қызметі – өмірінің өзегі
Ауданымызда өзінің өмір жолында өнегелі із қалдырған тума таланттар жетерлік. Мұндай тұлғалардың қатарына бар саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, қызметімен қоғамға кеңінен танылған Қосақов Ахметжан Ақбұқаұлын жатқызуға болады (суретте). Жазу өнерінің шебері, талантты жазушы бүгінде өзінің ізін жалғап, республикалық, облыстық баспа басылымдарында табысты еңбек етіп келе жатқан бірқатар лайықты шәкірттерді тәрбиеледі.
Ахметжан ағаның бойындағы журналистика ісіне бейімділік Жамбыл атындағы орта мектепте (ауданымыздың қазіргі Көктөбе ауылындағы) оқып жүрген кезінде байқалады. Ол сол кезде-ақ, мектептің қабырға газетінің редакторы болады. Кейін аудандық «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетіне шағын мақалалар жаза бастайды. Оның шығармашылығы әу баста мектеп өміріне, туған ауылдың жаңалықтарына негізделді. Уақыт өте келе бойында ақындық талант пайда болып, аудандық газетке өзінің алғашқы жыр шумақтарын жариялайды. Әрине, ағаның шығармашылық туындыларының барлығы бірден жарыққа шыға қойған жоқ. Алайда, ол аудандық газет бетінен өзінің сәл аңғалдығы болса да, шын жүрекпен жазылған алғашқы туындысын көрген кезде ерекше қуанады.
Осы сәттен Ахметжан аға мектеп бітірген соң, жоғары оқу орнының журналистика мамандығына түсуді көздейді және нақты шешім қабылдайды. Бұл тұста бүгінгі таңда көпшілікпен бөлісетін уақыты жеткен жарқын оқиға орын алады.
Ахметжан ағаның сол кездердегі аудан басшысы, партияның аудандық комитетінің бірінші хатшысы болған Жапар Түйебековпен туыстық байланысы бар екендігін көпшілік біле бермейді. Мектеп бітіргеннен кейін жас талант иесі анасымен бірге жоғарыда есімі аталған азаматқа келіп, Қазақ ұлттық университеті, филалогия факультетінің журналистік бөліміне оқуға түсуге ықпал етуін сұранады. Алайда, бұл азамат өкінішке орай мұндай мақсатқа қол ұшын созатын таныс-тамыры жоқтығын айтып және Жамбыл Омаров атындағы совхоз директорына жолығып, Қазақ ауылшаруашылығы институтынан агроном мамандығын меңгеру жөнінде кеңес береді. Ахметжан аға ұзақ ойланбастан, бұл ұсыныстан бас тартады. Ж.Түйебеков те жас жігітті қинай қоймады. Осылайша, анасымен үйге қайтады. Кейін анасы «Мұндай адамның кеңесіне қарсы тұруға қалай дәтің барды?» деп оны қатаң жазалайды. Соған қарамастан, Ахметжан аға барлық шешімді өзі қабылдап, көкейдегі көздеген мақсатына жету үшін Алматы қаласына жол тартады.
Алайда, жұлдызға жетер жолдың тікенді болатыны тәрізді Ахметжан аға алғашқы жылы оқуға түсе алмай, ауылға қайтып келіп, егістік бригадасында еңбек етеді. Екінші жылы да оның оқуға түсуіне бір ұпай жетпей қалады. Дегенмен, бұл тұста оған бір саналы азаматша оқудың сырттай бөліміне тапсырып, жыл бойы үздік оқыса, күндізгі бөлімге ауысуға мүмкіндік болатыны жөнінде кеңес береді. Ахметжан аға көп ойланбастан, бұл ұсынысқа да бой ұсынып, кейінгі жылдары да осы кеңеске құлақ асқанына ешқашан өкінбейді.
Үшінші курс оқып жүрген кезінде аудандық «Шу өңірі»-«Шуская долина» газетінде түптеуші болып еңбек етеді. Бұл уақыттарда ол отбасын құрған, бір үйдің тірегі болатын. Сол кезеңге сай жалақы отбасының қажеттілігі үшін аздық етті. Ахметжан аға Жұбайы Ақлима және кішкентай ұлы Арманмен қыркүйек-қазан айларында әркез жұмыс күші жетіспей, қызылша бабына тек өз ауданымыздан ғана емес, облыстың өзге де аудандарынан жеткізілетін жұмысшылардың баспанасына айналған шағын жатақханада тұрады. Сол себептен, Ахметжан аға осы мүмкіндікті пайдаланып, түнгі уақытта егістік алқабында еңбек етті. Бұл отбасы бютжетіне үлкен кіріс болды. Өйткені, редакциядағы жарты жылдық еңбекақыға мұнда екі айдың ішінде ие болатын. Жаз мезгілінде өзі туған совхоздың шабындығында маусымдық кезеңде мол табысқа кенелуге болатын жүк тасымалдаушы болып тер төкті. Алайда, мұндағы бастысы тек табыс емес. Бала кезінен егістік алқабында іс жүзінде еңбек етіп, түрлі ауылшаруашылығы бағытындағы және өзге де ілеспе міндеттерді орындай жүріп, теңдессіз тәжірибе мен білім жинақтады және ол өзінің журналистік қызметіне зор пайдасын тигізді.
