құбылған бағаны кім бақылауға алады?
Бүгінде жұртшылық өкілдері арасында нарықтық қатынастардың күрделеніп бара жатқандығы, сауда орындарында қымбатшылықтың белең алғандығы жиі сөз болып жүр. Ғылыми негізге сүйеніп айтар болсақ, нарық – тауар-ақша айырбасының саласы болып табылады және өндірушілер (сатушылар) мен тұтынушылар (сатып алушылар) арасындағы экономикалық қатынастар жүйесін білдіреді. Бұл қатынастардың негізгі элементтері – баға, бәсеке, сұраныс пен ұсыныс.
Өңіріміздегі бұл элементтердің бүгінгі жай-күйі қазіргі қоғамға сай ма? Кейбір отбасылардың мардымсыз табысқа немесе жәрдемақы мен зейнетақыға күн көріп отырғандығын ескерсек, өңірде баға тұрақтылығын қалыптастырудың рөлі маңызды екендігін түсінуге болады. Нарық заманы дегенді желеу етіп, сауда саласындағы жеке кәсіпкерлер арасында тауар бағасын екі есе көтеріп, өз қалталарының қамын жасап қалғысы келетіндердің қарасы көбеюде. Бұған жуырда ғана өткен Құрбан айт мейрамы қарсаңында көз жеткіздік.
Айтқа дайындық күні тиісті қаражатымызды қалтаға салып, Шу қаласындағы орталық базарға біз де жеттік. Құж-құж қайнаған сауда, халықтың да әдеттегіден қарасы қалың. Мұны базардағы сатушылардың да оңтайлы пайдаланып қалуға тырысқандығы анық байқалады. Өйткені, сол күні сауда барысында азық-түлік бағасының едәуір қымбаттағанын аңғардық. Мысалы, дастархан мәзіріне енетін жеміс-жидек, көкөніс құны айтарлықтай шарықтап, алманың келісі 800 теңге, шабдалы (персик) 1000 теңге, қызанақ (помидор) 500-600 теңгеден сатылған болатын. Өзімнің қызметтік міндетімді негізге ала отырып, араға екі күн салып, орталық базарға қайта келдім. Бұл күнгі жеміс-жидек бағасы айт қарсаңындағы бағадан мүлдем басқа. Мысалы, шабдалының құны 500-700 теңге аралығында болса, қызанақ 220-250 теңге, қияр 130-150 теңге, айт қарсаңында 800 теңгеден сатылған алманың келісі 500 теңгеден сатылуда. Осыған қарап, мұсылмандардың ең қасиетті мерекесінде қайырымдылықтан гөрі пайдакүнемдіктің басым болғандығы ма деген ой келді. Бұл ойды сол күні сауда жасап жүрген жекелеген тұрғындар да қоштап жатты. Өйткені, кейбір сатып алушылардың «Баға қымбат, бір күнде байып кетеміз деп ойлай ма?» деп өкпе-назын білдіріп жатқандығының куәсі болдық.
Осы тұста тағы да баға тұрақтылығын назарда ұстауға жауапты аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің өкілдеріне жолығып, мән-жайды білген едік. Аталмыш бөлім ұсынған мәліметке сүйенсек, 21-маусым күні аудан аумағындағы азық-түлік дүкендерінің, азық-түлік сататын ірі сауда орталықтарының басшыларына және Шу қаласындағы орталық базар басшылығына әлеуметтік маңызға ие 19 тауар түрінің бағасын шекті мөлшерден асырмау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген (суреттерде).
Алайда, айт мейрамынан кейін бірден төмендеген бағаға қарап, қасиетті мереке қарсаңында жеке кәсіпкерлердің бір күндік табыс үшін өз жерлестерін орынсыз қанауының артық қадам болғандығына іштей қынжылдық. Жоғарыда аталған жеміс-жидек, көкөніс түрлерінің әлеуметтік маңызы бар тауар түріне жатпайтындығы да сатушылар үшін үлкен мүмкіндік болғанға ұқсайды. Міндет – біреуді даттау емес. Дегенмен, мерекелі күндер әлі де жалғасады. Осыған орай, базардағы өз пайдасын ойлаған сатушылардың мұндай әрекеті де дәл осылай жалғаса беретін болса, қарапайым халықтың жайын кім ойлайды? Халық даналығында «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген нақыл сөз бар. Жергілікті билік өкілдері базар бағасына бақылау жасауды сыбайластық әрекетсіз жүзеге асырып, қара халықтың қамын күйттесе, мұндай жағдайлар да орын алмас еді. Бағаға қатаң басшылық орнықса, мүмкін бұл мақала да жазылмас еді. Алдағы уақытта тиісті сала басшылары бұл мәселені назарға алып, оң нәтиже көрініс береді деп үміттенеміз. Үміт ақталып жатса, билікке деген сенімге де сызат түспесі анық.
Д.Батырхаирова