«ЕРКЕ СЫЛҚЫМ» АЛМАТЫ ТӨРІНДЕ
Тұғырлы күйлерінің тұнығын лайламай, домбыраға біткен күйді тұмадан шыққан қалпымен қапысыз орындап жүрген дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев бүгінде қазақтың тау тұлғалы азаматтарының бірегейі ретінде дәстүрлі әуенді дәріптеу жолында өлшеусіз еңбек етіп келеді. Өткен жылы ғана сексен бес жасқа аяқ басқан тарланбоз күйшінің торқалы тойы облыс орталығында дүркірете тойланса, өткен аптада ғана еліміздің мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Құрманғазы оркестрінің концерт залында «Ерке сылқым» атты шығармашылық кеші болып өтті.
Оңтүстік астанамызда өткен кешке қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай, аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов арнайы қатысып, еліміздің даңқты күйшісіне жылы лебіздерін білдірді. Айта кету керек, кеште облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат», 2 дәрежелі «Достық» «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университетінің Құрметті профессоры, облысымыз бен ауданымыздың құрметті азаматы Әбдімомын Желдібаевқа облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың құттықтауын жеткізіп, қазақы дәстүрмен абыз қариямыздың иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Одан бөлек, Алматы қалалық әкімдігі өкілдері мен еліміздің мәдениет саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар жерлесімізге жылы лебіздерін жеткізді.
Кеш барысында Ә.Желдібаевтың бірқатар туындылары орындалса, өнердегі төлқұжатына айналған атақты «Ерке сылқым» күйі Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің орындауында шырқалғанда көрермендер орындарынан тік тұрып, құрмет көрсетті. Бұл да жерлесіміздің күй өнеріндегі құдіретін білдірсе керек. Қоңыр күйді жүрегімен, өзінің қоңырқай мінезімен қоңырлата тартып, көпшіліктің жүрегіне жеткізе білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін дүние. Мұндай шеберлік күй мен күйші мінезінің бір арнаға тоғысып, үйлесім табуынан туындайтын болса керек. Әбдімомын Желдібаевтың ойынан туған күйлер де ғасырлық шежіреден, ұлтымыздың өткенінен сыр шертіп тұратыны сөзсіз. Жерлесіміздің шығарған күйлері мен әндері сол өзі туып-өскен киелі Шу өңірінің қоңыр сарынынан ешқашан алыстап кетпек емес. Әлбетте, сол арқылы күйлерінің өзіне тән ерекше иірімдері мен құрылымдары, қағыстары оны өзгелерден даралап тұратындай. Оның Алматы төрінде өткен кешінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы да осындай даралығынан екені сөзсіз.
Ауданымызбен қатар, тұтас еліміздің мақтанышына айналған біртуар күйшінің бар ғұмырын күй өнеріне арнағанын жұртшылық жақсы біледі. Жерлесіміздің ел мәдениетіне қосқан үлесі де ұшан-теңіз. Ол ауданда жүріп-ақ «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің негізін қалап, ансамбльдің республикалық, облыстық фестивальдерге қатысуына тікелей себепші болды. Ә.Желдібаев сексеннің сеңгіріне шықса да өңірдің мәдениет саласына әлі күнге дейін үлес қосып, артынан ерген шәкірттеріне жол көрсетіп келеді. Жерлесіміздің аталған мерейтойға қатысты іс-шаралар легі алдағы уақытта өзге өңірлерде де жалғасын табатын болады.
Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Шу өңірі»