Ақпараттық портал

Бала тәрбиесінде әкенің орны бөлек

Қазіргі жаhандану заманында ұлттық құндылықтарымыздың қауhары қалмай бара жатқандықтан, жастарымыз ұлтымызға тән емес жүгенсіздікке ұрынуда. Жастар арасында теріс қылықтарымен ата-анаға ұят келтіретін болдым-ау деп жүрген баланы көрмейсің. Өйткені, оның себебі отбасындағы тәрбиеге мән берілмеуінде. Тағы бір себебі әулеттегі әке тұлғасының, әкелердің айтар сөзінің әлсіреуінен бе деп ойлаймын.
Әке жұмысбасты. Ал, баланың бүкіл қимыл–қозғалысы, әдебі мен әдеті, оқу-тоқуы ананың мойнында. Байқап отырсақ, аналардың да басым бөлігі жұмысбасты. Солай бола тұра, тәрбиенің барлық ауыр салмағы ананың мойнына ілінген. Бұрынғы кезде үйдегі бала байқамай бір нәрсені бүлдіріп қойса, бұзақылық жасаса «Әкеңе айтамын, қап бәлем, әкең келсінші» дегендей сөздермен балаға тоқтам айтылатын. Әке дастарханға отырғанша ешкім дәмге қол созбайтын. «Әкең демалып жатыр, мазасын алмаңдар» деген сөздерді айтып, үйдің бас иесінің беделін көтеретін. Осының барлығы айналып келгенде бала бойына әкенің қадір-қасиетін сіңіре білу емеспе! Сонда бала үйде болсын, түзде жүрсін әрбір әрекетіне әкесінің көзімен қарайды. Осылай істесем, әкем ренжіп қалмас па екен, зекіп ұрыспайды ма екен деген ойда болады. Бір жаққа бару үшін әкеден міндетті түрде сұрану керек.
Әр саналы әкенің тәрбиесі ұл бала өмірінің басты қағидатына айналуы керек. Ұл бала әкесімен бірге отырып елдік, ерлік туралы әңгімелессе, әкесімен бірге көлігін жөндеуге қолқабыс етсе, қора–қопсыларын тазалап, мал жайғауға көмектессе, спортпен айналысса, ол баладан жамандық шыға қоюы екіталай. Бала әкесіне қарап бой түзейді. Балаларымыздың ұлттық санасын қазақтың әдебиеті мен өнерін, ертегілер мен аңыз әнгімелерін, батырлар жыры мен шежірелерін, ырым-тыйымдары мен мақал–мәтелдерін әр отбасында әкесі жаттатып отырса, міне нағыз ұлттық тәрбие деп осыны айтуға болады.
Әке үшін балаң жақсы болса, төрге шыққаның. Балаң жаман болса, көрге кіргенмен бірдей. Қоғам болып, ел болып, жұрт болып, бала тәрбиесіне әкелердің бетін бұрғызу ауылдағы қариялар мен аға ұрпақтың парызы. Әке баласын қолына алып, әлпештеуден бастап, оның сабағын, тәртібін, қылық, қимылын қадағалап отырса, әкелік мейірімін төксе, әкелік сезімін арнаса, ешбір бала жаман болмайды. Қорыта келе, «Әкелер кеңесінің» жұмысын әр ауылда жандандырып, белсенді жұмыс жасауға шақырамын және сол жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!

Күмісхан Баялиев,
Алға ауылдық «Әкелер кеңесінің» төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.