Халықтар достығы – ел бірлігінің кепілі
А.С.Макаренко атындағы орта мектеп жанындағы интернатта өнер мектебінің қолданбалы сәндік өнері және бейнелеу өнері үйірмелерінің жетекшілері Асел Кадырова мен Жұлдыз Назымхан 1 мамыр күніне орай «Халықтар достығы – ел бірлігінің кепілі» тақырыбында көрме ұйымдастырды.
Көрменің мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт өкілдерінің бір–біріне деген сый–құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау. Қазақстан халқын достық пен ынтымақтастықта өмір сүруге тәрбиелеу. «Ер татулығы – ел татулығы» демекші, Қазақстан Республикасы әлемде татулығы мен ұлтаралық бірлігі жарасқан ел ретінде танылған.
Шара барысында 6–7–8 сынып оқушылары көрмені тамашалады. Көрмеге «Бәйтерек», «Жеті қазына», «1 Мамыр – Бірлік күні», «Қазақстанның көрнекті жері», «Жүйрік ат», «Балалар әлем көзімен» атты т.б. шығармашылық жұмыстар қойылды.
Оқушыларға көрменің мақсаты, әр шығармашылық жұмыстың техникасы, акрил, гуашь, майлы бояулар, былғары (кожа), фетр мата, моншақ, тоқыма жіптен жасалу жолдары түсіндірілді.