Ақпараттық портал

Ұлағатты ұстаз

Ұстаздар қауымына қатысты түрлі мерекелік шараларда, салтанатты жиындарда «Ұстаздық – ұлы қызмет», «Ұстаз – ұлы есім» деген сөздерді жиі естіп жатамыз. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарынан да ұстаздықты ұлықтап, олардың абыройын асқақтата түсетін нақыл сөздерді де жиі оқимыз. Солай бола тұра, өз арамызда күнделікті көз көріп жүрген, шын мәнінде өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін еселі еңбек етіп, бар ғұмырын баланың білімі мен тәрбиесіне сарп еткен ұстаздардың қоғамдағы рөлінің маңыздылығына баса мән бере қоймаймыз. Бар болғаны, өздерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бір ауыз жылы лебізімізді білдіріп, ара-тұра шағын сыйлықтармен марапаттаумен ғана шектелеміз. Ал, оның қоғамдағы, ұрпақ тәрбиесіндегі ұшан-теңіз рөлі жоғары деңгейде, жан-жақты насихатталмайды. Осыдан келіп жұртшылық өкілдері арасында ұстаз мәртебесін аласарту пайда болады және соңғы жылдарда мұндай жағдай қоғамда шынайы көрініс бере бастады. Сол себептен болса керек, 2019 жылы елімізде «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды.
Осылайша, ұстаздар қауымына деген құрмет жаңа екпін алып, жаңа заң ұстаздарға деген жаңа пікір қалыптастыруға негіз болғандай. Алайда, біз өз тарапымыздан ұстаздар қауымын қашан да құрметтейміз. Білім саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, өскелең ұрпақ арқылы жалпы қоғам тәрбиесіне қомақты үлес қосып жүрген ұстаздардың біз үшін де орны ерекше. Сондай жандардың бірі – жерлесіміз, бұрынғы Ақтөбе колхозы, қазіргі Балуан Шолақ ауылының тұрғыны Тортаева Жексенкүл Ахметқызы (суретте). Ол 1963 жылы аталмыш елді мекенде туып-өсіп, осы мекенде тұрмыс құрып, алғашқы еңбек жолын да осы ауылдан бастап, бүгінде қырық жылға жуық ұстаздық қызмет етіп келе жатқан, өз мамандығының білікті иесі. Кейіпкеріміз ауыл мектебінен он жылдық білім алып, 1981 жылы орта білімді тәмамдайды. Мұнан кейін 1982-84 жылдары Қарағанды қаласындағы Мәдени ағарту училищесін «Дирижер-хоровик» мамандығы бойынша бітірген. 1985 жылы туған ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданып, екі жыл осы қызметті тізгіндейді. Уақыт ағымында әдеп және жантану, музыка, өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі болумен қатар мектепте, интернатта тәрбиешілік, мектепте қыздар ұйымының төрайымы міндеттерін, 18 жыл сынып жетекшілік сынды жауапкершілігі зор міндетті де тыңғылықты жүзеге асыра білді. Ал, шамамен 1992 жылдан осы уақытқа дейін аталған мектепте нақты музыка пәнінің мұғалімі болып, табысты еңбек етіп келеді. Сол уақыттан бері түрлі біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, көптеген сертификаттарға ие болды.
Жексенкүл Ахметқызы мектепішілік сыныпжетекшілік байқаулардан қалыс қалмайды. Мектептің қоғамдық жұмыстарында да белсенділік танытып, халықтың рухани дамуына зор үлес қосады. Соның бір дәлелі, 1996-97 жылдардағы жалпы ел аумағындағы тоқырау кезеңдерінде ауыл өнерпаздарының басын біріктіріп, «Әртіс болғым келеді» атты ақылы концерт ұйымдастырады. Осы бағдарламамен Шу қаласы мен ауылдық жерлерді аралап, жиналған қаражатқа мектеп оқушыларына сахналық киім, сахнаға арналған перде, сахнаға сән беретін қолдан жасалған гүлдер сатып алып, халық композиторларын ұлықтайтын стенд жасайды. Ал, өзі сынып жетекшілік міндетін атқарып жүрген кезінде жасөспірімдер арасында теріс қылықтардың көбеюіне орай өз сыныбының оқушыларымен имамдардың қатысуымен дөңгелек үстел ретінде «Имандылық жарасады ұл-қызға» атты тәрбие сағатын өткізіп, осы арқылы жастардың өнегелі тәрбиесіне үлес қосты. Мектепте үйірме жұмысын жүйелі жүргізе отырып, «Әнші балапан» ән байқауы, белгілі композитор Ш.Қалдаяқовтың әндерінен ауылдағы 19-50 жас аралығындағы тұрғындар арасында ән кеші, әжелер сайысы, ән байқауы, қыздар мен келіндер сыны секілді көптеген шараларға ұйтқы болып, оқушылар арасында өткен көңілді тапқырлар алаңы сайысы да осы кісінің ұйымдастыруымен өтіп жатты. Мектеп қабырғасындағы тындырымды тірлігі үшін сол кездердегі мектеп директоры, қазіргі уақытта зейнеткер, ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы Есен Текебаев педагогикалық кеңесте Жексенкүл Ахметқызының еңбегін жоғары бағалап, оған арнайы Алғыс хат табыстайды.
