Ақпараттық портал

Туған жер

Отан… Бұл сөз әр адамның жанына жақын, жүрегіне жылы тиер сөз. Осы сөздің астарында қанша мағына жатыр десеңізші?! Отан дегеніміз – туып-өскен жерің, ел бірлігін, бостандығын, елін, жерін қайтсек сақтап қаламыз деп құрбан болған апаларымыз бен есіл ағаларымыздың асқақ арманының шынайы көрінісі. Құс ұясыз болмайтындай, адам Отансыз болмайды. Ал менің Отаным – сонау Каспийден Алтайға дейін созылып жатқан қасиетті өлке – Қазақстан.
Қазақстан дегенде көз алдыма шалқыған жайлау, түтіні бұрқыраған ауыл, жазық дала елестеп, бақтағы бұлбұл құстың үні мен айдын көлдегі аққу құстың қиқулаған даусы құлағыма келеді. Туған және өскен жері біртұтас болғанда ғана адам бақытты деп ойлаймын. Мен қандай бақыттымын, өйткені сен барсың – менің Қазақстаным!
Менің туған жерім Шу қаласы, «Тоғай» мөлтек ауданы. Әркімнің туған жері өзіне ыстық. Биік талдар, мөлдір Шу өзені өлкемізді қиып өтеді, неше түрлі өсімдіктер мен гүлдер, шөптер өседі. Балалығымның бал кезі қазір осы туған өлкемде өтіп жатыр. Туған жерімді көркейтіп дамыту үшін барлығын жасағым келеді. Туған өлкем туралы толғанып, ой жетегіне берілген шағымда үнемі мынаны ойлаймын: «Мен өскенде өз өлкемде нені өзгерткім келеді, нені өзгертемін, қандай жақсылық жасасам болады?»-деген сауалдар ойымды шарпиды.
Осы сауалдың жауабын табу жолында сабағымды жақсы оқып, болашағыма жоспар құрамын. Белгілі маман иесі болып, туған өлкеме келіп, теміржолдың үстінен аспалы көпір салуды көздеймін. Білім нәрімен сусындатқан мектебіме көптеп көмегімді тигіземін, көркейтемін, үлесімді қосамын. Өлкеме лайықты етіп шағын аурухана салу да ойымда бар. Өйткені, қарт кісілер мен денсаулығы нашар адамдардың қалаға қатынаулары қиын. Өзге де тың мақсаттарым мені жарқын болашаққа жетелейді.
Мөлдір Жексенбай,
Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің түлегі.
Шу қаласы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.