Мамандығы – мақтанышы
Ауданымызға қарасты Тасөткел ауылы, Шерхан Мұртаза атындағы орта мектептің орыс тілі пәні мұғалімі Рыскелдиева Күлсан Абдувалиқызы 18 жасында Саттархан атаның отбасына келін болып түскен екен. Алматы темір жол колледжін тәмәмдап жатқан тұста атасы Күлсанмен ілесіп барады, сол кезде оның өз ортасындағы абырой-беделіне, өнеріне, біліміне тәнті болып, сенімділікпен сәттілік тілеп, батасын береді.
Жаратқан иеміз Күлсаннан өнерді аямапты, бойындағы кішіпейіл, қарапайым мінезі, үлкенге құрметі, кішіге ізеті, ес білгелі бойында қалыптасқан табиғи болмысы оның мамандығын өзгертуіне түрткі болған. Күлсанды ұстаздық әлемге жетелеген де осындай дара қасиеттері болса керек. Сол Тасөткел ауылдық округінің Аспара бекетіндегі бастауыш мектепке тәлімгер болып жұмысқа орналасты. Тараз қаласындағы көпсалалы «Өркениет» колледжінен білім алып, бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарды. Бастауыш сыныптағы сауаттылыққа үйрету, бала белсенділігін ояту, санасын дамытып, дүниетанымын арттыру үшін ол кәсіби басылымдарды оқып, ізденіп, сабақты қызықты өткізуге үнемі көңіл бөліп отырды. Жаңа технологиямен сабақ өтуге де бейімді. 2008 жылы сыни тұрғыдан ойлау технологиясы, 2010 жылы сатылай кешенді талдау технологиясы бойынша оқып, сертификат алды. Шымкент қаласындағы Аймақтық әлеуметтік инновациялық университетінің орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі мамандығын оқыды. Қазіргі таңда директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді.
«Әр тұлғаның тәрбиелі, жақсы азамат болып өскені біз үшін абырой. Шәкірттеріміздің өзімізге деген ілтипатын көргенде марқайып, беделді азамат болғанын еңбегіміздің жемісі деп бағалаймыз»-дейді кейіпкеріміз.
Б.ОМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы орта мектептің тарих пәні мұғалімі.
Тасөткел ауылы.