Ақпараттық портал

өнер мен білім ордасы

Өз жұмысын 2002 жылы бастаған өңіріміздегі «Өнер мектебі» КМҚК бүгінде білім мен өнердің үлкен ордасына айналған. Қазіргі таңда мұнда 1978 жас жеткіншек білім алуда. Білім ұясынан түлеп ұшқан түлектердің алды елімізге танымал өнер майталмандары қатарынан көрініп жүр.

Мұндағы үйірме жалпы төрт бағытта жұмыс жасайды. Олар – тіл-танымдық, көркем-эстетикалық, спорттық-сауықтыру, компютерлік графикалық бағыттар. Мекемеде үйірме саны 12 болса, топ саны 157. Ал, педагогтар құрамы 49, білім деңгейі бойынша жоғарғы білімді – 43, арнаулы орта білімді 6 қызметкер жұмыс атқарады. Директордың міндетін атқарушы, білікті ұстаз А.А.Ақжолованың басшылығындағы өнер ұжымының мақсаты – ұлттық құндылықтарды сақтау, дәріптеу десек, бүгінде мектеп сол мақсатынан айныған жоқ. Бұл ортада ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, елін өркендетуге үлес қосатын жас өрендер көптеп өсіп келеді.
Жуырда аталмыш өнер ордасының ашылғанына 20 жыл толуына орай, Өнер мектебі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты Көркем сурет галереясында «Шебердің қолы алтын» атты жеке көрме өтті.
Шара барысында мектеп мұғалімдерінің шығармашылық туындыларынан құралған 130-ға жуық қолөнер бұйымдары қонақтар назарына ұсынылды. Онда тоқыма өнерінен бастап, қылқалам шеберлерінің үздік шығармалары қойылды.
Қазақтың рухани құндылықтарын дәріптеп, талай жас жеткіншектің өнерге деген қадамына себепкер болған мектептің 20 жылдық мерейтойына облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары М.Нысанбаев, облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары А.Рахымберді және облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізу орталығының директоры Б.Ертуғанова арнайы құттықтауларын жолдап, ізгі тілектерін білдірді.
Жоғарыда аталған көрмеге жергілікті суретші, мектеп ұстазы Б.А.Малдыбаев та 50-60-қа жуық өзінің туындыларын қойды. Оның ішінде «Туған жер – тұғырым» тақырыбындағы жұмыстары бар.
Бала кезінен өнерге құштарлығы оны ауыл өмірімен байланыстырып, майлы бояумен нақышы келтірілген сурет салуға бейімдеді. Б.Малдыбаев келешекте республика көлемінде дәл осындай шығармашылық көрме ұйымдастыруды армандайтынын жасырмады.
Шара барысында атаулы мекеме басшыларының атынан өнер мектебінің ұжымы мен жекелеген қызметкерлер Алғыс хатпен марапатталды.
Ал, көрменің басты мақсаты – талантты қылқалам шеберлеріне барынша қолдау көрсету, олардың жұмыстарын жас ұрпаққа үлгі ретінде насихаттау, еліміздегі бірлік пен ынтымақты, ұлтаралық достықты сақтауға, дамытуға, үлес қосу екендігін айта кетуді жөн көрдік.

Жұмахан Төлеуұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.