Қаһармандарға құрмет түгесілмейді
Биыл 1941-1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 78 жыл толып отыр. Жеңісті жақындатуда біздің елдің қосқан үлесі зор. Себебі сол кездегі ерлермен бірге үрімдей қыздар да қан майданға аттанып, қиян-кескі ұрыстардың бел ортасынан табылған.
Өкінішке қарай, жыл сайын майдан көрген ардагерлердің қатары сиреп келеді. Соңғы мәлімет бойынша қазіргі таңда еліміз бойынша 220 шақты ҰОС ардагері бар екен. Оның ішінде облыста соғыстың соңғы 15 солдаты бар. Ал ауданымызда мұндай ардагерлер мүлдем жоқ.
9 мамырдың таңында еліміз бойынша Жеңіс күніне арналған құрмет шаралары өткізілді. Солардың қатарында Шу ауданы да бар. Ерлікті ұлықтауға, ерлерді еске алуға бағытталған шараның алғашқысы Шу қаласындағы Т.Рысқұлов алаңындағы «Ешкім де ұмытылмайды» монументіне гүл дестелерін қоюдан бастау алды. Мұнда аудандық және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары, құқық қорғау орган қызметкерлері, мекеме басшыларымен бірге аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов монументке гүл шоқтарын қойып, боздақтар мен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мұнан кейінгі осы сипаттағы рәсімдер Кеңес Одағының батыры С.Шәкіровке арналған ескерткіш алдында өтті. Онда Бақытжан Оразалыұлы батырдың ұрпақтары Алмашай Сәдуқызы және Думан Сәдуұлымен бірге гүл шоқтарын қойып, ерен ерлігіне құрмет көрсетті. Дәл осындай шара «Жеңіс» саябағындағы тағы бір Кеңес Одағының батыры С.Естемесовтің еңселі ескерткіші алдында ұйымдастырылды. Мұнда да аудан басшысы бастаған топ кезекпен гүл шоқтарын қойып, соғыс даласында қаза тапқан қаһарманды үнсіз еске алды.
78 жылдыққа арналған шара аудан орталығындағы «Белгісіз жауынгер» ескерткіші алдында қорытындыланды. Аталған ескерткішке Бақытжан Оразалыұлы төлебилік тұрғындармен бірге гүл шоқтарын қойып, ардагер ата-әжелердің қайсарлығына құрмет білдірді.
Мұнан соң аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары зұлмат соғыс заманын сахналап, жиналған қауымға сазды бағдарламаларын ұсынды.
Байжан ЖЕЛДЕН.