1975 жылы оқуды тәмамдаған оны ауыл шаруашылық саласы тақырыбын тиісті деңгейде еркін меңгергендіктен әдеби қызметкерден газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне ауыстырады. Араға төрт жыл салған соң Ахметжан аға басылымның жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады.
А.Қосақовтың өмірінде 1981 жыл ерекше есінде сақталған. Себебі қаламы қарымды журналисті партияның аудандық комитеті Алматыдағы жоғарғы партия мектебінің журналистика мамандығына оқуға жібереді. 1983 жылы білімін жетілдірген маманды облыстық партия комитеті бұрынғы облыстық «Еңбек туы» газетіне әдеби қызметкер етіп жіберуге ниеттенеді. Бірақ туған жерінен жырақтағысы келмеген журналист бұған келіспейді. Мұны ескерген басшылық оның облыстық газеттің Мойынқұм және Шу ауданы бойынша меншікті тілшісі етіп тағайындайды. Осы қызметте тура 5 жыл тер төккен Ахметжан аға 1988 жылы «Шу өңірі-Шуская долина» газетінің бас редакторы болып ауысады.
Қаламгердің қызметтегі қырағылығын байқаған басшылар 1992 жылы Шу ауданы әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасарлығына бекітеді. Бұл еліміздің тәуелсіздігін қалыптастырған кезең болғандықтан бүгінгідей баяндылық болған жоқ.
Арада тағы бір төрт жыл өткеннен кейін кейіпкеріміз аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып қызмет етіп, үш жылдан соң төл басылымның тізгінін қайта ұстайды. Ол бұл қызметте 2013 жылы зейнетке шыққанға дейін еселі еңбек етті.
Жүйткіген жылдар ішінде Ахметжан Ақбұқаұлы есімі елге етене таныс шулық азаматтардың ғибратты ғұмыры туралы 7 кітап жазды. Онымен қоса қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Тұрғындардың тілегіне құлақ түретін аудандық мәслихат депутаты да болды. Алайда, өмірінің өзегі журналистика болғаны сөзсіз. Оны тілшілік тіршілікте қол жеткізген биіктерінен аңғарамыз. Өйткені, 2013 жылы еншілеген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері және Шу ауданының Құрметті азаматы атағы баспасөз баһадүріне тегін берілмегені сөзсіз.
Өзінің өмірлік жары Ақлима жеңгеймен алтын асықтай қос ұл, күміс қасықтай бір қыз тәрбиелеп, оларды өз тұғырларына қондырды. Өкінішке қарай, ағамыздың тұңғышы, спортшы, сауатты маман, біршама уақыт аудандық ішкі саясатты басқарған Арман атты ұлы жол апатынан көз жұмды. Бұл қайғы ағамыздың еңсесін езгенімен Ербол атты кейінгі ұлы жұбаныш болып, құрмет құшағына бөледі. Ол баласы бүгінде екі мәрте ауыл әкімі болып еңбек еткен, білікті мемлекеттік қызметкер. Ал, Алтынай есімді қызы елордада «Қазақстан теміржолы» ҰҚ АҚ орталық аппаратында жауапты қызмет атқарып жүр. Бүгінде немере мен шөберелер ортасында мәуелі бәйтерек болып отырған ағамыз әр күніне шүкіршілік айтады.
Мен Рахметілдә Құдабаев, Сергей Рахманов, Сергей Калашников, Жақан Қожағұлов, Умэльс Шоқалақов, Петр Норкин, Тампылбай Молдақұлов секілді өзге де шебер қалам иелерімен еңбек еткенімді мақтаныш тұтамын. Одан бөлек, ізімді басқан бір шоғыр шәкірт тәрбиелегеніме де мақтанамын. Олардың қатарында республикалық «Казправда» газетінің тілшісі Асқар Бейсенбаев, әр мақаласын сүйсіне оқитын республикалық «Время» газетінің тілшісі Айжан Әуелбекова, аудандық газетті бірнеше жыл басқарған Нұржан Қадырбеков пен жас болса да болашағынан үміт күттіретін журналистер бар,-дейді Ахметжан аға.
Жалпы алғанда, Ахметжан Ақбұқаұлы аңсаған арманына асықпай қол жеткізген жан. Тақтайдай тегіс емес тағдырда табаны таймай түзу жолмен жүру көпке бұйырмайтын бақыт. Ол өзінің кешкен ғұмырына еш ренжімейді әрі ешкімнің алдында еңсесі пәс емес.
Жуырда өткен Журналистер күніне орай ардагер журналист, ақын, қайраткер-ұстазымызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық шабыт тілейміз!
Р.Хайруллин