Ақпараттық портал

«Жасыл ел» жасағы іске кірісті

Қазіргі таңда жастарды тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтуға арналған түрлі бағдарламалар мен жобалар бар. Солардың бірі – «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымдық жұмысы. Аталған бағдарламаны ауданымызда жүзеге асырушы қос мекеме бар. Бұл жұмысты алғашқы болып Шу қалалық жастар ресурстық орталығы қолға алса, жуырда аудандық Жастар ресурстық орталығы іске кірісіп отыр.

Қуат Ақбаев басқаратын қалалық Жастар ресурстық орталығы сәуір, мамыр, маусым айларында қала жастарын маусымдық жұмыспен қамтып, саябақ пен сквеерлерді, өзге де қоғам көп шоғырланатын орындарды ретке келтірген. Маусымдық жұмысқа тартылған 76 жас 3 айдың ішінде 10 гектар аумақтан 9 тонна күл-қоқыс шығарған. Сонымен қатар, тал дарақтар отырғызған.
Қазіргі уақытта аудан орталығындағы М.Жүнісәлиев атындағы саябақта да қауырт тіршілік жүруде. Онда 30-ға жуық жас еңбек етуде. Орталық директоры Ғани Қойбағаровтың айтуынша, бұл 16-35 жас аралығындағы жастарға арналған маусымдық жоба. Биыл жоба аясында 100 жасты жұмыспен қамту жоспарланған екен. 3 айға созылатын маусымдық жұмыстың жалақысы 70 мың теңге көлемінде. Осы уақыт ішінде жастар орталық саябақты, аллеяларды тазартып, елді мекенді көгалдандырумен айналыспақ.
2021-2025 жылдарға арналған «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын, Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары, мемлекетік жастар саясаты туралы Заңын іске асыру аясында Шу ауданында «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымдық жұмысы өз жалғасын жыл сайын жүргізіп отырады. Аталмыш бағдарлама жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ–сі жүзеге асырады. Мұны орталық басшысы әрі аудандық мәслихат депутаты Ғани Бірлікұлы айтып отыр.
Бүгінгі таңда қоғам талқысындағы өзекті мәселе – жастардың тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыру екені сөзсіз. Ал, туған жерді аялауда «Жасыл ел» еңбек жасағының жұмысы ауадай қажет. «Жасыл ел» еңбек жасағында белсенді жұмыс істеп жүрген жастың бірі – Азамат Қарауыл. Ол №10 Шу колледжінің студенті. Оның белсенділігін жетекшісі де жоғары бағалайды.
-Бұл маусымдық жұмыс біз үшін үлкен мүмкіндік. Еңбек жасағында жүріп ең алдымен туған жердің табиғатын таза ұстауды үйреніп, жаңа достар тапқаным үшін қуаныштымын. Мұнда алатын жалақымды оқу жылына даярлық үшін жұмсаймын, сол арқылы ата-анама аз да болса септесемін. Жұмыс айтарлықтай ауыр емес. Күніміз көңілді өтеді,-дейді шулық жас.

Б.Емберді

Leave A Reply

Your email address will not be published.