шуақты шудың бір қызы (Қоғам қайраткері, халық қалаулысы Бәтес Егембердиева жайлы бір үзік сыр)
Шу аудандық партия комитетінің кезекті бір конференциясы 1983 жылғы қоңыр күзде өткендігі әлі есімде. Алдымен аупарткомның бірінші секретары Нұрғали Торғаев есепті баяндама жасады. Баяндаманы қызу талқылауға конференция делегаттары: маңдайалды механизаторлар, ақтылы қой өргізген аға шопандар, балды бармақты сауыншылар, мәртебелі мұғалімдер және тағы басқа еңбек озаттары белсене атсалысты. Бұдан соң осы форумға қатысып отырған сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші секретары Әнуар Жақыпов қорытынды сөз сөйледі. Аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына терең талдау жасай отырып, есепті баяндамада аталмай қалған көлеңкелі тұстарға кеңінен тоқталды. Сондай-ақ алда тұрған маңызды міндеттерді де қадап айтты. Басшының әр сөзі сын тұрғысында айтылғандықтан, жиылған жұртқа салиқалы ой салды. Қабағынан қар жауып тұратындай көрінетін басшы, бұл жолы да аудан активін қатты қамшылағандай әсер қалдырды.
Конференция соңында ұйымдық мәселе қараған аупарткомның жаңа құрамы мен алғашқы пленумы болып өтті. Мұнда Шу аудандық партия комитетінің бірінші секретары болып Нұрғали Торғаев, екінші секретары болып Владимир Петрик, ал секретары болып Бәтес Егембердиева сайланды.
Бұл кезде мен облыстық «Еңбек туы» газетінің Шу, Мойынқұм аудандары мен Шу қаласындағы меншікті тілшісі болатынмын. Коммунистер форумынан шыққандар Бәтес Шәйменқызы жайлы өз пікірлерін ашық айта бастады. Біреулері қаршадай қазақ қызының аса жауапты қызметке тұрғандығына шынайы қуанышын білдірді. Өйткені, Шу ауданында бұл қызметке бұрын-соңды бойжеткен қазақ қыздары сайланбаған болатын. Енді біреулер орда бұзар отыз жастағы партия қызметкеріне күмәнді көзбен қарағандай түр танытып жатты. Олар әлі де болса мұндай қызметке партиялық парасаты толысқан, іс-тәжірибесі толыққан кадрды таппағаны қалай деп сырттай болса да сенімсіздік сезімін аңғартқандай болды. Енді біреулер Талас аудандық және Жамбыл облыстық комсомол комитеттерінде секретарлық қызметтерді абыройлы атқарған жас кадрдың алдынан ешкім де шығып көрмегендігін көлденең тартты. Ұзын сөздің қысқасы, Бәтес Шәйменқызы жайында үміті мен күдігі араласқан бір-біріне қарама-қайшы пікірлер осылайша ел құлағына жетіп жатты.
Ең бастысы, ол ел не айтса да, не ойласа да алғашқы жұмыс күннен бастап, алға қойған мақсатынан айнып көрген емес. Орта бойлы, сабырлы мінезді қыз бала жаңа ауданның өзіне беймәлім тыныс-тіршілігімен танысып, жаңа ортаның ортақ қазанын қайнатуға бар ықылас-жігерімен кірісті. Ол кезде де аудан өмірінде түбегейлі түйіні шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер көп болатын. Жеке басының жағдайын айтып, алдына келіп, өтініш білдіргендер де аз болмады. Секретарь қыз қандай мәселені болмасын басқа біреулерге сілтеп салмай өзі шешуге күш салды. Қабылдауында болған жандардың тауы шағылып, беті қайтып қалмасын деген ниетпен жедел түрде тиісті басшыларға тиянақты тапсырма беріп жатқандығына талай мәрте куә болғанмын. Оның алдынан шыққан адамдардың көбі: «Болайын деп тұрған бала екен, көргенімен түйгені көп екен»- деп алғыс айтып жатқандарын да естігенмін.
Ол негізінен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету, баспасөз, мәдениет және тағы басқа да жетекші салаларға басшылық жасады. Күн ұзақ кабинетте отыра бермей, аталмыш мекемелердің тыныс-тіршілігін көзбен көруге, жүрекпен сезуге құштарлық танытты. Бәлкім содан болар, еңбек ұжымдарының ортасында болып, қажетті көмек көрсетуді жүрегі қалайтын. Сол тұста аупарткомның хатшысының арнайы қызмет көлігі болмаған. Жағдай солай бола тұрғанымен, көлік дегенді көлденең тартқан күні болған жоқ. Қайда барғысы келсе де оны алдын ала жоспарлап қоя білетін.
