Шу қаласы тұрғындарының назарына!
Мотоциклшілер бас миының ауыр ашық, жабық бассүйек-ми жарақатымен, сондай-ақ сан сүйегінің күрделі аралас сынықтарымен, аяқ сүйегінің және тобық буынының күрделі сынықтарымен, өте ауыр (кома) жағдайда Шу қалалық ауруханасының жаңсақтау бөлімшесіне жиі түседі. Неліктен бұлай болып жатыр? Басты себеп – қауіпсіздік ережелерін сақтамағандықтан, бастарына қорғаныс каскасын кимегендіктен. Ай сайын кем дегенде 1-2 мотоциклші өте ауыр жағдайда жатқызылады. Мен реаниматолог ретінде Шу ауданының мотоциклшілерінен сұранарым, тым болмаса касканы киіп жүрсеңіздер, бұлай болмас па еді… «Сақтықта қорлық жоқ!», «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде», «Сақтансаң, сақтаймын!” деген нақыл сөздер тегін айтылмаса керек. Адамға өмір бір-ақ рет беріледі. Өкінішке орай, осындай келеңсіз жағдайлардан кейін көптеген адамдар бұл өмірмен қош айтысады. Өлім жасты таңдамайтынын ұмытпаңыз!
Ахмедияр Өскенбай,
Шу қалалық ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі.