Жұрт жұмыла еңбек етпесе, ауыл «көші» түзелмейді
Мейрамхана, мейманханасы көп Шуда кәсібін дөңгелетіп бірді екіге, екіні жетіге жеткізіп, сауда-саттық ата бабасынан мұра боп қалған өзбектердің өзін шаң қаптырып жүрген іскерлер көп. «Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, тіпті мейрамхананың ішіне көлікпен кіріп кететін зәулім ғимарат соғып жатқан жігіттердің ісіне таңдай қағасың.
Қош, бастысы – заман тыныш. Еркіндік пен бейбіт келісім жайлаған еліміздің толағай табыстарын санамалап шығу мүмкін емес. Алайда, «Әттең» мен «қап» дегізіп жатқан кездеріміз де жоқ емес. Кедейдің күні жамбасын ұрып, өкінумен өтетінге ұқсайды. Қазіргі бай-кедей боп қақ жарылған заманда қисынын тауып, іс бастап, төңірегіне шарапаты тиіп жатқан арда азаматтардың саны саусақпен санарлық қана. Жақында кезінде ауданымыздың білім саласында көп жылдар қызмет етіп, зейнетке шыққан күрді ұлтының бір қариясы біздің ұлттың жігіттерінің ілкімді істерін айта келіп, кемшін тұстарын да қадап-қадап көрсетті.
-Сендер қазақ бауырлар, қызық жандарсыңдар. Біреуің көлік жөндеу шеберханасын ашсаңдар, екіншілерің де соны жасайсыңдар. Біреулерің жолдың оң жағына мейрамхана ашсаңдар, екінші ағайын сол жағына мейманхана, дүкен саласыңдар. Қызмет көрсету орындарының санынан жаңыламыз. Ал, сүт өндеу, май шайқау, шұжық жасау, тері илеу, секілді шағын кәсіпкерлік нысандарын неге соқпайсыңдар. Алыстан арбаламай-ақ, шикізатымыз жетіп артылады ғой. Жүнімізді отқа жағып жатырмыз. Қыс айында сойылған соғымның терілерін тау-тау қылып сыртқа тасудамыз. Елі мен жерінің, ауылының ахуалына шын жаны ашитын адамдар күнделікті пайданы емес, ел қамын әріден ойлап, төңірегіне шарапаты тиетін кәсіпті неге жандандырмайды? –деді.
Рас. Қырық жыл өмірін ұстаздық қызметке арнаған, қазақшаны майын тамызып мақалдап тұрып сөйлейтін қарияның пікіріне бас шұлғығаннан басқа амал таппадық. Қазір не көп, той көп. Құдай-ау, ата-бабамыздың ойы түгілі түсіне кірмейтін ырым-жырымдарды себеп қылып, той тойлау қазіргі қазақтардың ермегіне айналған сыңайлы.
Тоқсанға келген бір кейуананың:
– Ойпырмай, заман қандай жақсы. Тойдың түрі көбейіп кетіпті. Бәрі тоқшылықтың арқасы ғой. Жиырма бес жыл бірге, бір әйелмен өмір сүрдім деп те қуанып той жасайды екен-ау,-деп таңқалып отырғанының куәсі болдым.
