақырым ғана жерде орналасқан.
Экономикалық аймақта алдағы жылдары жүзеге асатын жобалар өз жұмысын бастағанда мыңдаған адамға тұрақты жұмыс орны ашылатыны белгілі. Оған қоса, химиялық парктің шығарған өнімдері негізінде өңіріміздегі көптеген шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмысы жаңаша қарқын алатыны да сөзсіз. Айта кету керек, Шу ауданы аумағындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағы сияқты мегажобаның жүзеге асырылуы жергілікті жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, инфрақұрылымын, халықтың әл-ауқат деңгейін біршама өзгертіп, айтарлықтай оң өзгерістердің орын алуына әсер етеді. Сондай-ақ, экономикалық аймақтағы барлық кәсіпорын толық қуатында іске кіріскенде өңірімізбен қатар тұтас республиканың экономикалық өсімге қол жеткізуіне үлкен серпін беретіндігі даусыз.
Е.Қартайған