Ақпараттық портал

Міндетті мінсіз орындау ескертілді

Ағымдағы аптада аудандық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, онда күн тәртібіне іліккен мәселелер талқыға түскен болатын. Ерболат Досымбаевтың төрағалығымен өткен жиынға аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен бөлім басшылары қатысты.

Көкейдегі сауалдарға жауап ізделген басқосуда алғашқы болып аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайсар Құттыбеков былтыр аталмыш бөліммен көрсетілген мемлекеттік қызметтер бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Асыраушы саланың үйлестірушісінің айтуынша, бөлім өткен жылы 3 мемлекеттік қызмет түрінен 253 мемлекеттік қызмет ұсынған. Олар негізінен қағаз жүзінде және электронды түрде жүзеге асқан. Мәселен, жеке тұлғалардың техникаларын мемлекеттік тіркеуге алуға былтыр 88 өтінім түссе, заңды тұлғалар тарапынан 95 өтінім берілген. Сондай-ақ тракторшы куәлігін алуға жеке тұлғалардан 57, техниканы кепілге қоюға 13 өтінім түскен.
Бұдан соң коғамдық кеңес мүшелері баяндамашыға өз сауалдарын жолдады. Оның ішінде Доктурхан Байбатшаев «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасы аясында жөндеуден өтіп жатқан су арнасының қазіргі жағдайы жайлы сұрады. Бұл тұста Қайсар Қоныспайұлы жөндеу жұмыстарының қандай деңгейде екенін тап басып айта алмады. Сондай-ақ ол осы әрекеті үшін қоғамдық кеңестен ескерту мен мемлекеттік қызметтерді сапалы түрде ұсыну, олардың мерзімдерін сақтау, жалпы жұмыстарды жеке бақылауға алу бойынша тапсырмалар алды.
Мұнан кейін аудандық полиция бөлімінің атқарған жұмыстары тыңдалды. Ол туралы АПБ Жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция майоры Д.Бекбаулов баяндады. Сондай-ақ бұл мәжіліске аудандық полиция бөлімінің жаңа басшысы, полиция полковнигі Мергенбай Қойкенов те қатысты.
Баяндамашының айтуынша, штаттық саны 156 бірлікті құрайтын полиция бөлімінде жиырмаға жуық бос орын бар. Сонымен қатар, өткен жылы өңір бойынша 305 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, оның ашылуы 66,2 пайызды құрады. Арғы жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 3,8 пайызға төмендеген. Алайда, ауыр және аса ауыр қылмыстар 1,9 пайызға өскен.
Кісі өлтіру бойынша былтыр 13 дерек, биыл 11 қылмыс тіркелген. Пайыздық көрсеткіш азайып, ашылуы 100 пайызды құраған. Сонымен бірге денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бойынша жасалған қылмыс та толығымен ашылып отыр. Зорлау деректері 50 пайызға, ұрлық деректері 27,7 пайызға төмендегені бізді қуантады. Сол секілді, ауданымызда мал ұрлығы да 53,8 пайызға азайған.
Ал алаңдататын мәселенің бірі – алаяқтық қылмыстардың өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым өскені. Сандарды сөйлетсек, қылмыс саны 28-ден 54-ке дейін өсіп, алаяқтарға алдану дерегі 92,9 пайызға артып отыр.
-Бүгінгі таңда басты мақсатымыздың бірі – есепке тіркеу тәртібін нығайту және оның қатаң бақылауда болуын қамтамасыз ету. Жыл басынан полиция бөлімінде жұмыстың аталған саласын нығайту мақсатында арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Былтырғы жарты жылдықта қылмысты есептен жасыру жөнінде 4 жайт орын алған. Оның ұялы телефон ұрлығы бойынша 1 дерегі облыстық ПД штаб қызметкерлерімен, қалған 3 қылмысы Шу ауданаралық прокуратурасымен анықталған,-дейді Дәурен Бекбаулов.
Қылмыстың алдын алу бойынша түрлі жедел-алдын алу іс-шараларын жүргізген жергілікті тәртіп сақшылары «қылмыстық құқық бұзушылықтар картасына» тиісті талдау жүргізген. Талдау негізінде Шу қаласының қылмыс көп орын алатын жерлері мен халық көп шоғырланатын тұстарында 17 локалды іс-шаралар ұйымдастырылған. Ол өз кезегінде нәтиже беріп, бірқатар қылмыстық құқық бұзушылықтар төмендеген.
Оның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандармен жасалған қылмыс 75 пайызға, топтасқан күйде қылмыс жасау 31,3 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар 2,5 пайызға ұлғайған. Ал, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар, бұрын сотты болғандармен жасалған қылмыс, масаң күйде жасалған қылмыстар көрсеткіші едәуір азайған.
Қоғамдық кеңес мойын бұрған мәселенің бірі – жасөспірімдер арасында жасалған қылмыс болды. Полиция алдын алу мақсатында 16 рейдтік шаралар өткізгенін, осы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандармен қылмыс орын алмағанын мәлімдеп отыр.
Бұдан да өзге көптеген деректерді ұсынған Д.Бекбауловқа аудандық қоғамдық кеңес тарапынан бірқатар ұсынымдар берілді. Оның ішінде қылмысқа қарсы күресті күшейтіп, аса ауыр, онша ауыр емес санаттағы қылмыстардың алдын алу бойынша пәрменді шаралар қабылдау, елді мекендердегі қоғамдық тәртіпті сақтаудың тиімділігін арттыру жөнінде қосымша шаралар қарастыру ұсынылды. Сонымен бірге, түнгі уақытта көңіл көтеру орындарына кәмелекте толмағандардың баруы, оларға алкоголь және темекі өнімдерін сату деректерін анықтау, аумақтардағы жеке күзетілетін нысандардағы қылмыстық жағдайды талдау, кәмелетке толмағандар және жастар арасында нашақорлықтың алдын алу туралы айтылды.
Көптеген көкейтесті мәселелер талқыланып, пайымды пікірлер айтылған кеңес отырысы соңында әр саланың басшыларының өздеріне жүктелген міндетті мінсіз орындау қажеттігі ескертілді.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.