Жылқы ұрлап, бостандығынан айырылды
Шу аудандық сотымен бөтеннің малын аса iрi мөлшерде жасырын жымқыру (ҚР ҚК 188-1 б. 4-б. 2-т.) бойынша айыпталған У. қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотпен не анықталды: 2021 жылдың желтоқсан айында Т.Рысқұлов ауданының тұрғыны, сотталушы У. сыбайласы Ж. бірге бөтеннің малын – 25 бас жылқыны жасырын жымқырып, жәбірленуші Р. жалпы сомасы 12.500.000 теңгеден аса материалдық залал келтірген. 26.12.2022 жылғы сот үкімімен оның сыбайласы Ж. 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Тараптардың позициясы: прокурор – сотталушы У.-ды – 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жәбірленуші – сотталушы У.-ды заң жүзінде соттауды сұрады.
Сотталушы У. кінәсін мойындамады.
Дәлелдемелер бойынша: кінә іс бойынша жиналған дәлелдермен, яғни сотталушының, жәбірленушінің, куәлердің айғақтары мен заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот шешімі: У. жасаған әрекеттері ауыр қылмыстарға жатады және оларды жасағаны үшін мүлкi тәркiленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сотпен жаза тағайындау кезінде қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде жақсы мінездемесі, бұрын сотты болмағандығы танылды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескере отырып, У. 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Шу аудандық сотының баспасөз қызметі.