Ақпараттық портал

Туған жеріне ту тіккен

Әдебиет дегеніміз – ғажайып сөз өнері болса, поэзия – оның нәзік те аяулы саласы. Әлемдік деңгейде бағалайтын болсақ, әрине, поэзия ешкімнің қолы жетпес биік шың. Кім-кім болса да бұл құндылыққа аса талғаммен қарауы қажет. Алайда, хакім Абайдың: «Өлеңге әркімнің де бар таласы, сонда да солардың бар таңдамасы…» дегенін ұмытпаған дұрыс.
Мойындауымыз керек, соңғы кезде бізде қолына қалам ұстаған кісілерге Жазушылар одағына мүше болғандар немесе мүшесі еместер деген ұғыммен қарай бастадық. Бірақ, Одақ мүшелерінің ішінде де ешкімге таныс еместері көп екенін, ондай билеті жоқтардың ішінде де талантын танытып, қаламына адал болып жүргендер бар екенін естен шығармаған жөн-ау.
Одақ мүшелігінде жоқ, бірақ ақындығын облыс аумағы тегіс мойындаған ақынның бірі – Сәт Мәлібекұлы. Сәкең өзін «Мәлібектің Сәті» деп те көрсетіп жүр. Айтпағымыз ақынның айтарында, ел-жұртына өлең арқылы бөлісіп жүрген сырында. Ақындыққа ертерек мойын бұрса да, ауылынан қоныс аударып кетпеген азаматтығы тағы бар. «Ауыл деген – ауыспайтын астана» деп Нарша ақын айтқандай, Ақсуын еш қалаға ауыстырған жоқ. Туған жердің төсінде тіршілігін жасап жатыр. Ақын ол туралы:
Өзіме өзім патшамын өз жерімде,
Астамдық бар сондықтан сөздерімде.
Намысыма от берген өзің едің,
Сүйеу болып, сүрінген кездерімде.
Табыламын қырымнан, кел дедің бе,
Отқа түскен бір ақын пендемін бе.
Мен қайтемін байлықты сырттан іздеп,
Маған қонар бақ анау белдеріңде,-дейді. Өлең бе, өлең! «Өзіме өзім патшамын өз жерімде» дейді Сәт ақын. Бұл күнде туған жерін бұлай жақсы көретін адамдар азайып барады. Сәкең болса үлкен ақындық қабілетімен туған жеріне ту тікті. «Маған қонар бақ мынау белдеріңде» деп Ақсуына сонша арқа сүйейді. Қызығарлық, үлгі аларлық қасиет!
Сәкең туған ауылын ардақтап қана қоймай, туған жерінің танымал адамдарын құрметтеуге шебер. Шудан шығып жарты әлем мойындаған әйгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдімомын Желдібаевқа:
Талантын таудан биік бағалаған,
Інісімін пір тұтып ағалаған.
Жүр демеңдер көліксіз, мұзда таймас,
Желдібаев Әбекең тағалы адам.
Етек емес, ей, достым, төрге қара,
Тұрған жоқ па қасқайып өрде дара.
Көктөбемен басталған Кербұлақтан,
Жолы жатыр өзіндік жерде сара,-дейді ақын.
Сәт ақынның өлеңдегі деңгейін талдап, бағасын беретін біз емеспіз. Осы кезге дейін төрт жыр жинағы шығып, Әлдихан Қалдыбаев, Несіпбек Дәутайұлы, Елен Әлімжан секілді танымал тұлғалар алғысөз жазып, қолдау білдірген. Облыстың сүт бетіне шыққан қаймағындай жазушыларының бұлай ағынан жарылуы бекер болмаса керек. Ал былтыр ғана жарық көрген «Дала төсіндегі ән» атты жыр жинағына алғы сөзді танымал жазушы Көсемәлі Сәттібайұлының жазуы да шын талантты мойындау дер едік. Кейбір талантсыздар жазған шимай-шатпағына пікір жаздыру үшін ортаққол ақындарды көндіре алмай, жалынып –жалпайып жүрсе, Сәкеңе келгенде ең танымал қаламгерлер өздері көңіл аударып, жүректері егіліп, толғанып тұрып жылы пікір жазады. Бұл дегеніңіз де талай қаламгер қызығатын жетістік екенін мойындағанымыз әділдік. Ол аз десеңіз, Сәт ақын көпшілікке танымал жазушы – сатирик Болат Бекжанның сыр жасырмас жан досы болған. Осыдан жиырма жылдай бұрын Шудағы Ақсудан Таразға Бөкеңмен сырласу үшін апта сайын келіп тұрған. Өлең үшін сырласқан, мұңдасқан. Аяулы өлеңнің жолында мұндай бейнетті кешуге тәуекел ететін ақындар аз.
