Ақпараттық портал

Жас ақындар бақ сынады

Ауданымызда әу баста қалыптасқан айтыс мектебінің қабырғасын бекіту туралы пікірлер зиялы қауым тарапынан жиі айтылып келеді. Тіпті, бірнеше дүркін басылым бетіне жарияланған-ды.
Ауданымыздың атынан облыстық және республикалық айтыстарда сөз сайыстырып жүрген Бақытбек пен Нұрлан Жұмабековтер, Ғабит Есдәулетовтер айтыс сахнасында тек өздерінің бой көрсетуімен шектелмей, шәкірт тәрбиелеу ісіне де ден қойып жүр. Бұл өңірдің айтыс мектебін әрі қарай дамыту деген талпыныстан туған тілек болса керек.
Құдалық жасап, келін түсірген шулық қауымға ақын-асаба Ғабит Есдәулетовтың есімі кеңінен таныс. Бүгінде Шу қалалық мәдениет үйінде «Айтыс» үйірмесін жүргізіп отырған ол жуырда ғана шәкірттердің шамасын байқау үшін айтыс ұйымдастырған болатын.
Шәкәрім Құдайберді-ұлының 165 жылдығын арқау еткен айтыс қалалық мәдениет үйінде өтіп, онда айтыс әліппесін ашқан 6 жас ақын бақ сынады. Оның ішінде сөз саптауы келіскен қос бұрымды Талас ауданынан ұстаздары айтыскер ақын, журналист Есет Досалымен бірге арнайы келген.
Алғашқы жұп болып шыққан Айсұлу Жүнісбек пен Інжу Жаңабай әпкелі-сіңлілі болып, әдемі айтыс өрнегін көрсете білді. Оның үстіне бірнеше аламандарға қатысып, жүлделерге ие болған қыздар бұл жолы да өз өнерлерімен дараланды. Қыздардан соң сахнаға ақсулық Ерасыл Қожаған мен шулық Қалижан Әбілмажандар шығып, шамаларын байқатты. Ерасыл оймақтай ой айта білуімен озат болса, Қалижан жыр шумақтарын әйгілі Аяз атасының мақамымен жеткізді. Сол секілді Әділ Жолшыбай мен Аруна Еркіндер де ұқсап бағып, айтысқа деген ынталарын аңғартты.
Шәкірттерінен кейін азулы ақындар Есет Досалы мен Бақытбек Жұмабеков шеберлік сыныбын өткізді. Олар әзіл-қалжың арқылы ойларын жеткізіп, сахнаның шырайын келтірді. Орайды оңтайлы пайдаланайын деген Есет ақын көрермен болып отырған Әділет Медетқұлды да айтысқа шақырып, жастарға үлгі көрсетті.
Айтыс соңында Айсұлу Жүнісбек бірінші орын, Інжу Жаңабай екінші орын, Ерасыл Қожаған үшінші орынды иеленіп, қалған қатысушыларға белсене қатысқаны үшін алғыс айтылды. Оларға ұйымдастырушылар тарапынан дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Байжан ЕМБЕРДІ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.