Мерекелік сыйлық ұсынды
Кез келген мерекеге орай сыйлық жасау – өркениетті қоғамның игі әрі маңызды дәстүрі екені сөзсіз. Әрине, ең алдымен сыйлықтың көлемдісі емес шынайы көңілмен берілгені абзал.
Таяуда ауданымыздағы өнер мектебінің қызметкерлері осы мектептен тыс білім беру мекемесі директорының міндетін атқарушы Айжан Ақжолованың басшылығымен мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығына барып, қызмет алушыларға Қазақстан халқының бірлігі күніне орай шағын кәделерін ұсынып қайтқан болатын.
-Көктемнің керемет мерекесінде біз ерекше балаларды естен шығармай, өз тарапымыздан сыйлық жасауға шешім қабылдадық. Біз сіздерді 1 мамыр мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Баршаңызға мейірімділік бен махаббат, жақындардың жан жылуы мен жанашыр жандардың көп болуын тілейміз. Әрдайым қамқор, жан дүниесі жақсылық пен мейірімділікке толы ортадан табылыңыздар. Ең бастысы, армандай біліңіздер! Шын ниетке шекара болмайды. Армандар орындалады. Өмірлеріңіз шаттыққа, қуанышты сәттерге толы болсын!-деді Айжан Аманқызы өзінің лебізінде.
Аудандық Өнер мектебінің қызметкерлері аталмыш орталықтағы балалармен ұдайы байланыс орнатқан. Олар қызмет алушы балаларға сабақ өткізіп, сурет салуға баулып, қызмет алушылардың қоғамға сіңісіп кетуіне тер төгіп жүр. Бұл жайында біз басылым бетінде бірнеше рет жарықтандырғанбыз. Өз кезегінде мүгедек балаларды бейімдеу және оңалту орталығының директоры Ақмарал Салмарбекова меймандарына мерекеге орай қуаныш сыйлағандары үшін ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, мұндай істердің ерекше балалар үшін айлап емделуді қажет ететін шараларды алмастыратынын атап өтті.