Ақпараттық портал

Шырылдаған шаруаның жайын кім ескереді?

Мамыр айының орта тұсында «Аманат» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өтіп, мұнда «Елді мекендердегі жеке және заңды тұлғаларды ағын сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы» туралы мәселе қаралып, бұл туралы сол кезде газетімізге мақала жарияланған болатын. Аудан әкімінің орынбасары Б.Бетбаев, мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, комиссия мүшелері және мәслихат аппаратының жауапты қызметкерлері, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Е.Досымбаев, Шу қаласы мен Төле би ауылдық округінің әкімдері, «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесі басшысының міндетін атқарушы А.Омаров, АТК жетекшілері, жекелеген әкімдік бөлімінің басшылары қатысқан бұл жиын дау-дамайға толы өтті.

Атап айтқанда, «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің жұмысына қатысты көптеген кемшіліктер айтылды. Бөлімше басшысының міндетін атқарушы Арсен Омаров аталмыш мәселеге бірден-бір жауапты тұлға ретінде есеп беруі керек болса да, жиынға дайындықсыз келіп, есеп беру кезеңі тек сұрақ-жауаппен шектелді. Сондай-ақ, ол депутаттар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға мардымсыз жауап берсе, кейбір сұрақтарға қатысты мәселеден мүлдем бейхабар болып шыққан еді. Алайда, жиын соңында «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесінің басшысы аудан басшылығынан жиынға қатысушылар тарапынан айтылған барлық олқылықтарды ретке келтіріп, барлық мәселенің түйінін тарқатуға екі күн уақыт беруін сұрап, осылайша комиссия отырысы мәресіне жеткен болатын.
Сол уақыттан бері бір жарым ай уақыт өтсе де, егістік жұмысын қолға алған жергілікті шаруалар әлі күнге дейін әлгі басшының соңынан жүгіріп, тиісті мекеменің табалдырығын тоздыруда. Нақты айтар болсақ, сол кездегі комиссия отырысында айтылған уәде айтылған жерінде қалып, шырылдаған шаруалар көктемде салған егістік қурап, маңдай тер, еткен еңбектің зая кететіндігін айтып, зар илеуде. Тіпті, олардың кейбірі редакциямызға келіп, жан айқайын тиісті органдарға газет арқылы жеткізуден басқа амал қалмағандығын айтуда. Осы жәйтқа қарап, соншама шаруаны шырылдатып, өз жұмысына селқос қарайтын, жауапсыз басшыны басшылық қызметтен босатып, орнына істің жөнін білетін, халықпен санасып қызмет ететін азаматты қоюға болмай ма әлде осы уақытқа дейін оң шешімін таппаған аталмыш мәселенің артында «сыбайластық, жемқорлық, пара алу» деген бұлыңғыр әрекеттер тұр ма-деген үлкен сұрақ туындайды. Дәл осылай болмаса, ендігі ағын су мәселесінің түйіні тарқайтын уақыт жеткендей еді?
Сөзіміз дәлелді болу үшін шаруалардың шағымдарын да назарға ұсынғанды жөн көрдік. Мысалы, Далақайнар ауылының тұрғындары Д.Алшынбаевтың 27 гектар суармалы жері бар, оның 11 гектарына бау-бақша, 5 гектарына жүгері егілген. Ал, Қ.Усаев есімді екінші азамат 6 гектарға қарбыз, 4 гектарға жүгері және белгілі көлемде жоңышқа еккен.
-Өз бетімізше тірлік жасауды ұйғарып, жоспардағы дәнді-дақылды ектік. Егістік жұмысына да айтарлықтай шығын шығатыны белгілі. Ал, еккен егін өнім бермесе, екі есе шығынға ұшырайтынымыз айтпаса да түсінікті. «Тасөткел су қоймасы» өндірістік бөлімшесімен келісімшарт жасалып қойғандықтан, біз олардан мәсәлені соттаспай, дау-дамайсыз ретке келтіріп беруін өтіндік. Бөлімше басшылығы суды жеткіземіз, арықтарды артығымен толтырамыз деген уәдемен шығарып салды. Алайда, бұл құрғақ уәде болып, әлі күнге дейін ағын суға жарымай отырмыз. Су мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ арықтың түбінде. Бұл шаруаларға теңізге тамған тамшыдай болып қалатыны анық.
