КІШІ АКАДЕМИЯ – дарынды балалардың білімін шыңдайды
өле би атындағы орта мектепте дарынды оқушыларға арналған академик, профессор Бұзаубақова Клара Жайдарбекқызы атындағы “Кіші академияның” ашылу салтанатына арналған “Мектеп ЖОО ынтымақтастық байланысы: инновация коолаборация және технология” атты педагогикалық форум өтті.
Бұл ауқымды іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Райымбеков пен мектеп директорлары, ұстаздар қауымы және жоғары оқу орындарының ғалымдары қатысты.
Әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерді өз тәжірибесіне енгізіп отыруы тиіс. Білім сапасын арттыру мақсатында білім кеңістігінде кеңінен танымал жапондық «Lesson study» іс-тәжірибедегі оқыту мен оқуды жетілдірудің тиімді жолы” атты оқу-әдістемелік құралының тұсауы кесілді.
Төле би атындағы орта мектеп және М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлескен екі жақты меморандум аясында “Педагогика” кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогика ғылымдары академиясының және Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі К.Бұзаубақова атындағы “Кіші академия” дарынды оқушыларға есігін айқара ашты.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Нарима Есенова, «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті Сейсекүл Исматова, «Ұстаз» институтының директоры Орынқыз Жолдасова ғылыми-зерттеу жұмысына тоқталды.
Мектеп директоры Ардақ Джанғарашева мен ғылыми- әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Салтанат Жұмабаеваның ұйымдастыруымен, бағдарламаның сертификатын мектебімізден 18 мұғалім иеленді. Осы мұғалімдермен қатар бағдарламаның идеясына қызығушылық танытқан мұғалімдерден «Ізденіс» шығармашылық мектебі құрылды. Бұл дегеніміз тәжірибеде бұрын-соңды болмаған сабақ жоспарларын бірігіп құру, зерттеу, бақылау, бірігіп шешу арқылы жетістікке жету.
Мұғалімдер оқушының білімі мен дағдыларын дамытып, зерттеу жұмыстары баланың бәрі белгілі бір қабілетке ие екенін көрсетті.
ҚР Ұлттық ғылыми жобалар орталығы мектеп басшысы, оқу-ағарту ісінің үздігі, «Ы.Алтынсарин атындағы» төсбелгі иегері Ардақ Төлепбайқызының шәкірті Бердауыл Нұрмұхаммедтің ғылыми жобасын ең үздік деп таныды.
«Жайлы мектеп» эссе байқауында Сартай Асқар білім шаңырағы ең алдымен аяулы ұстазға жайлы болу керек деген ой ұшқырлығымен тәнті етті.
Халықаралық физика пәні бойынша 11-сынып оқушыларына арналған ашық олимпиададан 2-орын алған Ауесхан Әнелдің жетістігі мектеп мерейін өсіріп, қуанышқа бөледі. Республикалық ғылыми жобалар байқауында тарих пәнінің мұғалімі Ақтолқын Асылбекованың 5-сынып оқушысы Асфендияр Меделбай «Тарихи шежірем, менің тегімнің тарихы» жұмысымен ерекшеленсе, зерттеуші санатындағы ұлағатты ұстаз Нұрлыгүл Қартабаеваның шәкірті Нұрым Мақанғали «Жас ғалым» номинациясына ие болды.
«ҚР жылдың жүз үздік кітапшасына» Амаль Таиров пен Арсланхан Қалмахан енсе, «Мағжан оқулары» ғылыми жобасының бас жүлдесін Айдана Бүкембай қанжығалады. Қазақ ақын-жазушыларының өлеңдерін жаттауға ерекше қабілетті Нұрай Қуанышты айта кеткен жөн.
Форумның «Жас ғалымдар мінбесі» 10-сынып білімгерлері Динара Сәлімбектің Шерхантану саласы бойынша «Ш.Мұртазаның драматургиясындағы ерекше жолы», Осман Усаевтың «Пушкин тілінің ерекшелігі», Зере Жұмаханның туған өлкеміздің «Қасқырсай петроглифтері» сияқты ғылыми жобалар шеруімен жалғасты.
Астана қаласында өткен республикалық ғылыми-шығармашылық «Ана тілім – айбыным» байқауының жеңімпазы Бекнұр Артұрұлын мектеп ұжымы зор мақтанышпен қошеметтеді.
Осындай білімпаздарды білім бәсекесіне қосқан Шәмші Абаева, Айгүл Сатқынова, Мөлдір Шнарбекова, Аягүл Тұрлыбаева, Гүлжан Құлмахамбетова, Нағима Қуанышбекова, Камила Жамбершиева, Гүлжан Тәжіғұлова сияқты ұстаздар еңбегі марапатталып, жұмысы «Үздік ашық сабақ» деп танылған шебер ұстаз Құндыз Жанпейісоваға Алғыс хат берілді.
«А.Байтұрсынов атындағы алтын медаль» иегері, ЖОО-ның екі дүркін үздік оқытушысы «Академик Клара Бұзаубақова атындағы сыйақы» «Алтын белгі» үміткерлері Ауесхан Әнел, Мұратхан Сұңқарбек, Жұмахан Зереге табыс етіліп, жас ғалымдарға білімнің даңғыл жолына сәттілік тіленді.
Ләззат Оразбаева,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Шу қаласы.