Ақпараттық портал

Жылы лебіз

Құрметті баспасөз ардагерлері!
Қадірлі журналистер қауымы!
Сіздерді меншікті мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел мүддесін бәрінен биік қойып, оның мәселесіне ет жүрегі езілетін сіздерге айтар алғысым шексіз. Сіздер қоғам тынысын тап басып, оны сол қалпында жеткізіп, билік пен бұқараның ортасына орнатылған алтын көпірсіздер. Бұл міндетті атқару нағыз кәсібіне берілген жандарға ғана бұйырған.
Әйгілі Алаш зиялысы Міржақып Дулатұлы «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деп тегін айтпаса керек. Себебі баспасөзінің қуаты бар елдің болашағы кемел болатыны сөзсіз. Ол үшін журналист өзіне жүктелген міндеттен айнымай әрдайым шындық жолында, елдік мұрат жолында жұмыс істеуі керек.
Халқымыз Шераға деп атап кеткен Шерхан Мұртаза «Журналистің жегені жаңтақ, арқалағаны алтын»деп тілшілердің тіршілігін баяндап берген. Сондықтан «алтын арқалаған» сіздерді қоғам қашан да құрмет тұтады.
Шу ауданында аға буын қабырғасын қатайтқан іргелі журналистика мектебі қалыптасқан деуге болады. Оны 88 жыл ішінде тер төккен баспасөз ардагерлерінің өлшеусіз еңбегіне қарап аңғарамыз. Әрі сол сара жол сабақтасып жас буын ағалар жүрген ізбен еріп келеді.
Аудандық «Шу өңірі»-«Шуская долина» газеті өңір тұрғындарының сүйіп оқитын басылымы екені белгілі. Аудан айнасына айнала білген басылымды өткір сын, өзекті мәселе, соңы жаңалықтар, өнегелі әңгімелер жарияланып тұрады. Шығармашылық ұжым оқырман қауымға бұдан әрі де қызмет ете береді деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, баянды ғұмыр, отбасы амандығын тілеймін! Ақпарат айдынында ақиқатты ту етіп, әрдайым абыройға бөлене беріңіздер! Қаламдарыңыздың қуаты азаймасын! Аман-сау болыңыздар!
Құрметпен, Әділ Несіпбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.