Ақпараттық портал

Мұқалмас жігер иесі

Ұлы Отан соғысындағы жеңіс мыңдаған қарапайым сарбаздар мен олардың мұқалмас жігерлерімен жақындағаны ақиқат. Себебі олар Отан үшін және елдің ертеңі үшін басын бәйгеге тігіп, ерлік көрсетті. Осы майданға барған әрбір ата-әжелеріміз бейбітшілікті орнатуға барын салды. Сондай батыл жерлестеріміздің қатарында – Әбдімәжит Тәшкентбаев бар. Әбдімәжит Ташкентбаев 1923 жылы 14 қаңтарда Мойынқұм ауданындағы бұрынғы Карл Маркс ұжымшарында дүниеге келген. Замандастары секілді жастық шағы зұлмат соғыспен қатар келген ол майданға аттанып, сондағы 674-ші атқыштар полкінің 150-ші атқыштар дивизиясында байланыс офицері болған. Ал оның взвод командирі Халық қаһарманы әйгілі Рақымжан Қошқарбаев болады.
Әбдімәжит Ташкентбаевтың ерліктері мен батыл қадамдары туралы Ұлы Отан соғысының батыры, 674-атқыштар полкінің 150-Идрицкая дивизиясының взвод командирі Рақымжан Қошқарбаевтың «Жеңіс туы» кітабындағы деректерден білуге болады.
Аталған кітапты Р.Қошқарбаев Әбдімәжит Ташкентбаевтың тапсырма орындаудағы тиянақтылығы мен тапқырлығына таң қалады. Ол 150-ші двизияда байланысшы болып жүріп бірде полк штабына шұғыл пакет жеткізуді міндетіне алады. Мұның алдында Берлин қаласының орталығын зерттей отырып, оның назары Гитлер отырған Рейхстагқа түсе бергенін куәгерлер анық аңғарған. Оның үстіне күні кеше байланысшылар Гитлерді тірідей қолға түсіру туралы ақпарат алмасқаны бар. Дивизияның жедел штабының бөлім басшысы подполковник Офштейн қатқыл үнмен аталған пакетті шұғыл түрде 674-мотоатқыштар полкына жеткізуге бұйрық берген. Рейхстагқа жоспарланған шабуыл сызбасы бар бұл пакетті Офштейн кіші лейтенант Ташкентбаевқа тапсырып тұрып, маңыздылығын ескертіп, жоғалтып алмауды айтқан болатын.
Басшысынан бұйрық алған біздің кейіпкер бұған дейін картадан Берлиннің ұңғыл-шұңғылына дейін жаттап, көшелердің орналасуын көріп алған еді. Дивизия штабы көпқабатты үйлердің бірінде кескілескен ұрыс жүргізіліп жатқан маңда орналасқан. Ал осы аймақта қарсыластың қай нүктеде отырғанын тап басу қиындық тудыратын. Тамырдай тарамдалған көшелерде тапсырмасын діттеген жеріне жеткізген Ташкентбаев Плеходанов басқаратын полкқа тура барған.
Әскери қимылдағы әбжілдігімен дивизия басшылығының көңілінен шыққан Әбдімәжит атамыз майдан даласына 1945 жылғы қаңтар айында офицерлік оқуды аяқтаған соң келген. Небары 4 айдың ішінде көзге түскен оның штаб бастығы полковник Дьячков пен жедел бөлім бастығы Офштейнмен алғашқы танысуы Р.Қошқарбаевтың жадында жақсы сақталған.
Сапты көзімен сүзіп шыққан Дьячковтың көзі сымдай тартылған, бидай өңді, арықша келген бойшаң офицерге түседі.
-Жолдас кіші лейтенант, аты-жөніңіз кім, қайдан келдіңіз,-деп сұрайды ол.
-Кіші сержант Әбдімәжит Ташкентбаев, Қаз ССР, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, К.Маркс атындағы ұжымшарданмын.
-Е, Карл Маркс атындағы ұжымшардан Маркстың Отанына, фашизмнің отын өшіруге келген екенсін ғой, -дейді Офштейн миығынан күліп.
-Дәл солай.
Сол күннен бастап Әбдімәжит дивизия штабының байланыс офицері болып бекітіледі. Төрт айдың төңірегінде ол оқ пен оттың ортасында, түтін жұтып, түн жамылып талай тапсырмаларды тиянақты орындайды. Әлгі маңызды делінген пакетті де ол кедергілерден, үйлердің арасынан, отқа оранған көліктер мен танкілерден өтіп, бұқпантайлап, бөгде жандардың көзіне түспей, 674-полктың штабына тапсыру керек-тін. Құлағының түбінен оқ шуылдап, бірде оңынан, бірде солынан снаряд сынықтары ұшып, батырымыз Шпрее өзені бойында орын тепкен биік ақ үйге дейін аман жетуге амалдайды. Себебі онда Плеходановтың командалық пункті болуы мүмкін еді. Сол бағытқа ұмтыла бергенде қарсы беттегі көппәтерлі үйден жаудың оғы жауа бастайды. Дереу жер бауырлаған байланысшы бірер сәттең соң жақын жердегі қақпаға қарай ығысады. Бұл орын да батыл жігітке қауіпсіз болатын. Өйткені кез келген уақытта фашистердің гранатасы немесе фауспатроны даритыны анық. Бір кезде ол оң жақтағы жоғары тұстағы терезеден қараңдаған бейнені көріп, қаруын солай қарай кезейді. Дереу атыс басталып, байланыс офицері көшенің басқа басына қарай жылысады. Осы сәтте оның қарсы бетінен қара киімдегі үш адам жүгіріп келе жатқан. Әбдімәжит тоқтамастан оларға оқ боратып, ақ үйге қарай асығады. Бағыт алған үйіне бірер қадам қалғанда оның арқасын тоқ соққандай болады. Ташкентбаев ішінен «Ақыры тиген екен-ау» деп пайымдайды.