Сонда ықылым заманның қиыншылығы мен қуанышын көрген апамыздың тәубәшіл болмай, кейінгі ұрпақтың әсіреқызылдыққа салынып, той қуалағанына онша көңілі толмағаны байқалды. Жақынының қарызын төлеп, арашалап, қиынына көмектесіп, демеушілік көрсететін ағайындардың қазіргі кезде тек қара басының қамын ойлап, басы ауыратыны шындыққа айналды. Жарайды іскер екенсің, амал есебіңнің пайдасын төңірегіңдегілер де көргені шарт емес пе? Пайғамбарымыздың хадисіндегі бір мысалда: «Қайырымдылықтың зоры өз үмбетіңнің қиын жағдайдан шығуына ақша беру, дүние беру емес, жұмыс тауып беру – үлкен сауап» деуінің астарында терең мағына жатыр емес пе? Әйтпесе, алып-сатып сауда жасайтын дүкен ашқаннан гөрі қолда бар шикізатты өңдеп, игілікке жарататын кәсіпкерлік нысандарын, шеберхана ашу анағұрлым тиімді екенін бәріміз білеміз. Әрі жұмыс әрі нәсібің болатын кәсіптің үлкен-кішісі жоқ. Ауданымызда елуден аса мейрамхана, отыздан аса дәмхана бар екен. Шіркін-ай дейсің ғой. Мол қаражат жұмсап, бірінен-бірі озып салынып жатқан соңғы үлгідегі зәулім ғимараттардың иелері қайтсем пайда табамын деп емес, қалай пайда тигіземін деп бір кезек ойланса, талай игілікті істер орындалар еді. Жоғарыдағы айтылған мейрамхана, дәмханалардың апта сайынғы той-томалағынан бөлек, жәй күндерінің өзінде бос тұрмайтынын көріп жүрміз. Қандас ағайындардың тойды қойып, ас беру, жаназа шығарудың өзін салтанатты той үлгісіндей қылып өткізуіне не қуанарыңды не өкпелеріңді білмей, дал боласың. Біз, әсілі қазіргі заман – нарық заманы, бәсеке заманы дегенді теріс ұғынып, тоймен, тоқшылықпен салыстырып өткізу деп қателесіп жүрген сияқтымыз. Жарайды, қазір ешкімге сенің мұның дұрыс емес деудің өзі әбестік. Кім болып өмір сүруің өзіңе байланысты.
Ысырапшылдықты Пайғамбарымыз да дұрыс көрмеген. Рас, біздің халық алып-сатуды меңгерді. Ал, өздері өндіріп, өз сұранысын өздері қанағаттандыратын күш бола тұра, бойкүйездікке салынып, біреудің қаңсығын сатып алып, өз халқына әкелуін тиімді нәрсе деуге бола ма? Елімізде кез келген салада әсіресе, ауыл шаруашылығындағы шикізатымыз көп. Оны өңдеп, ұқсатып, жетер жеріне жеткізіп, айналымға шығаруға күшіміз де жетеді. Десек те, сол баяғы дайынға, арзанға құмарлығымыз өзімізге сор болып жабысуда. «Басты мақсат – халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты жою» деп қадап айтылған Мемлекет басшысының сөзі – елінің қамы. Той тойлаудан түскен табысты іскерлікпен таптым деп тоқмейілсуден гөрі ауылдасына пайдасы тиетін жұмыс көзін ашса, табыс та мол болары сөзсіз. Кейде ойға қаламын. Жер жоқ емес, бар. Бәленбай гектар жер иемденіп отырған азаматтардың бизнес тіршілігі сол жерлерін сырттан келгендерге сатып, азын-аулақ ақшаға алданып, уақыт өткізу болып отыр. Не бірігіп ауқымды іс істемейді, не өзі айтарлықтай іс тындырмайтын ағайындардың тіршілігіне қарадай қарның ашады. Әр жерден бір шошайтып еккен егіні немесе мал азығына біресе су жеткізе алмай немесе уақытында орып ала алмай рәсуә болады. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген дана халқымыздың нақыл сөзінің мәнін жете түсіне бермейді. Мемлекетіміз қазір ауыл шаруашылығына қолдау көрсету бағытында қаншама бағдарламаларды іске қосып отыр. Игілігін көріп, шаруасын дөңгелетіп жатқандар бар әрине. Ауыл қазағының түсінігінде ол сәтсіз істеріне кінәні өзгеден іздейді. Алғашқы жер иелену басталғанда таласып-тармасып, үлеске түскен жерден тиесілі жер көлемін алғандардың әлі күнге шаруалары оңалмай келе жатыр. Оған өзім ауылда тұрған соң көзім жетті. Ауылдағы ағайындардың тірлігі «аққу, шортан һәм шаян». Көктемде әйтеуір тырбанып дән еккенімен, оны суғару, ору, шабу жұмыстары кезінде қырықпышақ болады. Жүйелілік пен реттілік жоқ жерде дау-дамай көп. Қазақтың қанындағы қауіпті вирустың бірі – «мен сеннен қай жерім кем?» деген кеудемсоқтық пен өзімбілермендік. Осы дерт тірліктеріне тұсау боп жатыр. Өз иеліктеріндегі жерлерді сырттан келгендерге жалға беріп, баюды ғана ойлайды. «Сен жеріңді сатып, күніңді көр» деген үкіметтің нұсқауы жоқ. Өз үлесіңнің қызығын, пайдасын өзің көр, бала-шағаңды асыра деген мағыналы тұжырымдама бар.
