Ақпараттық портал

Ауылға арка орнатылды

Берекелі Бірлікүстем ауылы ауызбіршіліктің арқасында кейінгі жылдары өсіп-өркендеп, көркейіп келеді. Ауыл көшелеріне түгелдей асфальт төселіп, барлық көшелер жарықтандырылды, көгілдір отынмен қамтылып, ауыз су мәселесі де толықтай шешімін тапты. Мектеп бітіруші түлектер жыл да ауылымыздың көркеюіне өз үлестерін қосуда. Биылғы жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер де мұндай игілікті істен сырт қалмады. «Туған жерге туыңды тік» демекші, Бірлікүстем ауылының кіреберісіне арка орнатты. Оның бір ерекшелігі – түнде жарық шамдары жанып тұрады.
30-мамыр күні арканың ашылу салтанатына ауыл әкімі А.Қуанышов, ауыл имамы Ж.Алимбеков, ауыл ақсақалдары А.Смайлов, Т. Мұстафияров, өзге де ауыл қариялары, ұстаздар және 1986 жылғы мектеп түлектері қатысты. 83 жастағы қария А.Смайлов ақ батасын беріп, Бірлікүстем ауылы қақпасының лентасын қиды. Қазақ дәстүрі бойынша М.Үметаева мен О.Алипбаева апайлар ақ тілекпен шашуларын шашты, ал түлектер Алтай ағамыздың үстіне шапан жапты.
Келесі кезекте жиналған көпшілік Домалақ-Ене атындағы мектепке келді. Мұнда да түлектердің демеушілігімен мектепке жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұғалімдер бөлмесі жабдықталған. Ауыл қариялары мектептің ішкі көрінісінің әдемілігіне риза болды. Мектеп директоры Р.Қойбағарова түлектердің ұстаздарға арнап жасаған кабинетін көрсетіп, демеушілік жасаған азаматтарға алғысын білдірді. Мұнан кейін ауыл ақсақалдары мен түлектер Бірлікүстем мешітінде 150 адамға дайындалған дастархан басына жиналды. Түлектер бірге оқып, дүниеден өткен құрдастарына арнап құран бағыштап, ас берді.
31-мамыр күні жомарт жүректі жандардың демеушілігімен ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Көкпар, аударыспақ, бұқа тартыс және кір тасын көтеру сайыстары өтіп, ауыл тұрғындарының ризашылығына бөленді. «Сараң үйге кісі түспесін, парақор биге ісің түспесін» деп Мөңке би айтқандай, ауыл түлектерінің туған ауылына деген қамқорлығы келешек жастарға үлгі болады деп сенемін. Өйткені, олар өз ауылына жасаған жақсы амалдарының нәтижесінде қариялардың батасын алып, мейірімі мен шапағатына бөленді.
Азимхан Ташметов,
Бірлікүстем ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.