Бұдан бөлек, қажырлы әрі жемісті еңбегі үшін кейіпкеріміз сан мәрте құрметке бөленіп, алғыс арқалап, абыройы асқақтады. Өзінің де, шәкірттерінің де білім айдынындағы жетістіктері баршылық. Мысалы, өткен жылы шәкірті Мейірім Төлеу жас өнерпаздар арасында өткен республикалық өнер байқауына қытысып, «Вокал» жанры бойынша бірінші орынды иеленсе, тағы бір шәкірті Нұрсезім Әлдибай «Хореография» жанры бойынша бас жүлдені еншілейді. 2019 жылы «Аналар – асыл жандар» атты балалар мен жасөспірімдер арасындағы республикалық байқауда «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша шәкірті Айжан Нұрмахамет І-орынның, «Өнерлі ұрпақ бірлігі» републикалық ән және өнер байқауында Рамазан Станбек І-орынның дипломымен марапатталады. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген республикалық өнер және білім байқауында «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша Рамазан Станбек бас жүлдені жеңіп алса, осы байқауда өзге де шәкірттері Есенгелді Арслан «Алтын жүлде», Қожагелді Балауса «Күміс жүлде» иегері атанды. Халқымыздың ұлы ақыны – Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткізілген ІІ-республикалық «Абай үні» ән байқауында үздік нәтиже көрсеткені үшін шәкірттері Жанбота Әутен мен Назым Амангелді ІІ-дәрежелі дипломдарға қол жеткізді.
Біз айтып өткен бұл марапаттардың барлығы республика-лық деңгейдегі байқаулардың жемісі. Одан бөлек, облыстық, аудандық деңгейдегі бірнеше байқауларда бақ сынаған өзге де шәкірттері тек жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Мұның барлығы ұстаздың тынымсыз тірлігі мен ізденіске толы қажырлы еңбегінің айғағы. Сол себептен болса керек, бұл тұста кейіпкеріміз Жексенкүл Ахметқызы да талай марапаттың иесі атанды. Олардың барлығы түрлі байқауларға шәкірт даярлауда, мектептің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытып, мектеп пен қоса аудан абыройын асқақтатқаны үшін ұсынылды. Атап айтар болсақ, шәкірт тәрбиелеудегі жемісті еңбегі үшін мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының дипломымен, «Алтын ғасыр» шығармашылық орталығының Құрмет грамотасымен, «Білім нұры» республикалық журналының «Үздік музыка пәні мұғалімі» төсбелгісі, дипломы және Алғыс хатымен, республикалық білім порталына әдістемелік материал және сабақ жоспарларын салып, әдістемелік тәжірибе алмасып, белсенділік танытқаны үшін «Білімгер KZ» сайтының Құрмет грамотасымен, өткен жылы «Ұстаздар күні мерекесіне орай аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ, уақыт ағымында «Ұлағатты ұстаз» атты республикалық оқытушылар сайысында «Үздік ұстаз» номинациясына қашықтықтан қатысып, бірінші орынды еншіледі. Ұстаз бен шәкірттің жемісті еңбегі үшін ұсынылған марапат қатары мұнымен шектелмейді. Жексенкүл Ахметқызының өзге де бағындырған белестеріне орай жетістіктері бір төбе. Сонымен қатар, «Тәрбие құралы» республикалық ғылыми-педагогикалық журналына тәрбие сағаты және музыка пәнінен бірнеше ашық сабақтары жарияланған.
Қырық жылға жуық еңбек етсе де, қажыдым деген кейіп танытпайтын кейіпкеріміз қазіргі уақытта да қоғамдық істердің бел ортасында. Ұстаздар арасында өткізілетін түрлі деңгейлердегі ән байқауларына ұстаздарды даярлайды және бұл еңбек еш кетпей, өнерпаздар әрқашан жүлделі орындарды еншілеп келеді.
Бұдан бөлек, кейіпкеріміздің бойынан асабалық, ақындық өнер де табылған.
-Жалпы, өзім мектеп табалдырығын аттаған сәттен яғни, бірінші сынып оқып жүрген кезімнен сахнада ән айтып, би биледім. Уақыт өте келе қызмет етіп жүрген жылдарда он жылға жуық асабалық өнерді бойыма серік етіп, ауыл іші, ағайын-туыс арасында, бір рет Алматы қаласында асабалық қызмет те атқардым. Бұл өнердің жарыққа шығуына менің оқушы кезімдегі ұстазым, кейіннен әріптес ретінде бірге қызмет еткен Зейнекүл Зәуірбекова есімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі себепші болды. Кейін осы кісінің 50 жас мерейтойын басқардым. Ал, жуырда ауыл мектебінің 1986-жылғы түлектерінің демеушілігімен қолға алынып, жұмысы жемісті аяқталған шағын саябақтың ашылу салтанатында түлектерге алғыс ретінде өзімнің арнау жырымды оқып бердім. Осылайша, әрдайым көптің ортасында жүріп, жерлестерімнің алғысына бөленіп келемін,-дейді Ж.Тортаева.
Жылдар легінде екі ұл, екі қыз дүниеге әкелген Жексенкүл Ахметқызы жұбайы Айтжанмен бірге оларды саналы жандар қатарына қосты. Бүгінде сегіз немеренің ардақты ата-әжесі.
Байқағанымыздай, Ж.Тортаева-ның өмірі мен еңбек жолы тек шығармашылық ізденістен, қандай да бір жаңашылдық ойлап тауып, оны көпшілікпен бөлісіп, жалпақ жұртқа жария қылған жарқын сәттерден тұрады. Келесі жылы зейнеткерлік жасқа толатын кейіпкеріміздің алдағы ғұмырында ондаған жылдардың қойнауында қалған бейнетті күндерінің зейнеті молынан болсын демекпіз

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.