Ақпараттық портал

Кенеден келетін қауіп көп

Халқымызда адамды ұдайы сақтыққа шақыратын «Сақтықта қорлық жоқ» деген жақсы сөз бар. Мұны түсінген адам мейлінше мұқият болуға тырысып, сақтық шараларын қарастыратыны белгілі. Бұдан алдын мамандар басылым бетінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы ақпарат беріп, кене шағу қаупін де ескерткен болатын. Соған қарамастан аталған кесел өткен айда аудан аумағына өтіп, 3 адамды меңдесе, соның бірі дүниеден озып отыр.

Осыған байланысты, Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтың тапсырмасы бойынша ауру ошағы анықталған Шу қаласындағы көп қабатты үйлер, балалардың ойын алаңы, білім ошақтары мен жеке сектордағы үйлерде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, осы аптаның басынан шаһардағы 313 көше, 4 мың аула, 119 көппәтерлі үйдің аулалары, 8 балалар бақшасы, мектеп, саябақтар мен халықтың көп шоғырланатын орындарында зиянкестерге қарсы шаралар қабылданбақ. Мұндай мәліметті бізге Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев ұсынып отыр.
Сонымен қатар, біз аудандағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына осы мәселе бойынша сұрау салған едік. Басқарма басшысы Мұрат Сәулебаевтың айтуынша, Шу ауданы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы жөнінде эндемиялық өңірлерге жатады. Жоғарыдай айтқандай, аталған ауруға басты себепкер кене. Жыл басынан бері кене шағу шағымымен 91 адам тіркелсе, 14 жасқа дейінгі балалардың саны 43-ті құрайды.
-Биыл КҚГҚ жағдайымен 3 дерек тіркеліп, өкінішке қарай оның 1-і өліммен аяқталды. Осыған орай, Шу қаласында кезектен тыс дезинсекциялау жұмыстары басталды. Оны мамандандырылған арнайы мекеме жүргізуде. Бұл дерттің алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілген. Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бірнеше ауылда кездесулер өткізіп, 6 елді мекенге көрнекілік құралдарын орналастырдық. Одан бөлек, ауыл тұрғындары мен және медицина мамандарымен 1 үйлестіру кеңесі, 2 штаб отырысы, 6 семинар, 5 медициналық кеңес, 450-ге тарта дәрістер өткізілді. Тұрғындарды залалсыздандыру жұмысына барынша түсіністікпен қарап, денсаулықтарына мұқияттылық танытуды сұраймыз,-дейді Мұрат Майорұлы.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.