Ақпараттық портал

Елордаға құрмет – елдікке құрмет

Биыл бағаналы басты ордамызға баланған Астана қаласына 25 жыл. Ширек ғасыр ішінде тотыдай түрленіп, Тәуелсіздікпен бірге еңбектеп, еңсе көтерген елорда – елдің жүрегі екені ақиқат. Сондықтан оны мақтан тұтып, құрмет көрсету тұтас тарихымызды құрметтеумен пара-пар.

Жуырда ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас қалалар форумында «Елорданың жылнамасы тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатыр. Шын мәнінде, астананы көшіру геосаяси тұрғыда өте дұрыс қадам болды» деген болатын.
Мемлекеттік мерекеге орай еліміздің түкпір-түкпірінде Астана күні тойланды десек, артық айтқандық емес. Солардың қатарында біздің ауданымыз да бар. Сәрсенбінің сәтінде аудандық Мәдениет үйіне жиналған қауым елорда күніне арналған тамаша концертке куә болды.
Сазды бағдарлама алдында өңір тұрғындарын құттықтау үшін мінберге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаев жерлестеріне ізгі тілектерін жеткізді.
-Астана – арман мен үміттен құралған мемлекетіміздің бас қаласы! Астана дегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернеп, бойымызды бөлекше күй тербейтіні ақиқат! Жас та болса, бас болған ару қаламыздың көркейіп, гүлденуіне әрбір қазақстандықтың қосқан үлесі қомақты. Биыл Астана қаласына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасыр ішінде елмен бірге есейген елордада ең маңызды шешімдер қабылданып, саяси қадамдар жасалады. Сағат сайын сән құрып, ай сайын ажарланған Астана айбарымызды әлемге паш етіп келеді. Астана – бірлік пен берекенің, Отанымыздың телегей табыстарының символы, қазақ елінің бағындырар биігінің белгісі,-деді Нұрлан Сегізбайұлы өзінің лебізінде.
Мұнан кейін Мәдениет үйінің өнерпаздары інжу-маржандарын ұсынып, көрермендердің ыстық қошеметіне ие болды. Сондай-ақ Қордай аудандық мәдениет үйінің әншісі Балдат Бейсеқожа шулық қауымға қос әнін арнап, залдағы қалың қауымның құрметіне бөленді. Әуелі Италия әншісі Андреа Бочеллидің репертуарынан бір ән шырқаған мейман, жұп болсынға Құрмаш Маханның «Гүлістан – Қазақстанымды» ұсынды. Кенен атаның ауылынан келген әншінің маңдайынан сорғалаған терден-ақ «әнді жанын жеп айтатынын» көрермен оңай аңғарды. Бұдан бөлек, ауданның бас сахнасына өзге де жас әншілердің шығып жатқаны бізді қуантты.
Бір айта кетерлігі, Астана күніне арналған сазды бағдарламалар қалалық және ауылдық Мәдениет үйлері мен клубтарында ұйымдастырылды.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.