Ақпараттық портал

шулық суретшінің көрмесі өтті

Мәдениет қызметкерлері күні қарсаңында облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрме залында ҚР мәдениет саласының үздігі Қали Қораласбаевтың «Ақ мекен» атты қолөнер көрмесі өтті. Майлы бояу, кескіндеме, тас пен ағаштан жасалған мүсіндерден барлығы 80-нен астам жұмыс көрмеге қойылды.

Шу ауданы, Төле би ауылының тумасы Қали Қораласбаев өзіндік азаматтық ұстанымы, қайталанбас үлгісі бар, өнер саласының жарқын өкілі. Оның суреттері мен мүсіндерінің басты тақырыбы туған жердің тарихы мен дәстүріне негізделген. Сондай-ақ, ол көп жылдан бері қызықты графикалық карикатура жанрында да жұмыс жасап келеді.
Қ.Қораласбаев Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы көркем- сурет училищесін бітірген. Өзінің еңбек жолы мен шығармашылық қызметін туған ауылының суретшілер шеберханасында бастап, кейін Шу ауданы Балалар сурет мектебінің, Балалар-жасөспірімдер орталығының директоры қызметін атқарып, бірқатар шәкірт тәрбиелеп шығарды.
1991-2019 жылдар аралығында Шу ауданында Қ.Қораласбаевтың қатысуымен 200-ге тарта көрме ұйымдастырылған. Ал, 2002 жылы Тараздың 2000 жылдығына арналған Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік өнер мұражайында, 2008 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық мұражайында «Тұғыр» атты жеке көрмесі өтті. «Ана – жер Ана» тас мүсіні, «Ана» графикалық жұмысы осы музейлердің алтын қорында. Қазақ хандығының 550 жылдығының республика көлемінде тойлануына орай, Тараз қаласындағы облыстық мұражайда тас, ағаш мүсіндерден жеке көрмесін өткізді. «Абыз» атты табиғи тастан жасалған еңбегі Тараз қаласындағы «Желтоқсан орталығы» мұражайының және «Желтоқсан желі-86» ұлттық мұражайының қорына алынды.
-Қали Ерғазыұлы көптеген ерекше талантты балаларды тәрбиелеп шығарды. Олардың бірқатары Қазақстан суретшілер одағының мүшелері атанды,-дейді суретшінің әріптесі, облыстық мектеп олимпиадалары және мектептен тыс іс шаралар өткізу орталығының бөлім меңгерушісі Ольга Сагандыкова.
-Тума таланттың көп қырлы жұмысын паш еткен тамаша көрме. Тараз қаласына Қали Қораласбаевты осындай маңызды шарамен құттықтау үшін оның бірге оқыған курстастары да келіп отырғаны көңіл қуантады. Мені суретшінің акварельмен жасалған картинкасы, қарындашпен жасалған графикалық жұмысы және табиғи заттар – ағаш пен тастан жасалған мүсіндері қызықтырды. Олардың барлығы терең философиялық мәнге ие. Қали Қораласбаев бізді бай қиялға толы көркем шығармашылығымен таң қалдыруды әлі де тоқтатпайды деп сенеміз,-деп ойымен бөлісті суретші, «Арт-Тараз» шығармашылық тобының модераторы Елена Голубинская.

Лариса Губашева.

Leave A Reply

Your email address will not be published.