Ақпараттық портал

Кеңесші органдардың жұмысы оңтайландырылды

Сейсенбі күні «Аmanat» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында саяси кеңес бюросының отырысы өтті. Оған партияның облыстық филиалының төрағасы Д.Ы.Бейсенқұлов, бюро мүшелері – Б.К.Ниязбеков, Т.Н.Халық, Е.Ә.Досымбаев, Т.Т.Мұсаева, Ж.Ә.Әбенов, А.Р.Бекмурзина, Ж.Т.Чекаев қатысты.

Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес «Аmanat» партиясы аудандық филиалы жанындағы консултативтік-кеңесші органдардың жұмысын оңтайландыру» және «Аmanat» партиясы аудандық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы мен мүшелігіне кандидатураларды ұсыну» туралы екі мәселе қаралды.
Аталмыш екі мәселе бойынша «Аmanat» партиясы аудандық филиалының төрағасы Б.Ниязбеков баяндама жасап, орын алған өзгерістер жайын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасының орындалуына жүйелі бақылауды ұйымдастыру мақсатында партия жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың жұмысы партияның орталық аппаратында қайта қаралған. Осылайша, жаңа міндеттерді іске асыруды ескере отырып, республикалық деңгейдегі кеңестер оңтайландырылып, 10 кеңесті құраса, аймақтық деңгейдегі кеңестер саны өзгеріссіз, яғни 9 кеңес қалдырылды. Аудандар мен қалалардың мәслихаттарына сайлау мажоритарлық жүйе бойынша өтуіне байланысты аумақтық деңгейдегі кеңестердің саны партия орталық аппаратының тапсырмасына сәйкес 5-тен 1-ге дейін қысқартылды. Атап айтқанда, партияның аудандық филиалы жанындағы Жастарды қолдау, Әлеуметтік мәселелер, Өңірлік даму мен Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестерінің жұмысы оңтайландырылып, қысқартылды. Партия аудандық филиалы жанынан тек Партиялық бақылау комиссиясы өз жұмысын жалғастыратын болады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде осы комиссияның яғни, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы мен мүшелерін сайлау жүзеге асырылды. Нақты айтар болсақ, Б.Ниязбеков «Аmanat» партиясы облыстық филиалына партиялық бақылау комиссиясының төрағалығына үміткер ретінде өңірімізден ұсынылған аудандық мәслихат депутаты, фракция мүшесі Аида Рашидқызының кандидатурасы қолдау тапқанын баяндап, нәтижесінде Аида Рашидқызы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы болып тағайындалды. Сондай-ақ, А.Байгисиева комиссия төрайымының орынбасары болса, комиссия мүшелігіне де сан құрамы жағынан өзгерістер енгізіліп, жаңа құрам жасақталды. Партия аудандық филиалының төрағасы алдағы уақытта осы құраммен бірлесіп, нәтижелі жұмыс атқарамыз деген сенім білдірді.
Жалпы, жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер толығымен қаралып, бюро мүшелерінің бірауызды келісімімен тиісті қаулылар қабылданды.
Ресми бөлімнен соң, Б.Ниязбеков бүгінгі таңда қысқартылған кеңес яғни, Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесінің төрағасы болған Халық Тұрсынбай Нұрғалиұлын аға буын өкілі ретінде құрметке бөлеп, осы уақытқа дейін атқарып келген төрағалық қызметі үшін алғысын білдірді.
Мұнан кейін сөз кезегін алған облыстан келген қонақ – партияның облыстық филиалының төрағасы Д.Ы.Бейсенқұлов жергілікті жердегі өзінің әріптесін алға қойған мақсат-міндеттерді бірлесіп сапалы орындауға шақырды. Сонымен қатар, Т.Халықтың атқарған қызметіне тоқталып, оны жоғары бағалай келіп, «Аmanat» партиясы облыстық филиалының Құрмет гармотасын табыс етті. Ал, Б.Ниязбеков құрмет белгісі ретінде иығына жапан жапты.
Өз кезегінде Тұрсынбай Нұрғалиұлы әріптестеріне ыстық ықыластары үшін алғыс білдірді.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.