Ақпараттық портал

Қазақ тіліне қайран қаламын

Қолыма қалам алғалы бері көптеген көкей тесті мәселелер туралы ой толғап келемін. Соның ішінде қазақ тілінің қадір-қасиетін кеңінен насихаттау мақсатында жазған дүниелерім де аз емес. Бұл жерде мәселе көркем туындылардың санында емес, сапасына байланысты тың ойларымның қылаң беріп қалатындығы бар. Неге десеңіз, жарық көрген дүниелерімді тағы бір оқып шықсам, кейбір тұстарын толықтыра түсу қажет сияқты әсер қалдырады. Айтар ойымды тәптіштеп отырған себебім – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру мен оның қолдану аясын кеңейту бағытында әлі де болса айта алмай жүрген немесе діттеген жеріне жеткізе алмаған шикіліктерім еске түсе береді. Осындай сәтте жазу үстеліне қайта отырып, қазақ тілінің мәні мен мағынасы жоғары екендігін оқырман қауымның санасына сыналап сіңіруді мерейлі міндетім деп білемін.
Бүгін тағы да осындай мазасыз күй кешкен ой құшағында отырмын. Ана тілімнің ардақты екендігін қайтсем де өзін қазақпын деп санайтын қандастарыма мынадай мәселелерді қадап айтқым келеді: Біріншіден, біз өзіміз қазақ тілін жетік білуге және шебер сөйлеуге міндеттіміз. Бұл ретте ата-бабаларымыздың айтқан өсиеттері мен берген баталарын қалай бағалап жүрміз? Осы мәселе төңірегінде көбірек ойланатын, тереңінен тебіренетін шешуші уақыттамыз. Бұрынғылар «Бата менен ел көгереді, жауынменен жер көгереді» деп бекер айтпаған. Өз ұлтымыз жер бетінде дербес ұлт болып қалу үшін қаншама алмағайып дәуірлер мен зар замандарды бастарынан өткерді десеңізші. Сондай кездерде «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» деп ел азаматтарын әркез сақтандырып, рухтандырып отырды. Найзасының ұшына, білегінің күшіне сенген батырларымыз жауға қарсы аттанарда қолдарын жайып, қазыналы қарттардан бата алған. Ақ бата алғандар қандай жорықтарда болмасын жеңіске қол жеткізгендеріне тарихтың өзі куә. Бүгінгі күні үлкендерден бата алу кейбір ауылдық жерлерде ғана сақталып келеді. Бата алудың түрлері көп. Сондықтан осы дәстүрді қайта жаңғыртуымыз қажет. Соның бір жарқын дәлелі, аудандарда, облыстарда батагөйлер байқауы тұрақты өткізіліп келеді. Әрине, оның көпшілікке тигізетін шапағатында шек жоқ. Талап солай болғанымен кейбір батагөйлеріміздің аталмыш жарыстарға қатыса отырып, әбден таптауырын болған, әрі арзан жаттандылықтан шыға алмайтындығы «Әттеген-ай» дегенді еске түсіреді. Сол себептен аудандық ардагерлер кеңесі мен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі кеңінен келісе отырып, жұрт алдына шығатын батагөйлердің сөзсаптауын, көркемдік тілді меңгеруін және шеберлік мәдениетін меңгеруді алдын ала іріктеп, сыннан өткізгендері ләзім. Қайткенде де бір ауылдан бір қарияны арқасынан қағып, үлкен сахнаға шығарумен іс бітпейді. Ақ батаны көпті көрген, ел сеніміне бөленген, шешен сөйлей алатын тұлғалардың бергені де әбден дұрыс.
Екіншіден, қазақ халқында бұрын да және кейін де айтылып жүрген ұлттық болмысымызды ұлықтайтын мақал-мәтелдер мен шешендік сөздер өте көп. Оның қай-қайсысын алсаңыз да тағылымы мен тәлім-тәрбиесі өте зор. Осындай бай тілімізді қазақ тілінде сауат ашпаған ұл-қыздарымыз қалай қадірлей алады. Өйткені олар қазақ тілінде оқымағандықтан аталы сөздердің астарын жете түсіне бермейді. Түсінбегені былай тұрсын, қызығушылық та танытпайды. Мұның бәрін көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп жүрміз. «Қазақша оқымаса қойсын, аман болса екен» деп жауырды жаба тоқитынымыз да бар. Ана жылдары аудандық мәдениет үйінің сахнасында орталық мешіттен дәріс алып жүрген жас шәкірттердің құран оқудан байқауы өткен болатын. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Дегенмен, мектеп оқушылары арасында мақал – мәтелдер мен шешендік сөздерді жатқа айтқызу жөнінде осындай байқаулар өткізіліп тұрса нұр үстінен нұр болар еді. Әрбір мақал-мәтелдің мәнісін түсінген бозбаланың болашақтағы бағыт-бағдары, көз тіккен биіктері айқындала түседі. Біз, ата-аналар мемлекеттік тіл болашағына жәйбарақаттықпен, жасандылықпен қарайтын болсақ, өзіміз аялап өсіріп отырған жас ұрпақтан қандай жеміс күтеміз? Осы жағын ескі жараның бетін тырмалағандай айта бермей, нақты нәтиже беретін талап биігінен қайтсек көрінеміз?! Осы бір үлкен сауал күн тәртібінен түспеуі тиіс. «Көш жүре түзеледі» деп арқаны кеңге сала бермей әр қайсысымыз қазақ тіліне қайран қалатынымызды үлкенге де, кішіге де ұғындырған сайын ұтарымыз көп болады.