Біз жергілікті диқандардың мұң-мұқтажын бір-екі азамат басшылыққа жеткізсін деген бірауызды келісіммен бөлімше басшысына келгенімізде бөлімше басшысының орынбасары Ғани есімді жігіт бұл мәселенің жоғары жақта қаралып жатқанын, ауылға гидротехник маманы бекітілгенін айтып, бар мәселені сол жігітке және жергілікті әкімге айту керектігін айтып шығарып салды. Сонымен қатар, келісімшарт жасасу кезінде тиісті құжаттарды өткізу барысында бізге суға төлемақының 60 пайызын төлеу қажеттігін айтты. Біз оған келіспейтінімізді және алғашқы жарна ретінде 20 пайыз төлейтінімізді жеткіздік. Өйткені, бізден бұрын суармалы жерге егістік салған шаруа қожалық иесінің ағын су үшін осы мекемеге 600 мың шамасында төлемақы жасаса да, оның да әлі күнге дейін суға жете алмай отырғанын біліп отырмыз және бұл азамат кейбір ауыл тұрғындары атынан да төлемді осы сомаға енгізіп отыр. 60 пайыз төлем жасамауымыздың басты себебі осы. Бұл мәселемен «Казсушар» мекемесіне де, «Тасөткел» су қоймасы мекемесіне де, жергілікті әкімшілікке де, қазіргі аудан басшысына дейінгі аудан әкімдеріне де өтініш жазғанбыз. Бірақ, ешқайсысынан нақты жауап не нәтиже жоқ. Енді кімге шағымдануымыз қажеттігін де түсінбей қалдық. Жергілікті бөлімшеде жеткілікті техника да жоқ. Техника берген күннің өзінде де, арықта су жоқ болса, техниканы не істемекпіз?-деп шырылдауда.
Тағы бір жерлесіміз, Қорағаты ауылдық округі аумағынан орын тепкен «Нұр-Ару» шаруа қожалығының жетекшісі Батырхан Өшербай. Аталмыш шаруа қожалық 2008 жылы құрылған.
– Бұған дейін алқапқа бірнеше рет қызылша егілді. Ал, биылғы жылы 60 гектар сафлор тіккен едік. Алайда, ағын судың уақытылы жеткізілмеуі салдарынан егістік күйіп кетті. Оған миллионнан аса қаражат жұмсалған болатын. Қазіргі уақытта 30 гектарға жоңышқа егілді. 17 мамыр күні 100 мың теңге алдын ала төлемақы жасап, суға өтініш қалдырдым. Алдын ала 30 пайыз төлемақы жасалу керек деген соң, айтылған соманы төледік. Суды маусым айының басында жіберді.
Бізге көп жағдайда каналда су жоқ деп айтады. Сол себептен біз каналға барып, өз көзімізбен көрдік. Су көпірдің ауызына тіреліп тұр. Бірақ, арыққа жібермей отыр. Оның себебін де нақты білмейміз. «Тасөткел» су қоймасы бөлімшесінің басшысынан себебін сұрағанымызда бұл мәселе мұрабқа жүктелгенін, барлық сұрақ бойынша сол азаматқа баруымыз қажеттігін айтты,-деп бұл азамат та мұңын шағуда.
Байқағанымыз, бұл жерде бір шикіліктің бары. Кім төлемақының үстіне қосымша қаражат қосып берсе, су сол азаматтарға сөзсіз жіберілетінге ұқсайды. Бұл басшының біліксіздігі ме әлде ақшаның буына мастық па? Шырылдаған шаруалар барлық тиісті мекемелердің есігін қағып, осы іске жауапты жергілікті билік өкілдеріне де бірнеше рет қайырылғанымен, жемісті нәтиже жоқ. Бұл түйіні тарқамайтын, не деген шым-шытырық мәселе әлде билік өкілдері мен мекеме басшысы арасында да өзара сыбайластық тамыр жайғанба? деген ой келеді. Ауданда қандай да бір мәселе көтерілсе, ол дер кезінде шешімін таппайтыны әдетке айналып бара жатқандай. Кейде қарапайым тұрғындарды психолгиялық тұрғыдан әбден қажытып барып немесе қандай да бір күрделі мәселе жергілікті биліктен жоғары органдардың құлағына жеткенде ғана қимылдайтын аудан әкімінің қосшылары осындай қадамдарымен талай адамның обалына қалып жүргенін сезінеді ме екен. «Судың да сұрауы бар» демекші, бүгінгідей қымбатшылық жағадан алған заманда көпшілігіміз бір тиын болса да артық шығын шығармауға тырысамыз. Ал, шаруалардың миллион, мыңдаған қаражаттарының өтеуі кімнің мойнында? Басшылардың жауапсыздығы салдарынан шаруалар неге баз кешу керек?
Осы мақаланы нөмірге жариялар алдында жоғарыда аталған Д.Алшынбаев есімді азаматқа тағы бір хабарласып, ағын су мәселесінің қалай шешімін тауып жатқандығын сұрап көріп едік. Бұл азамат қазіргі уақытта жүйкені тоздырған осы мәселенің салдарынан ауырып қалғандығын, қазіргі кезде ем қабылдап жатқандығын жеткізді.
Біздің міндетіміз мәселенің оң шешімін табуына ықпал ету мақсатында қарапайым азаматтардың мұң-мұқтажын билік өкілдерінің құлағына жеткізу. Шешімін тауып жатса, мақсатымыздың орындалғаны. Алайда, бұл жағдай кезек күттіретін мәселеге ұқсамайды. Сол себептен, оң шешімін тапқанша күн тәртібінен басты мәселе ретінде орын алып, аудан басшылығының назарынан тыс қалмайды деп сенеміз.

Д.Батырхаирова

Leave A Reply

Your email address will not be published.