Сәкеңнің тағы бір қасиеті – ұстаздығы. Мектептегі ұзақ жылғы мұғалім болған қызметі өз алдына. Ол кезде де қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен мыңдаған баланың санасына сәуле құйды, жүздеген шәкріттің шырағын жаға білді деп ойлаймын. Менің айтайын дегенім, Сәкеңнің оқушылар айтысына бала дайындауы. Оқушы ақындарға бапкерлігі.
Соңғы жылдары қазақтың айтысы жоғары деңгейге көтеріліп кетті. Біздің облыс айтыскерлері де сол деңгейге ілесіп, кейбір көрсеткіштер бойынша көш басында келеді. Оның барлығы өңірдегі айтыс өнеріне деген қолдаудың арқасы. Ал айтыстың болашағы – жастар. Осы мақсатта облыс көлеміндегі оқушылар айтысының бір жағында жүргенімізге жиырма жылға жуықтады. Облыстық кезеңде Мәлібекұлы өңірдегі жастар айтысының дамуына үлкен еңбек сіңірді. Өзі тікелей дайындаған Әзиза Аманбай, Альбина Зұлбахар секілді шәкірттері облыста озып, республикалық кезеңнен арнайы жүлде алып жүрді. Әділет Медетқұл деген шәкірті облыс көлемінде танылды. Бұл тізімді жалғай беруге болады. Бұл Сәт ағайдың күндіз-түні ізденген еңбегінің жемісі. Одан бөлек, сол Ақсу аулында тұратын танымал айтыскерлер Бақытбек, Нұрлан Жұмабековтерге де, Айым Көшербайға да сабақ беріп, ақындықтың бір бөлшегін тануына септескені бар. Тіпті, сол ауылда Сәт Мәлібекұлы секілді үлкен ақынның жүруі де сол ауылдағы барлық жас ақындарға серпіліс беретіні анық.
Ол туралы өзінің:
Мен қаншама шәкірттерді түлеттім,
Жолдарына ақ пейілден гүл ектім.
Имандылық нәрін сеуіп олардың,
Бойларына дәстүр–салтты түнеттім, -деуі бекер емес.
Сәт – үлгілі әулеттің басшысы. Раушан апамыз екеуі әр ұл-қызының жетістігіне қуанып, перзенттерінің талабын демеп, қолдап отырады. Ұл–қыздары Диас, Кәкімжан, Назерке, келіндері Жұлдыз, Арайлым – істің адамдары. Сондай қолдаумен қанаттанған ұл-қыздары да үнемі жасқылықтың басында, ізгі істердің қасында жүр.
Сәт Мәлібекұлы Ақсу ауылындағы өзіне сабақ берген ұстазы, ауылдың қарт анасына айналған Сара Шорбаеваны ерекше құрметтейді. Ауыл ақсақалдары Оңлаған Сырлыбаев, Қожахан Молдабаев, Төрехан Әлханұлы секілді аталармен бірге ізгі істердің қасында жүр. Бұл қарияларға Ақсу ауылдық округінің әкімі Айдар Айтбайдың да құрметі бөлек.
Сәт ақын желіп отырып жетпісінші көктеміне жеткен екен. Ауылында жүріп талай төрден көрінді. Әлі де сыйлы. Ол Ақсуынан артық жер таппады.
«Бесігім сенсің–алтын, Ақсуым–анам менің,
Суыңның білем парқын, жаныма шипа, емім» десе, «Шуым» атты өлеңінде:
Көңілің өсер, ағыспен ақсаң,
Сырқатың кетер , құмында жатсаң, -дейді.
Өзі құрметтеген, өзі суреттеген Ақсу даласының сәні болған Сәт ақынға ұзақ ғұмыр тілеп, туған өлкені жырлаудағы өрелі өлеңдеріңіз көп болсын демекпіз.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.

Leave A Reply

Your email address will not be published.