Үшіншіден, тіл тәрбиесіне ата-аналардың бәрі бірдей тиісті көңіл бөле бермейді. Оған мысал көп. Жекелеген ата-аналар ұл-қыздарының балалар бақшасында тәрбие ала жүріп, қазақ тілінен гөрі орысша немесе ағылшын тілдеріне бейімділік танытатынын байқамайтындар да бар. Сырт көзге сыпайы көрінгілері келетіндіктен бе, «Біз үйде балаларымызбен тек қазақ тілінде сөйлесеміз. Балабақша тәрбиешілері де мемлекеттік тілде тәрбиелейді» деп өздерін ақтағанды жақсы көреді. Іс жүзінде солай да болуы мүмкін. Әйткенмен, бұл жерде бір айтыла бермейтін сыр бар. Мәселен, балабақшадан қайтқан жасөспірімдер үйге келісімен ғаламтор арқылы берілетін мультфильмдерді тамашалайды. Бұл фильмдер негізінен орыс және ағылшын тілдерінде ғана баяндалады, әрі түрлі түсті бояулармен көрсетіледі. Сондай-ақ жас бүлдіршіндерге түсінікті болу үшін қасқырдың, түлкінің, қоянның және тағы басқа да аң-құстардың суреттерін көрсетіп, олардың аты-жөндерін атап, таныстырады. Дүниетанымы кеңейіп келе жатқан әрбір жеткіншек мұндай көріністерді тез қабылдайды және қандай тілде берілсе де соны есте сақтауға құлшынады. Мұндай сапалы әрі саналы мультфильмдерді қазақ тілінде неге шығармасқа? Әлде қазақ тілін насихаттауға қаржы жеткіліксіз болып жүр ме? Қалай десек те балауса бүлдіршіндеріміз үшін қазақ тілінде әңгімелейтін қызықты мультфильмдерді экранға шығару кезек күттірмейтін міндет болуы тиіс. «Барлық жақсылығымыз балаларға» деген ұранымыз іс жүзінде орындалғанда ғана мемлекеттік тілдің мерейі арта түсері хақ.
Сондай-ақ қазақ тілін тиімді үйретудің мынадай жақтары да назардан тыс қалып барады. Атап айтқанда, бұрынғы кездегідей немере, шөберелеріне ертегі айтып отыратын немесе батырлар жырын оқытатын аталар азайып барады. Сонымен бірге есі кіре бастаған ұл-қыздарына әсерлі әңгімелер айтып отыратын әжелерді де кездестіру сирегендей. Осындай рухани байлықты дәріптеудің орнына немерелерімізге бағалы сыйлықтар беруді жақсы көретініміз жасырын емес. Әрине, әркім өз ұрпағын қалай еркелетеді оны өзі білетін шығар. Бірақ еркелетудің де шеңбері болуға тиіс. Ұрпағымызды еркелете отырып, аса құнарлы тіл-қазақ тілінің бай мұрасын жан-жақты түсіндіре білсек ұтарымыз көп.
Төртіншіден, атам қазақ: «Өнер алды қызыл тіл» деп тауып айтқан. Ұлттық өнеріміздің қай түрі болса да аса қажет. Мәселен, қол шеберлерін мақтаған кезде «ағаштан ою ойған, темірден түйін түйген» деп құрметтеген. Ал, әсем әншілерді «күміс көмей, жез таңдай» деп бағалаған. Мұндай теңеулерді тізбектей беруге болады. Ең бастысы өнер алды қызыл тіл екенін жадымыз- дан шығарып алмайық. Тіліміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болған сайын қоғамдық дамудың қажетіне жарайды деп сенеміз.
Мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп ,оны дамытудың жолында атап айтарлықтай істердің қолға алынып жатқандығы қуантады. Дей тұрғанмен, қазақ тілінің кейде қалтарыста қалып қоятындығы тіл жанашырларын мұңайтады. Қалалардағы қазақ тілінде жазылған жарнамалар мен хабарландыруларды оқыған кезде тіл сындырып алатындай түсініксіз сөйлемдерден көз сүрінеді. Әсіресе, жергілікті халыққа көрсетілетін қызмет түрлері әлі күнге дейін орыс тілінде жазылатындығы жанға батады. Оның себебін сұрай қалсаң кәсіпкерлер: « Біз қазақша баламасын таппадық» деп қысқа қайырады. Кейде тіл мамандары да мұндай келеңсіздікке көз жұма қарайтын сияқты. Турасын айтқанда, орысша жазылған сөйлемдердің мән-мағынасын жете түсіндіруге қазақ тілінің қуаты жететіндігін неге ескермейміз?
Осыдан отыз шақты жыл бұрын тоқсанның төріне шыққан бір қарияның қазасын естіп, марқұмның отбасы мен туған туысқандарына көңіл айту үшін барғанымыз бар. Күтпеген жағдайға тап болдық. Үйге кіре берген кезде орта жастағы бір әйел атасын жоқтағанды өлеңмен айтып қарсы алды. Жасы үлкен кісі екен, неге сонша мына әйелдің етегі жасқа толып отыр деп ойлағанмын. Әлгі әйел сүт пісірімдей уақыт арнайы жоқтау айтып, көңіл айтушыларды еріксіз тыңдатты. Сәлден кейін, сол әйел адам қонақ бөлмесіне жиналғандарға шәй құйып беріп отырып, былай деді:
-Ардақты ағайындар, мен марқұм атамның үлкен келінімін. Ол кісінің зайыбы бұрынырақ дүние салған. Өз кіндігінен тараған қыздары жоқ. Ұлдары әкелерін қалай жоқтап жатқандығын көрдіңіздер. Бұрынғының сара жолы деп атама арнаған жоқтауымды айтып шықтым. Бұл да қазағымыздың ежелгі дәстүрі ғой, – деп көңілімізді сабасына түсірді.
Осы мысалдың өзі-ақ қазақ тілінің көркемдік, тәлімдік, адами құндылықтарды бағалай білетіндігін дәлелдей түскендей.
Бесіншіден, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейте беру жолында ақындар айтысын тұрақты өткізіп тұрудың өзіндік бір пайдасы жетерлік. Айтысқа түскен ақындар, боз кілемде кездескен палуандар секілді бір-бірінен айласын асырып, жеңіс тұғырынан көрінуді көздейді. Бұл да дұрыс шешім. Алайда, арқалы ақындарымыз дүйім жұрттың алдына шыққаннан кейін бір-бірінің қара басын қажақтай бермей, ел мүддесіне сай келетін мәнді мәселелерді тілге тиек еткендері аса қажет. Кей кездері мұндай талап биігінен көріне алмайтындар да кездесіп жатады. Меніңше қазақтың сөздік қоры өте бай. Сол байлықты тапқырлықпен, шешендікпен, шеберлікпен тиімді пайдалана білген ақындарға үлкен де, кіші де алғыс айтып, таланттарына бас иеді. Айтыс ақындары жанкүйерлер тарапынан өздеріне қойылатын талап пен талғамның жүгі ауыр болуымен қатар жауапкершілігі зор екендігін тереңінен түсінсе дейміз. Өйткені жер бетінде қазақ сияқты айтыс өнерін өркендетіп отырған төрт-бес ұлт қана бар екендігін мақтаныш тұтсақ артық емес. Ең бастысы, ақындар айтысы олжа табудың ордасы болып қана қоймай, ана тіліміздің артықшылығын айқындай беруі мен ұлттық рухымызды асқақтата түсудің үлкен бір өнер арнасы болып табылса дейміз.

