Ақпараттық портал

«Мейірім шуағы» төгілді

Қазақстан халқы келер аптада халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтпек. «Қуанса бала қуансын» деген қағидатты берік ұстанған ата-аналар жыл сайын бұл мерекені ерекше тойлауды әдетке айналдырып келеді. Игі істерді жасауға асығатын аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бұл мерекені атап өтуді апта бұрын бастап кеткен болатын.
Бағдагүл Алжанбаева басқаратын аудандық кітапхана жуырда ғана «Мейірім шуағы» атты әдеби-әуенді кеш ұйымдастырып өздерінің кішкентай қонақтарын құрметке бөлеген еді. Мултьфильм кейіпкерлерінің костюмін киген кітапханашылар үйінде білім алатын ерекше балаларды кіреберістен қарсы алып, балаларға арналған кітаптармен таныстырып өтті. Мұнан кейін кітапхана ұжымы мен оқырмандары балалар мен ата-аналарға сазды бағдарлама ұсынды.
Шараны жүргізуші Ұ.Жаңабаева өзінің әріптесі Қ.Куадированы шақырып, оның «Алғыс» әнін орындайтынын хабарлады. Әсем әнге қол соққан кеш қонақтары «Айжұлдыз» би тобының «Көктем» биіне қол соқты. Сондай-ақ Аяна Бақытжан «Туған жер» деп ән шырқаса, «Сырғалым» би тобы көрермендерге «Үнді» биі мен «Балерина» биін тарту етті. Сол секілді Кәусәр Сәтімжан «Қазағым» әнін қалықтатып, Нұрболат Батырхан музыкалық сәлем жолдап, көрерменді билетті.
Шара мәресінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры сөз алып, әдеби-әуенді кештің мән-мазмұнына тоқталды.
-Біздің негізгі мақсатымыз – оқырмандардың санын арттыру. Жас ерекшеліктеріне қарамастан кітаппен достастыру. Осы мақсатта және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ерекше балаларды осы кешке шақырып отырмыз. Бұл да өз кезегінде балалардың тұлға болып қалыптасуына, ойын ұшқыр етуге ықпал жасаудан туған ниет. Баршаңызды келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін,-деді Бағдагүл Дәулетханқызы өзінің лебізінде.
Сонымен қатар, кітапхана басшысы ізгі тілегімен қоса балаларға ұжым атынан тәттілерді тарту етіп, балмұздақтар таратты. Оған қоса, ерекше балалар қызықты кейіпкерлермен бірге би билеп, көңілдерін көтерді. Мұндай мерейлі шараға разы болған ата-аналар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, ақжарма тілектерін жеткізді.

 

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.