Бір байқағаным, секретарь қыздың жүзі алғаш қарағанда суықтау көрінетін. Бірақ, жіті қараған жанға бұл алдамшы көрініс сияқты. Жақын араласқанда инабатты, иман жүзді жан екендігін жазбай таныдым. Келбеті жарқын, көз жанары өткір болғандықтан, жұмыс бабында бетің бар, атағың бар деместен айтар ойын бүкпесіз жеткізіп жүрді. Мұндай іс-әрекетімен ешкімнің артына шам алып түскен емес. Айтарын айтып салғанымен, зілсіз ашу да тез тарқайтын. Біздің қазақ мұндайды көргенде «Жақсы адамның ашуы жібек орамал кепкенше» деп текке айтпаса керек. Тағы да бір атап айтар жай, бұрындары мектеп директоры қызметіне ер азаматтар тағайындалатын. Солардың өзі «Егембердиева келе жатыр» деген хабарды естігенде, айтарлықтай асып-саспаса да дегбірсізденіп қарсы алатын.
Арада екі жыл өткен соң, Шу аудандық партия комитетінің бірінші секретарлығына Халел Бейсеев сайланды. Бұған дейін партиялық қызметтің қыр-сырын біраз біліп қалған Бәтес Шәйменқызы ауданның жаңа басшысымен де қоян-қолтық араласып, өз міндетін жүйелі атқара берді. Сол бір жылдары елімізде достық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте ұлттар мен ұлыстардың достығын нығайтуға, татулығын күшейтуге бағытталған кешенді, саяси бағдарламалар кеңінен жүзеге асырылғандығын атап өткен жөн. Аудандағы бірнеше ұлттық мәдени орталықтардың жұмысын жандандыруға, әр ұлттың мақсат-мүддесін қорғауға баса назар аударылды. Осындай көзге көріне бермейтін рухани құндылықтарды жоғары бағалай білудің басы-қасында аупарткомның хатшысы тұрды. Соның бір жарқын дәлелі өнер саласындағы «Шу еркесі» мен күрт ағайындар ұйымдастырған «Стерк (достық)» ансамблдерінің көрермендерге деген тарту-таралғылары қазақ және қырғыз республикалық телеарналарында кеңінен көрсетілді. Сонымен қатар, күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың, сырлы сазгер Серік Әденовтің, әнші, ақын Аяз Бетбаевтің, ұршықша иірілген биші Ажар Ержанованың және тағы басқалардың төл туындылары да кеңінен насихатталды.
Көңілі ояу, көзі қарақты оқырман қауым қазіргі Төле би ауылындағы интернационалист-жауынгер Мәлік Жүнісәлиев атындағы орталық саябақта батырлар аллеясы жасалғандығын жақсы біледі. Әрине, бұл игілікті істі ұйымдастыруға аудан басшысы Халел Сағынбекұлының баянды басшылық жасағандығы талассыз шындық. Әйткенмен, бұл істе де Бәтес Шәйменқызы өз қолтаңбасын қалдырды. Өйткені, аталмыш аллеядағы қырыққа жуық Социалистік Еңбек Ерлері мен екі Совет Одағы батырларының мүсіндерін биік тұғырға орнату көпшіліктің қолдауымен, қол күшін біріктіруімен жүзеге асты. Бұл аллея сән-салтанатымен безендіріліп, пайдалануға берілген кезде шулық ел-жұрттың шаттығында шек болмады. Өлгендері қайта тірілгендей, тірілері көз жетпейтін биіктен көрінгендей әсерде болды. Сол күні ақ түйенің қарны жарылып, ақ тілектердің тығыны ағытылып, еңбектеген баладан еңкіш тартқан қарттарға дейін қуаныш құшағында күй кешті. Бұл аллея күні бүгінге дейін жерлестеріміздің де, қонақтарымыздың да тәу етіп келіп, тағылым алып қайтатын қасиетті орнына айналды. Әсіресе, өскелең жастар ардақты аталары мен апаларының тарихи жолын танып, үлгі-өнеге көруде. Еліміз егемендік алғаннан кейін де бұл аллея Қожахан Жабағиев, Бақытжан Нүркенов аудан әкімдері боп тұрған кезде де қайта жаңғырып, оның ұзындығы Шу өзеніне дейін созылды.
