Сезімді селт еткізген Сәт ақын
Елімізде халықтың рухани мұратына қызмет еткен ұлы тұлғалар аз емес. Соның ішінде, поэзия әлемінде еркін қалықтап, қоғамның барлық болмысын мыңдаған жүректерге жырмен жеткізетін ақындар да баршылық. Қазақ даласы қай кезеңде де ақынға кенде болған жоқ. Ал, даласы шуақты Шу өңірі де өзі тал бесігінде тербеткен түлектеріне бақыт сыйлаған құтты мекен. Осындай қасиетті мекенде туып-өсіп, поэзия әлемінде қалам тербеп жүрген жерлес ақындарымыздың бірі – Сәт Мәлібеков ағамыз.
Ол 1953 жылы 19 мамырда Калинин колхозында дүниеге келген. Ауыл мектебінен орта білім алып, мұнан кейін 1975-80 жылдары Абай атындағы педагогикалық институтынан жоғары білім меңгерді. Алғашқы еңбек жолын ауылда колхозшы болып бастап, кейін бірнеше жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарады. Ал, 2010-2018 жылдар аралығында өзі туып-өскен Ақсу ауылдық округіне қарасты Оразалы батыр ауылындағы ауыл мектебінде оқушыларды айтыс өнеріне бейімдейді.
Осылайша, өмірін жас буынның білімі мен өнегелі тәрбиесіне арнаған Сәт Мәлібеков жуырда мерейлі 70 жасқа толды. Осыған орай, сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде «Тамызда тамған тамшылар», «Жусанды дала жырлайды», «Дала төсіндегі ән» атты кітаптардың авторы, нағыз талант иесі, жерлесіміз Сәт Мәлібеков ағамыздың мерейлі белесінің құрметіне «Сезімді селт еткізген Сәт ақын» атты кездесу кеші өтті.
Аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен бұл шараның мақсаты – туған өлкеден шыққан ақын-сазгерлеріміздің шығармашылығын көпшілікке кеңінен насихаттау.
Мерейлі кешке аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев, облыстық «Ақ жол» газетінің аға тілшісі, облыс әкімінің «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, ақын Есет Досалы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шу ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист А.Қосақов, жергілікті ақын Т.Молдақұлов және өңірдегі колледж студенттері мен бірқатар мектептердің оқушылары, Сәт ағаның бауырлары қатысты.
Шара шымылдығын ашқан жүргізушілер мерей жас иесін сахна төріне шақырып, ашық деп жарияланған кеш Қазақ биімен басталды. Мұнан кейін көпшілікке Сәт Мәлібековтың өмір жолы мен шығармашылығы таныстырылды.
Салтанатты сәтте аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаев құттықтау сөз сөйлеп, мерей жас иесіне ізгі тілегін жеткізіп, сый-сыяпат ретінде арқасына шапан жапты. Сондай-ақ, өзінің шәкірті Әділет Медетқұл ақынға арнау жырын оқып, шағын сыйлығын табыс етті.
Мұнан кейін сұрақ-жауапқа кезек беріліп, бірқатар оқушылар ақынға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды. Сонымен қатар, туған жердің көркеюі мен келісті келбетінің ақын ағамыздың жырларына арқау болғаны да назардан тыс қалмай, оқушылар қауымы сахна төрінде ақынның «Шуым – төрі қазақтың», «Отан», «Жұмағым – Шуым», «Алыстан сонау көрінген таудан мұң артып», «Өзіме өзім патшамын өз жерімде», «Даламда қалам, мен кетпей», «Өмірге», «Сағындым әке мен сені» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Ал, Батырхан Нұрболат, Аман Асылжан сынды жас таланттар әннен шашу шашты.
Шара барысында мерей жас иесін құттықтап келген Есет Досалы, А.Қосақов, Ақсу ауылдық округінің әкімі А.Айтбай ақынға деген жылы лебіздерін білдірді.
-Қасиетті Шу жері айтулы азаматтарға кенде емес. Есімі жарты әлемге мәлім Әбдімомын Желдібаев ағамыз да атақ-даңқ қуып, Астанаға немесе өзге өңірге кетіп қалған жоқ, өздеріңіздің араларыңызда жүр. Бір ғана Ақсу ауылынан бірнеше айтыскер ақындар түлеп ұшуда. Бертін келе Медетқұл Әділет, Әзиза Аманбай, Альбина Зульбахар есімді жас таланттар өнерін шыңдады. Сәт ағамыздың да ақындығы бір бөлек, айтыста бала баптаудағы өнері өз алдына бір бөлек дүние. Сондықтан өзім Сәт ағайды құрметтеп, басымды иемін. Бұл кісі осыдан отыз жыл бұрын да керемет ақын болғанымен, өзінің ұяңдығымен ешқандай атақ қууға ден қоймады. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болуға лайықты жан болса да, өзінің алға жүгірмейтіндігінен, парасаттылығынан бұл сыбағаны еншілеуге талпынбады. Алайда, біз одаққа мүше болмаса да, Сәт ағаны ақын деп білеміз. Оның жас ұрпақтың санасына сіңірген еңбегі ерекше. Өзінің төрт авторлық кітабына облысымыздың ең мықты қаймақтары іспетті Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан, Көсемәлі Сәттібайұлы сынды төрт айтулы азаматтары алғысөз жазған. Мұндай жағдай кез келген адамның басына бұйыра бермейді. Демек, Сәт ағамыз мойындалған ақын деген сөз,-деген Есет Досалы ақын ағамызға ізгі тілегін жеткізді.
Өзге де азаматтардың ақ тілегімен өрілген мерейлі кеш аудандық кітапхана ұжымы хормен орындаған «Жыр әнім – Шу» әнімен аяқталды.
Айтулы кештен әсерлі тарқаған көпшілік қауым шара соңында аудандық мәдениет үйінің дәлізінде орналасқан кітап көрмесін тамашалап, мұндағы Сәт Мәлібеков ағамыздың да бірнеше кітаптарымен танысты.