балаларын бақытына балаған жан
Қай кезде болмасын отбасындағы әкенің рөлі қашан да ерекше. Ол отбасының тірегі, қамқоршысы, асыраушысы әсіресе, әр саналы ер азамат ұл баланың тәрбиесінде, оның лайықты азамат болып қалыптасуында орны бөлек тәрбиелеуші. Осындай жәйттерді ескерген ел үкіметі ағымдағы жылы Қазақстан Республикасындағы мерекелердің тізімін әр жылдың маусым айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Әкелер күні мерекесімен толықтырды. Мереке маусым айының үшінші жексенбісінде әлемнің 30 елінде, оның ішінде Түркия, Аргентина, Ұлыбритания, Венесуэла, Греция, Үндістан, Ирландия, Канада, Мексика, АҚШ және басқа да бірқатар елдерде тойланады екен.
Ал өз елімізде ағымдағы жылы Әкелер күні 18-маусымға сәйкес келіп отыр. Мақсат – дәстүрлі отбасылық құндылықтарды насихаттау, «Ынталы ата-ана» идеясын, сондай-ақ отбасының тұрақты дамуы мен бала тәрбиесіндегі әкелердің рөлін ілгерілету болып табылады. Биыл елімізде алғаш рет аталып өтетін Әкелер күні мерекесі туралы біз де жергілікті оқырман қауымды газет арқылы ақпараттандырып, қоғамда әкелік рөлін адал атқарып жүрген жерлестеріміз жайлы мерекелік мақала жариялауды және мұны қатардағы қарапайым азаматтардан бастағанды жөн көрдік.
Кейіпкеріміз Шу қаласының тұрғыны, өзінің қолдан келген кәсібімен нәпақасын тауып, отбасын асырап, ұл-қызын өсіріп, бетегеден биік, жусаннан аласа болмысымен күн кешіп келе жатқан қарапайым еңбеккер. Нақты айтар болсақ, өңіріміздің Белбасар ауылында 1973 жылы туып-өскен Қасенов Қанат Жұмабайұлы сол ауылдан орта білімді тәмамдап, ержетіп, есейген шақта уақыт ағымында түрлі істі кәсіп қылады. Кейін Нағима есімді жарымен отау құрып, отбасылық өмірге қадам басады. Жылдар легінде екі қыз, төрт ұлдың әкесі атанған кейіпкеріміз бүгінде перзенттерінің жарқын болашағы жолында тынбай тер төгіп келеді.
– Өзім де көпбалалы отбасынан шықтым. Бір шаңырақта төрт ұл, төрт қыз өстік. Әкем Белбасар ауылында қызылша алқабының бригадирі болды. Сол кісілер бізді жастайымыздан еңбекке тәрбиеледі. 5-6 сынып оқып жүрген кезімізде таңғы сағат 6-дан қызылша алқабында еңбек еттік. Бүгін де өз балаларымды еңбекқорлыққа баулуға тырыс келемін,-дейді Қанат Жұмабайұлы.
Бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырмай, ұл-қызының бойына жұбайымен бірге өнегелі тәрбиені сіңіруге күш салуда. Перзенттерінің алды биыл тоғызыншы сыныпты аяқтап, өзі таңдаған медицина саласы бойынша оқуға тапсыруды жоспарлап отыр. Аман есімді кенжесі екі жасқа таяп қалды. Мемлекеттік мекемеде тұрақты жұмыс атқармаса да, жеңіл көлігімен жүргіншілерді тасымалдау, құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру сынды тынымсыз тірлігінің арқасында үлкен үй салып, бүгінде іші баланың былдырына бөленген, шаттыққа толы шаңырақтың иесіне айналды. Жеке үйдің құрылыс жұмыстарының басым бөлігін де өз қолымен атқарған. Көбіне түсқағаз жабыстыру, түрлі деңгейдегі сылақ жұмыстарын жүзеге асырады.
Көпбалалы отбасы ретінде балаларға, сондай-ақ, көпбалалы ана, күміс алқа иегері ретінде жұбайына мемлекеттен арнайы жәрдемақы төленеді. Алайда, байқағанымыз, Қанат аға мемлекеттің жәрдемақысына жүк артып, қол қусырып қарап отырған жоқ. Қашан көрсеңіз, үнемі тіршілік үстінде. Әңгімелесу барысында байқағанымыздай, балаларына деген мейірімі де шексіз. Бұған солардың жарқын болашағы үшін тынбай тірлік етіп келе жатқандығы да айқын дәлел. Бұл тұста жеке жеңіл көлігінің рөлі ерекше көрінеді. Сөз арасында жүк тиегіші болғандықтан, жолаушы тасымалымен қоса жүк тасымалын да қатар алып жүретін, үйден шықса, табыссыз оралмайтын көлік екендігін тілге тиек еткен болатын. Алайда, бала тәрбиесінде де оны жастайынан өз бетімен еңбектенуге, бар мен жоқтың бағасын білуге, қолда бардың қадірін біліп, қаражатты орынды жұмсауға үйретудің де маңызы зор екендігін жеткізді.
-Еліміздегі мерекелер тізіміне Әкелер күні деп аталған жаңа мерекенің қосылғандығын өзіңізден естіп отырмын. Осы уақытқа дейін жұбайым қоғамдық көлікте тегін жүру, салықтан босатылу сынды жеңілдіктерге ие екендігін, ал бала екеумізге ортақ болса да менің мұндай істерге еш қатысым жоқтығын айтып қалжыңдайтын. Енді, Әкелер күні мерекесінде біздің де абыройымыз бір асқақтап, еңбегіміз еленетін болды,-деп әзіл аралас ойын білдірді.
Қанат Жұмабайұлының айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын бұл отбасы да өзге қарапайым жұртшылық өкілдері секілді тұрмысқа байланысты қиын күндерді бастан өткерген. Тұрғындарға түрлі банктерден жаппай несие беріліп жатқан тұста отбасылық қажеттілікке байланысты несие алып, оны қайтару жолында біраз қиындықтарға кезіккен. Дегенмен, бұл азаматтың қашан көрсеңіз әуелетіп ән шырқап, көтеріңкі көңіл-күйде жүргендігін байқап, тіршілік тауқыметін көрген адамға ұқсата қоймайсыз. Бір қарағанда құдды бір уайымы жоқ, көңілі тоқ жандардай, жәйбарақат өмір иесі іспетті көрінеді. Өз ісіне адал және сол адал кәсібі арқылы нәсібі молайып, барын бақытына балаған отағасы деп бағамдадық.
Өзі жақсы көретін отбасы, балалары барына шүкіршілік еткен кейіпкеріміз сөз соңында: «Саясат саласында да түрлі өзгерістер орын алуда. Мемлекет басшылығы жаңа Қазақстанды құру жолында тың бастамаларды көтеруде. Мұндай жағымды жаңалықтарды күнделікті теледидардан естіп, біліп отырамыз. Біздің тілегіміз – ең бастысы, елімізде бейбітшілік мәңгі болсын дейміз. Соңғы жылдары әлемді жаман індет жайлады. Табиғи апаттардың жиілеп бара жатқанын да байқап жүрміз. «Апат айтып келмейді» дейді халық даналығында. Алдағы уақытта еліміз, өскен ортамыз сондай көлденең кеселден аман болсын»-деген тілегін жеткізді.
Біз де өз кезегімізде көпбалалы әкені Әкелер күні мерекесімен құттықтап, жылы лебізімізді білдірдік.
Д.Батырхаирова