Естеріңізде болса, 1988 жылдың көгілдір көктемінде республика көлемінде наурыз мейрамы аталып өтілді. Араға алпыс екі жыл салып жеткен шығыс халықтарының шырайлы мерекесі Шу өңірінде де қанатын кең жайды. Ұлыстың ұлы күні саналатын бұл мейрамды атап өтуге Шу елі де зор ықылас танытты. Орталық алаңға ақ шаңқай үйлер тігіліп, тоқшылықты, берекені дәріптегендей ақ дастархандар жайылды. Үлкендер жағы баршаға ақ батасын берсе, көпшілік қауым ұлттық ойындардың қызығына бөленді. Ал жастар жағы кешке қарай алтыбақан теуіп, ақ сүйек ойынының қызығына тоймады. Осындай той-думанды ұтымды ұйымдастыруға да секретарь қыз білек сыбанып кіріскен-ді. Қазіргідей емес, ол кезде наурыз мейрамы ауданымызда бір ай төңірегінде тойланатын. Мұның өзі халқымыздың ата-баба дәстүріне адалдығын танытып, жаңа сипатқа, жаңа мазмұнға ие болған үрдіспен сағына қауышқандығын көрсетсе керек.
Ел мерейі мен шырайын нұрландырған сол жылы мен аудандық «Шу өңірі -Шусская долина» газетіне редактор болып тағайындалдым. Жаңа қызметіммен Бәтес Шәйменқызымен бұрынғыға қарағанда жақынырақ араласуыма тура келді. Бұрындары қалайша байқамаған екенмін, ол біз шығарған газетті бір әріпіне дейін қалдырмай оқып отыратын көрінді. Жәй ғана оқи салмай, газет ісіне де жанашыр, қамқоршы жан екендігін байқатты. Кейде өзі қабылдаса, кейде редакция қызметкерлерімен кездесіп, келелі кеңес өткізе білді. Аупартком секретарының журналистер мен полиграфистердің жұмыстарына да жіті көңіл бөлуін шығармашылық топқа деген шынайы ілтипатынан айқын сезіндік. Келесі бір атап айтар жай, Бәтес ханым аупарткомның бюро мәжілістерінде де белсенділік танытып, өз ойын ашық айта алатын.
Секретарь қыз бюро мәжілістерімен кезекті пленумдарда да сын тұрғысында сөз сөйлеп, өндірістік кемшіліктерге баса назар аударатын. Жастайынан жалынды жастармен біте қайнасып еңбек еткен ол, бойжеткен кезде де байсалды қалпын сақтап, тура сөйлейтін, ашық айтатын бағытынан қайтқан емес. Осы жауапты қызметті жеті жыл жемісті атқарып, шуақты Шудың бір қызындай ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Тонның ішкі бауындай болған Бәтес Шәйменқызын көз көрген шулықтар әлі күнге дейін мақтан тұтып келеді.
