Ел іші – өнер кеніші
Халық арасында «Ән көңілдің ажары» деген даналық дәні бар. Сонымен қатар, «Ел іші – өнер кеніші» деп те жатады. Мұның астарына мән берген жан мәдениет пен өнер халықтың рухани байлығы және шөл қандыратын қайнары екенін ұғатыны анық. Ал, күнделікті күйбең тірліктен тыныстағысы келген жан әуезді ән мен күмбірлеген күйге құлақ түріп, мың бұралған бишілердің өнеріне қол соғатыны бар.
Шу өңірі ежелден өнерпаздарды өсіріп, тарландарды түлеткені белгілі. Кешегінің кемел жолын бүгінгі буын жүйелі түрде жалғастырып келеді. Оны қала мен ауылдық округтерде ұйымдастырылып жүрген сазды бағдарламалардан байқаймыз. Аудан әкімі Бақытжан Жәнібековтың бастамасымен өтіп жатқан «Ауылым – ән бесігім!» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар ұсынған сазды бағдарламалар легі айтарымызға анық дәлел болуда.
Бекітілген жоспарға сәйкес әр ауылдың өнерпаздары аптаның жұма күндері аудандық Мәдениет үйінде әннен шашу шашып, күйден күмбір төгіп келеді. Мәселен, мамыр айының басында Көктөбе ауылдық мәдениет үйі мен Абай ауылдық клубы шараның шымылдығын ашып берсе, аталған өнер шеруін Балуан Шолақ пен Бәйдібек, Көкқайнар, Бірлік, Бірлікүстем, Белбасар, Далақайнар, Шоқпар, Оразалы батыр және Баласағұн ауылдық клубтары мен мәдениет үйлерінің өнерпаздары аудан тұрғындарына сазды бағдарламаларын ұсынған. Енді, шілде айының екінші жұмасына дейін Қонаев пен Жаңа жол, Алға және Сауытбек, Қорағаты, Ақтөбе, Шу қаласының өнерпаздары інжу-маржандарын тарту етпек.
Сазды бағдарламалар барысында ауылдың намысын қорғауға бекінген үлкенді-кішілі өнерпаздары аянып қалмағандары байқалады. Әсіресе, әжелер салған әндер тұла бойды балқытып, өзіңді бір сәт бала сезінуге жетелейді. Сол секілді қызғалдақтай құлпырған биші қыздар кәнігі кәсіби бишілерге ұқсап бағып, көрерменнің қошеметіне бөленді. Ақындар жырын, әншілер әнін, басқалары барын көрсеткен «Ауылым – ән бесігім» атты сазды бағдарламалар өте жоғары деңгейде өтуде.
-Бұл шараны өткізудегі басты мақсат – қалалық және ауылдық мәдениет үйлері мен ауылдық клуб қызметкерлерінің жұмысын ширату. Сондай-ақ өскелең ұрпақты өнерге баулу, үлкен сахнаға бейімдеу әрі ауылдағы талантты жандарды таныстыру болып табылады. Мамыр айынан бастау алған сазды бағдарламалар кестеге сай өтіп келеді. Әрбір ауыл осы шараға тыңғылықты дайындықпен келетіні көрініп тұрады. Басылым бетін пайдалана отырып тағы бір мәрте алғыс айтқым келеді,-дейді аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Жазықбаева.
Б.Емберді