Туған ел аза тұтты
Кім күткен тілсіз жауды, өрт дегенді,
Бұл зауал қоздырады дерт дегенді.
Қызыл от Семей жақты шарпып өтіп,
Көрсетті көзімізге көрмегенді.
Сол өртте адам өліп, қайғы басты,
Қорқыныш қаумалады кәрі-жасты.
Осындай сын сағатта кейбір бастық,
Табанмен таптағандай ар-намысты.
Жан-жаққа суық хабар тарап кетті,
Аймақты төтеншелер шолып өтті.
Әп-сәтте өрт дегенім өршіп кетіп,
Жасыл бақ, көрікті жер жанып кетті.
Аянып қалмады тек орманшылар,
Жол іздеп, от қоршаған ордан шығар.
Танытты адалдығын өз ісіне,
Еліне ерліктері қорған болар.
Мемлекет басшысының өзі келді,
Өртенген өңірлерді көзбен көрді.
Жандармен жергілікті сыр алысып,
Жағдайды жақсартуға сөзін берді.
Халыққа көңіл айтты шын жүректен,
Кең еді кеудедегі көңіл неткен.
Шіріген шенеуніктің шала ісіне,
Кешірім сұрады ол көпшіліктен.
Шошытты орны толмас қайғы жұртты,
Берілсін кінәліге жаза мықты.
Президент Жарлығына құлақ асты,
Туған ел дүйсенбіде аза тұтты.
Ахметжан Қосақов