Туралықты тұғыр еткен Төле би
Төле би Әлібекұлы – қазақ қоғамының көрнекті саяси қайраткері, белгілі шешен, Тәуке ханның жақын кеңесшісі, «Жеті Жарғы» әдет-ғұрып заңын құрастырушылардың бірі, ұлы жүздің аға биі. Артында «Бүтін билікке Төле би жеткен» деген сөз қалған тарихи тұлға.
Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Шу өңірінде туған. Бала күннен жас Төле әкесіне еріп жүріп, ел көреді, жұрт таниды, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алады. Төле би өз халқының шешендік өнерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнерінің арқасында таныла бастаған.
Төле би қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп көтеруге, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын «Жеті жарғының» қабылдануына атсалысты. Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, Жоңғар басқыншылығына бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйытқы болды. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан.
Төле би қиын кезеңде өмір сүрген. Аңызға сүйенсек, жоңғар әскері ұлы жүздің аумағына кіріп келгенде жергілікті тұрғындар баспаналарын қалдырып, қашып кеткен. Тек Төле би ғана өз үйін тастамады. Әскер қолбасшысы одан «неліктен қашпадың»-деп сұрағанда ол киіз үйдің үстіне ұя салған қарлығашты көрсетіп, құстың тыныштығын бұзғысы келмейтінін айтқан. Бұған таң қалған жоңғарлар бидің өмірін сақтап қалған. Осы сәттен бастап адамдар оны «Қарлығаш әулие» деп атап кеткен.
Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылған нақыл сөздер, мақал-мәтелдер, билік кесімдер де ел арасында кеңінен тараған. Төле бидің есімі тек ұлы жүзде ғана емес, орта жүз бен кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: «Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» -деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жетеріне жеткізіп айту мүмкін де емес. Өйткені, олар бірге жүріп, бір-бірінің қадір-қасиетін жете таныған алыптар.
Төле би өзі 12 жыл билік жүргізген Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген.