Кітап – құнды қазына
Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсіреповтің: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деуі осыдан. Сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.
Ұлы ойшыл Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деп кітаптың құдіретін мойындады, бүгінгі жедел ақпараттар тасқынының тасасында қалып бара жатқан «Кітап әлемі» қайта жандандыру, кітап оқу мәселесі бүкіл ұлтты толғандыруы тиіс. Ұлттың рухани сауаттылығы кітап оқуға тікелей байланысты. Танымдық шаралар оқырманның ой өрісін кеңейтуге септігін тигізері сөзсіз.
«Білсем, ізденсем…» деген адамға кітапхана құшағын кең ашады. Рухани байлық кітап оқу арқылы молаяды. Сондықтан біз жас ұрпақты кітап оқуға баулуды түрлі шаралар арқылы жүзеге асыруды мақсат етеміз. Сол мақсатта №3 қалалық кітапхана қызметкерлері кітапты насихаттап, оқырман мен кітап арасын байланыстыру үшін акция ұйымдастырып, парақшалар таратты.
Қ.Байсейтова,
№3 Шу қалалық кітапхана меңгерушісі.