Мемлекеттік тіл туралы толғанысым мен тебіренісім әлі де жалғаса береді. Бұл қазақ қаламгерлері үшін қай кезде де тың тақырып іспетті. Өз ойымды мынадай өлең шумақтарымен түйіндейін:
Өз тіліме өзім қайран қаламын,
Бұл тілі ғой ұлы Абай дананың.
Бұл тілі ғой Мұқағали, Қадірдың,
Сөздерінен тәлім-ілім аламын.

Қазақ тілі қайырымды, қуатты,
Сәулесіндей арай күннің шуақты.
Жылы сөзбен жетімдерін жебесе,
Мүгедекке қолдау жасап жұбатты.

Қазақ тілі қай кезде де құрметті,
Ақындар да осы жайды жыр етті.
Ақ батасын берген сайын үлкендер,
Жас қауымның жүректерін тербетті.

Қазақ тілі қылыштай бір қайратты,
Парасатқа пайымдаған айбатты.
Достық дәнін сыйға тартып әркезде,
Ұлт біткеннің жұлдыздарын жайнатты.

Қазақ тілі рухы биік, қанатты,
Ұлт дәстүрін ұлылықпен жаратты.
Мақалдарын, мәтелдерін қазақтың,
Өмірлік бір бойтұмардай таратты.

Ахметжан ҚосаҚов,
ҚР еңбек сіңірген қайраткер.

Leave A Reply

Your email address will not be published.