Қазіргі медианың артықшылығы
Ақпараттың оқырманға жедел жетуі, оны жеткізудегі әр түрлі мүмкіндіктердің болуы, кері байланыс, барлығын бірінші болып білу, керемет емес пе? Бұл қазіргі медианың бізге берер үлкен мүмкіндігі мен сыйы.
Қай ғасырды алып қарасақ та, ақпаратты жеткізу, қабылдау қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі болған. Сонау ата-бабаларымыздың өмір сүрген дәуіріне тоқталатын болсақ, онда да ақпараттың ерекше орын алғандығына көз жеткізе аламыз. Неге? Өйткені, сол уақыттың өзінде-ақ, әр түрлі жағдайларға байланысты халық пен хандық арасындағы байланысты нығайту үшін көршілес елдермен татулықты сақтау мақсатында ақпарат көзімен алмасып тұруға тырысқан.
Ал, бүгінгі таңда ақпараттың жылдамдығы мен маңыздылығы дәл бір теңіз толқынындай, адамзатты жаулаған, өміріміздің ажырамас бөлшегі. Тіпті, біз ақпарат заманында өмір сүреміз десек те, жаңылмаймыз. Оны жасаушы кім? Әрине, өзіміз, адам баласы. Ешнәрсе өздігінен бола қоймайды, оған қандай да бір себеп, соны жасаушы адам керек.
Табиғаттың заңдылықтарын санамағанда яғни, ақпараттың пайда болуына қандай да бір жағдай себеп болады. Соңғы жылдарда көптеген жаңа технологиялық құралдардың күн өткен сайын дамып, екі есе тиімді болуына орай, медиа саласы да қарқынды түрде жұмыс атқаруда және оның қоғамға, мемлекетке деген ықпалы зор. Соның арқасында оқырман ақпаратты тез арада алып, басқа адамдармен бөлісуге деген мүмкіндігі болады. Оны жоғалтып аламын, оқып үлгере алмаймын, қайдан табамын деген сұрақтар мүлдем туындамайды. Бар болғаны ұялы телефон немесе компьютердің болуы жеткілікті. Сол арқылы ғаламтордан кез келген сайтты ашып, өзіңе қажетті мәліметті ыңғайлы уақытта оқи аласың.
Бұл қазіргі таңдағы медианың адамға беретін мүмкіндігі мен артықшылығы. Ал, өзімізге жақсы таныс дәстүрлі ақпаратты алу жолына тоқталсақ, өкінішке орай оның қарқыны бәсеңдеуде. Иә, газет оқитын адамдардың саны аз, бірақ сонда да бар. Оның басым көпшілігі, әрине, үлкен кісілер. Заманауи технологиялық құралдарды қолдана алмағандықтан емес, газет оқудың өзіндік ләззәті бар болғандықтан, әлі күнге дейін жаңа басылымдарды күтіп отыратын ата-әжелеріміз баршылық.
Еліміздегі дәстүрлі медиа өзінің бастауын сонау 19 ғасырдың басынан ала отырып, бүгінгі күнге дейін біршама өзгерістерге түскен. Оған мысал ретінде ерте кездегі газет шығару әдісін айтуға болады. Сол кездегі газетке ақпараттың шығуы, оның жасалу, басылу жолдарында техникалық құралдардың тиімсіз әрі жеткіліксіз болуы салдарынан біраз қиындықтар туындаған болатын.
Ал, қазіргі таңда керісінше, әр ауданда, қалада өздерінің облыстарына қатысты шығып отыратын газеттері бар. Әрине, олардың газет бетіне ақпаратты түсіріп, шығаруында аса көп қиындықтар бола бермейді, болған күннің өзінде техниканы жөндеу көп уақытты ала қоймас. Бұдан бөлек, жекеменшік иелері де кең етек жаюда, бірақ басым бөлігі сайт ашуға қатысты. Қазақстанда «Kz» доменімен тіркелген 3000-ға жуық сайт бар. Бұған қарамастан, елдегі медианың дамуы әлі күнге дейін басқа мемлекеттерге қарағанда төмен. Иә, бізде барлық қолдануға болатын техникалық, технологиялық құралдардың саны аз емес, сонда да өте баяу процесс үстінде. Оның бірден бір себебі, елімізде медиасауатты және білікті мамандардың аз болуы.
Егер, мектеп бағдарламасына медиасауаттылық бойынша білім енгізіліп, оның маңыздылығы, болашақта берер мүмкіндіктері мен пайдасы түсіндіріліп, талданатын болса, онда қарапайым халық та біршама сауатты болатын еді. Балаларына сабақ бойынша көмектесе отырып, ата-аналардың өздері де медиа тұрғысынан біраз нәрсе білер еді.
Қоғамда медиасауатсыз жандар жоқ емес. Оны тұтас жоя алмасақ та, санын азайтуға тырысуымыз қажет. Өйткені, қаласақ та, қаламасақ та болашақ – медиа әлемінде.