Құрдастарыммен анда-санда бас қосқанда өткен күндерді сағынышпен еске алып, шүйіркелесіп қалатын жағдайымыз да бар. Мұндай кезде тарихи тақырыптар төңірегінде көңілде жүрген көптеген ойлар айтылып қалады. Жасырары жоқ, аупарткомның секретарлары туралы да ашық әңгімелер тілге тиек етіледі. Бұған бір ғана мысал келтірейін. Мәселен, Ерік Айтқожаев деген азамат аудандық мәдениет бөліміне біраз жылдар бойы басшылық жасады. Ол ойындағысын бүкпесіз айта білетіндігімен де дараланатын. Сол досым бір кездесуімізде маған мынадай бір әсерлі әңгімені жеткізді:
-Бәтес Егембердиева есіңізде шығар. Мен сол кісінің әділдігіне тәнтімін. Бір бюро мәжілісінде жоспарлы есеп беретін болдым. Аудандық мәдениет бөлімінің атқарған жұмыстары туралы ойланып, толғанып ақ қағазға түсіріп алғанмын. Сол күні бюро мәжілісіне Егембердиева бір себеппен қатыспай қалды. Маған сөз кезегі берілгенде мәдени шаралардың жоспарлы түрде жүзеге асып жатқандығын жіпке тізгендей айтып шықтым. Бұрын қалай байқамағанмын, есеп беру кезінде мен деген сөзді бірнеше рет қайталай беріппін. Есеп берілген соң төрде отырған аупарткомның бірінші хатшысы бюро мүшелеріне қаратып: «Қандай сұрақтарыңыз бар?»-дегендей ұсыныс тастады. Біраз үнсіздіктен кейін бір бюро мүшесі:
-Халел Сағынбекұлы, мына жігіт «мен» деген сөзді көп қайталады. Бәлкім біз бұл жігітті жоғары наградаға ұсынуымыз керек шығар… -деп сын айтқандай болды. Тағы да бір-екі бюро мүшесі әлгі кісінің уәжін қолдағандай сыңай танытты. Ақырында бірінші хатшы маған бір ай сынақ мерзімін белгілеп, жұмысымды ширата түсуімді тапсырды…
-Екі күннен кейін Бәтес Егембердиева шақыртып жатыр деген хабар алдым. Кешікпей ол кісінің алдынан табылдым. Мәдениет саласының жұмысын ақсатып жіберіпсің деп ұрсатын болар деген ой келді. Алайда, секретарь қыз мені шырайлы жүзбен қабылдап, Ерік сенің ұнжырғаң түспесін, қалай жұмыс істеп жүргеніңді жақсы білемін. Келесі бюро мәжілісіне тиянақты дайындал деп шығарып салды. Содан бір ай мерзім де көзді ашып-жұмғанша өте шығып, бюро мәжілісінде тағы да есеп бердім. Бұл жолы «мен» деген сөзді мүлде қолданбадым. Оның орнына аудандық партия комитетінің басшылығымен деген сөз тіркесін пайдаландым. Бұл жолы Б.Егембердиева қатысып отырғандықтан ба, ешбір бюро мүшесі сауал да қойған жоқ…
Бәтес Шәйменқызының атына айтылған мақтауларды шулық аға-ұрпақ өкілдерінен әлі күнге дейін естуге болады. Оның бәрін бір мақала аясына сыйғыза салу мүмкін де емес. Қызмет бабында жұлдызы жанып, тасы өрге домалаған шулық секретарь қыздың талай биіктерді бағындыра білгендігін естіп жүрміз. Ол Жамбыл педагогикалық институтын тәмәмдап, мамандығына адалдық танытқан ұлағатты ұстаз. Өзі туып-өскен Талас ауданындағы Үш-арал орта мектепте жас шәкірттерге ағылшын тілінен дәріс бергендігі үлгілі іс. Ең бастысы, ол қандай қызмет атқарса да, сенім биігінен көріне білді. Атап айтқанда, Жамбыл қалалық және Жамбыл облыстық білім беру басқармаларын білгір басқарып, «Қазақстан Республикасының Білім беру саласының құрметті қызметкері» Ыбырай Алтынсарин төс белгісімен марапатталса, ал, Жамбыл политехникалық коледждің басшысы болған кезде Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды және Мемлекет басшысының жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды. Қазіргі кезде «Әулие Ата Демеу» корпоративтік қорының директорлық қызметін атқарып келеді.
Осы мақаламды мынадай өлең шумақтарымен түйіндегенді жөн көрдім:
Аққуысың түлеп ұшқан Ақкөлден,
Әлпештеген әке-шешең бақ берген.
Елу жылдай қызмет етіп халқыңа,
Еңбегіңмен орын таптың нақ төрден.
Шудың елі мақтанады өзіңмен,
Құрметтейді қызға деген сезіммен.
Таң қаламын талантыңа бас иіп,
Жастайыңнан аманатты сезінген.
Тұтатқансың ақиқаттың алауын,
Желбіретіп кісіліктің жалауын.
Тағлымы мол тәлім беріп ұрпаққа,
Таба білдің жас жүректің қалауын.
Гүл-өмірің бәріне де шыңдады,
Тағдыр қатал, сынаудай-ақ сынады.
Елің аман, жұртың тыныш тұрғанда,
Құлпырасың қуаныштан сен әлі.
Тарих болып қалды білем өткенің,
Береке мен бірлік болсын күткенің.
Денің сау боп, ұзақ ғұмыр кеше бер,
Құтты болсын жетпісінші көктемің!
Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист,
ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері.
Суретте: Бәтес Егембердиева.