Ол жарақатына қарамастан алға жылжуын жалғастыра береді. Сөйтіп жүріп ақ үй алдындағы бұрышты паналайды. Азырақ демін алған соң артына бажайлап қараған кіші лейтенант соңынан қарумен ілесіп келе жатқан қос фашисті шалады. Дереулетіп автоматпен атып, екеуін жер жастандырады. Тек осыдан кейін ғана ол сол аяғындағы жарақатты сезінеді. Соған қарамастан жүгіруін жалғастырған жауынгер штабқа әрең дегенде жетеді. Ағаш қақпаны аша бергені сол еді алдынан сарбаз шығады.
-Сарбаз, сен қай полктансың ?
-Плеходанов полкынанмын. Жарақатым бар. Менің дереу полк командирімен ұшырасуым керек. Маған көмектес,- дейді Әбдімәжит.
Бейтаныс сарбаз полк штабы орналасқан бөлмені анық білгендіктен, подполковник Плеходановты табу оңай болатын. Жауынгер жаралы сарбаздың жарақатын көріп, жәрдем ұсынады. Алайда оған байланысшы батыр үзілді-кесілді қарсылық танытып, штабқа жеткізуді сұрайды.
Ташкентбаев оң иығын аты белгісіз сарбазға сүйеп, онымен жертөлеге түседі. Онда штаб бастығының міндетін атқарып жүрген майор Жаворонокты көріп, «Сізге дивизия штабынан шұғыл пакет бар» деп баяндайды. Оны осында жеткізген сарбаз да «Жолдас майор ол жаралы» дейді. Осы сәтте басқа есіктен Плеходановтың өзі кіріп, топқа аяғын асығыс басып жетеді. Ол штабтық офицер-байланысшыны жақсы танитұғын.
-Лейтенант, сен жарақаттанған екенсің.
-Дәл солай, жолдас подполковник!
-Шұғыл түрде жәрдем көрсетіңдер! –деп бұйырып ол жеткізілген пакетті майор қолынан алып бөлмеден шығып кетеді.
«Санитар! Санитарлар қайда?» -деп майор Жаворонок жоғары қарай жүгіріп, аз уақыттан соң санитармен бірге оралады. Осы сәтте жарақаты таңылған Әдбімәжитке Плеходанов таяу келіп:
-Жарайсың, Лейтенант! – деді қуанған дауыспен. Кейін ол майорға бұрылып, «Лейтенантты госпиталға жеткізіңдер. Дивизия штабына полк командирі оны «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынатындығын айтыңыздар» деді.
-Жолдас подполковник, менің жарақатым аса ауыр емес. Осында қалуға рұқсат етіңіз, -дейді тапсырма орындаған Ташкентбаев.
-Жоқ болмайды. Жарақаттың аты жарақат, –деп Плеходанов жауап қайырып, есіктен шығып кетеді. Ал, Әбдімәжит полк штабымен бірге елшілік ғимаратында қалады. Таң ата дивизия штабынан тағы бір байланысшы Григорий Гартун келеді. Дивизия штабының бастығы лейтенанттың жарақат алғанын біліп, оны көмекке жіберген көрінеді.
1945 жылғы 29 сәуірде «Гиммлер үйіне» шабуыл басталғанда Ташкентбаев қаруластарына көмек бере алмай қалады. Бірақ ол елшіліктегі бір терезені ыңғайлап, фашисттердің шабуылына тойтарыс берудің амалын тапқан. Кеңес әскері аталған үйдің әр қабаты мен әр бөлмесі үшін аяусыз ұрыс жүргізіп жатқанда біздің кейіпкер Гортунның көмегімен майдандастарына қосылады. Оны қарсы беттен көрген Рақымжан Қошқарбаев жерлесін жазбай таниды. Сонда Әбдімәжит «Құрғыр аяқ жүруге жарамай тұр» деп тілін тістеп қалады. Кейін ол көшені бағып, автоматын солай қарай бағыттайды. Себебі сол тұстан бірнеше немістің бейнесі ағараңдайды. Түн қараңғылығын тиімді пайдаланған кеңестік әскер немістердің тынбастан атқан оғына қарамастан Мольткен көпіріне дейін жетеді. Одан әрі жаудан азат етілген көшелермен «Гиммлер үйіне» тіке тартқан. Бұл жағдай біздің жауынгерлерге жеңілдік туғызған. Алайда, аса жауапты әрі ауыр ұрыстар болғаны анық.
Ұлы Отан соғысының тарихында «Гиммлер үйі» 1945 жылы 30 сәуірдің алакеуімінде гитлершілерден толықтай тазартылды деген сөздер алтын әріппен жазылды. Соғыстың соңғы нүктесін қоюда қаһармандық танытқан Ә.Ташкентбаев «Қызыл жұлдыз» орденімен және «1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
1993 жылға дейін Шу ауданында өмір сүрген ардагердің атында Шу қаласында және Мойынқұм ауылында көше бар. Ұрпағы үшін ерлік көрсеткен батыр аталар біздің мақтанышымыз.
Дайындаған Адель Искаков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.