Мемлекеттік рәміздер – ел мәртебесі
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Осыдан тура 31 жыл бұрын дәл осы күні Қазақстанның тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба қабылданған болатын. Осыған орай, жыл сайын мерейімізді асырған Мемлекеттік рәміздер күні тойланып келеді.
Еліміздің басты нышандары – халқымыздың боямасыз болмысын, азаттығы мен айбарын айдай әлемге танытатын негізгі белгі. Оларды құрметтеу, қастерлеу және мақтан тұту әрбір азаматтың еншісіне тиген борыш. Көк Туымыз көтеріліп, әнұранымыз қалықтағанда, төлқұжатқа көрік берген Елтаңбамызды көргенде рухымыз тебіренетіні ақиқат.
Осыған байланысты өткен аптаның соңында аудандық Мәдениет үйінде мәні зор мерекеге орай салтанатты жиын өтіп, мемлекеттік рәміздер ұлықталған болатын. Мемлекеттік рәміздерді жиналғандар ерекше құрметпен төрге оздырғаннан кейін аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков шулық әлеуметті маңызды мерекемен құттықтады.
– Туған елдің тұғырлы нышандарының мәнін түсіну, бағалап, парқына жету әрбір азаматтың ардақты парызы. Дана бабаларымыздың «Туы биік елдің-тұғыры да биік» деген аталы сөзі әрбір көкірекке ұя салуы қажет.
Көркіне көз тоятын Туы бар, әрбір деталі терең философияға ие Елтаңбасы бар, халықаралық додаларда зор мақтанышпен орындалатын әнұраны бар елдің азаматы болу зор мақтаныш, баға жетпес бақыт. Сол бақытымыз баянды болсын,-деген Бақытжан Оразалыұлы көпшілікке ізгі тілегін жолдады.
Мұнан кейін кезек марапаттау рәсіміне беріліп, өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Сол секілді тағы бір толқын шулықтар аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбеновтің тарапынан ауданның Құрмет грамотасымен марапатталды. Салтанатты жиын соңы сазды бағдарламамен өріліп, өнерпаздар ел рухын көтеретін патриоттық әндерден шашу шашты.
Б.Емберді