Байланыс қызметкерлеріне құрмет
Заманауи әлемде қалыпты өмірді байланыс құралы мен ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Бүгін де барлығымыз мобильді телефонға, GPS навигацияға, қала берді әлеуметтік желіге жіпсіз байланудамыз. Сондықтан, бізге байланысшылардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалауға тура келеді. Өйткені, оларсыз әрекет ету мүмкін емес жағдайға айналған және ол өзгермейтін факті болып қала бермек. Байланысшылар дегеніміз – телефон операторы, телеграфистер, монтерлар, бағдарламашылар.
Осыған орай, сәрсенбі күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Байланыс қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтіп, оған ауданымыздағы осы бағытта мамандандырылған мекемелердің қызметкерлері қатысты.
Шара аудан әкімінің орынбасары Н.Жақсыбаевтың құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде салтанатты сәттің себепкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, бүгінде олардың қызметі қоғамда зор маңызға ие болып отырғандығын атап өтіп, баршамызға аса қажет жұмыстары үшін шынайы алғысын білдірді.
Мұнан кейін байланыс саласының үздік қызметкерлерін «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапаттады.
Осындай рәсім аудандық мәслихат төрағасы Ж.Әбенов және «Аманат» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков тарапынан да жасалып, шулық байланысшыларға ізгі тілектері жолданды.
(Өз тілшіміз).