Ақпараттық портал

Алты ауылға ауыз су жүргізілуде

Қазіргі таңда ауыз су еліміз бойынша күрделі мәселелердің бірі болып отырғаны жасырын емес. Қалай тартсақ та, сапалы, таза ауыз сумен барлық елді мекендер қамтамасыз етілген дей алмаймыз.

Дейтұрғанмен, соңғы жылдары ауданымыздағы бірқатар ауылда ауыз суға қатысты талайды толғандырған түйткілді мәселе шешімін таба бастады. Дәлірек айтқанда, өткен жылдан бері өңіріміздегі алты ауылға ауыз су жүйесін тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Олардың қатарында Жаңақоғам, Сауытбек, Көкқайнар, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен Шу қаласындағы «Қант зауыты» мөлтек ауданы да бар.
Осыған орай, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына көз жеткізу мақсатында аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бірнеше ауылдарды аралап, жұмысты көзбен көріп қайтты. Мәселен, «Қант зауыты» мөлтек ауданындағы жұмыстар жуырда ғана басталса, Сауытбек ауылында су құбырлары толық тартылып біткен. Ендігі кезекте негізгі су жеткізу жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Аудан басшысының айтуынша, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілсе, жоғарыда аталған су нысандарының барлығы ағымдағы жылы пайдалануға берілмек.
Ауылдарда атқарылып жатқан жұмыстарды жеке-жеке аралап, көзбен көргеннен кейін аудан әкімі барлық жауапты мердігерлермен, авторлық және техникалық қадағалаушылармен жиын өткізді. Басқосу барысында жауапты тұлғаларға жұмысты уақтылы әрі сапалы орындау бойынша тапсырмалар берілді. Аталған жұмыстардың барлығына тапсырыс беруші жақтан бөлек, жергілікті жердегі белсенді азаматтар мен ауыл ақсақалдары да бақылау жүргізетінін жеткізді. Сонымен қатар, Жаңақоғам ауылдық округіндегі білім ошағына орнатылған модульді қазандықтың жұмысымен де танысты. Көгілдір отынмен жұмыс істейтін қазандықтың тиімді тұстары өте көп. Сол себепті де алдағы уақытта дәл осындай қазандықтарды өзге де білім ошақтарына орнату жағы қарастырылмақ.
Тұтастай алғанда, ауданымыздағы 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. 4 елді мекен ауыз сумен жартылай қамтылған, яғни тұрғындар ауыз суды көше бойындағы құдықтан тасымалдау арқылы тұтынады. Бүгінгі күнге аудан көлемінде ауыз сумен қамтылған елді мекендердің көрсеткіші 74,3 пайызды құрап отыр. Енді кезекте, үстіміздегі жылы жоғарыда аталған ауылдарға жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталса, тіршілік нәрімен қамтамасыз етілген елді мекендердің көрсеткіші де арта түсетіні түсінікті.
Су – тіршілік көзі. Алайда көптеген ауылдықтың таза ауыз суға әлі де болса қол жеткізе алмай келе жатқаны шындық. Жоғарыда атап өткеніміздей, алты ауылда көп жылғы мәселелер оң шешімін табуда. Бірақ мұнымен аудандағы ауыз су мәселесі толығымен шешілді деуге болмайды. Мұндай мәселе Тасөткел су қоймасы, Бөлтірік, Жиенбет, Еңбек, Алайғыр, Құлақшын сынды бірқатар елді мекендерде әлі де бар. Дегенмен, мемлекет қолдауының нәтижесінде, бағдарламалардың аясында мұндай мәселелер келешекте шешіліп қалар деген тұрғындардың үміті басым…

Е.Қартайған

Leave A Reply

Your email address will not be published.