Жерлерін сырттан келгендерге сату дегеннен шығады. Осы тұста ауыл әкімшілігі мен жергілікті салық инспекциясының жұмысы еш мандымай жатыр деуге болады. Қадағалау күшейген жерде тәртіп пен табыс болады. Жергілікті ауыл әкімдері өз қарамағындағы шаруалардың не егіп, не екпей жатқанын білмейді емес, біледі. Жалпақшешейлікке салынып, бұрмалап көрсетудің арқасында жалға алушылар мен шаруа қожалық иелері көзбояушылыққа барады. Жайылымдық жер деп көрсетіп, орнына бақша егіп, табыс тапқан кісілер өздерін өздері алдап жүр. Нәтижесінде, сөлін сорып, тұзын шығарған жерге шошқа тікеннен басқа ешнәрсе өспейді. Құнарсызданған жерді тыңайту шараларын жасап, агротехникалық реттілікпен өнім егуді екінің бірі біле бермейтіні анық. Гектарын 40-50 мың теңгеден жалға беріп, қалталы болғандар өз жерлерінің күн сайын тозып, құнары кетіп жатқанына бастарын ауыртпайды. Жер анамыз бәріне төзуде. Жыл соңында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан ауылдық әкімдердің іс жоспарлары, табыстары сөз болып жатады. Бәлен адам жұмыспен қамтылып, бәлен табыс тапты дегенде сол шаруа қожалық басшысының іс-құжаттары табыс көлемі нақты көрсетілсе?
«Мерседес», «Джип» мініп соқа, трактор іздеп жүргендердің қылығын не деуге болады? Ауылда тұрған соң шаруаңа ыңғайлы техника алсаң, өзіңе де ауылдасыңа да пайдасы тиеді емес пе? Жеке тірліктен гөрі ұжымдасып еткен еңбек өнімді болатынын біле тұра қу сөзбен тартқылап, екпеген егіннің өнімін күні бұрын есептеп, үлестерін бөлісе алмай, дау шығарады. Ұсақ шаруашылықтардың басын қосып ірілендірудің мезгілі әбден пісіп жетілді десе болады. Несиенің кепіліне қоятын мүлік, жері аз, бірақ табыс тапқысы келетін ағайындардың басын біріктіруді заңнамалық нұсқаулықтармен жүзеге асыруды ауыл әкімдері еш жасқанбай, қолға алуы керек. Іріленген шаруа қожалықтары бірігіп қимылдаса, қомақты тіршілік өз берекесін берері сөзсіз. Сырттан келіп жер сатып алып төрт-бес айлық маусым кезінде қазақтың екі-үш жылдық табысын тауып кететін өзге ұлт өкілдерінің табысы табанды еңбегінің арқасы екенін көзіміз көріп жүр. Өзгенің еңбегіне миығынан қарап, жерін сатқан қазақтың өз жерінде масақ теріп жүргенін не деуге болады? Қыжырың келетіні, сөйлесе сөздің түбін түсіретін ағайындар аузындағысынан айырылып, өзгелерге жем болуын қояр емес. Жайшылықта ынтымақ-берекенің бәрі ауызбіршілікте екенін өздері айтып, біліп отырса да, шаруашылықтарын ірілендіріп, бірігудің тиімді екеніне жергілікті ауыл әкімдерінің үгіт-насихаты жоқ деуге болады. Болғанымен пұшайман күйде. Ауыл әкімдері өздерінің құзырындағы заң күші мен қадағалау, ұйымдастыру шараларына белсене зер салмайды. Себебі жүйкені шаршататын жұмысқа жүйкесін тоздырғысы келмейді. Шаруалар бірігудің тиімді екенін білсе де, әйт-шуді керек қылып тұр. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – жер-су мәселесіне қадағалауды күшейтіп, шаруалардың бей-берекет тіршілігінің түйткілін жергілікті әкімшілік нақты қолға алып, заң аясында іс-шараларды ұйымдастырса, табыс та, ырыста болар еді.
Н.Қоңырбаев