Ақпараттық портал

Төрағалар белсенділік танытты

Аудандағы жеті мыңнан аса зейнеткердің басын біріктіріп, қоғамдық қозғаушы күштердің бірі болып саналатын аудандық ардагерлер кеңесінің басшылығымен 18 округтегі белсенді ауыл тұрғындары және алқа мүшелерімен өткізген басқосуда мерзімді баспасөзге жазылу мәселесі ,оның ішінде төл газеттеріміз «Ғұмыр дария» мен «Ардагерлер айнасына» жазылу өз нәтижесін беріп отыр.
Біздер, аға буын өкілдері кітап оқып, газет–журналдарға жазылып, алып өскен ұрпақтарымыз. Қазір де мерзімді басылымдардағы жаңалықтарды өз ортамызда талқылап, пікірлерімізді ортаға салып отырамыз. Үлкендер айтпаса, үйретпесе жастар қайдан үйренсін. Жаңалықты радиодан, теледидардан, әлеуметтік желілерден біліп, естіп отырмыз ғой, газеттердің қажеті не дейтіндер де бар арамызда. Газеттерден тек қана ақпаратты оқып қана қою емес, әр мақаладан адамға рухани байлық пен жан дүниесіне күш сыйлайтын, көңіл бөлетін, ой салатын тақырыптар жарық көреді. Оның ішінде «Ғұмыр дария» газетінен тарихи-танымдық, тәрбиелік-тағылымдық және әкелер мен аналар тәрбиесіне, ұлттық құндылықтар, адами болмыс, еңбегімен еленген аталар мен әжелер өмірінен сыр шертетін мақалаларды оқуға болады.
Аудандағы баспасөзге жазылуға тоқталсам, «Ғұмыр дария» газетіне жазылу рейтингі: Төле би ауылының төрағасы М.Құрманбеков, Шоқпар ауылының төрағасы Қ.Шалбаев, Қорағаты ауылының төрағасы Т.Жексенбиев, Ақсу ауылының төрағасы А.Инкарбеков, Бірлікүстем Ә.Ташметов, Далақайнар Б.Устемиров, Абайдан Т.Байгесиев, Бірліктен Нұржанов, Балуан Шолақтан Текебаев, Жаңақоғам Қонаев, Көкқайнар, Ақтөбе, Белбасар, Тасөткел, Жаңа жол, Дулат, Алға қариялары газетке жазылды, бұл төрағалардың белсенділіктерінің нәтижесі. Әлі де болса ауыл ағалары өздері бас болып, жастарды кітап оқуға, газет оқуға баулулары өте қажет. Біздер тура жолға сілтемесек, кім үйретеді? Дәл осы орайда «Ғұмыр дария » сияқты айтар өнегелі сөзі бар, салмақты ойы бар, айқын мақсаты бар газетті жазып алып оқу елге керек–ақ.
Құрметті аталар мен әжелер! Жастарды, оқушыларды, студенттерді үлкендердің сөзіне құлақ түріп, ақыл-кеңесін тыңдап, кітап оқуға, газет-журнал оқуға баулу – біздің парызымыз. Біз өзіміз оқып отырып, оларға түсіндіруіміз қажет. «Олар оқымайды» деп қарап отыруға болмайды. Немерелеріміз бен шөберелерімізді бастауыш сыныптан бастап кітап оқуға баулуды қолға алайық! Әр отбасындағы әке мен ананы баласына кітап оқуды үйретуге шақырамын!
Затыхан Даберов,
аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыру-әдістемелік
тұрақты комиссия төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.